Конференция аясында Қазақстандағы май өндірісін дамытудың жағдайы мен перспективалары, әлемдік нарықтағы сұранысы сияқты мәселелер қаралды. Жиын барысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндама жасап, соңғы 10 жылда майлы дақылдар алқабының көлемі 2,5 есеге өскенін жеткізді.
«Соңғы 10 жылда майлы дақылдар алқабының көлемі 2,5 есеге өскен. Өсімге зығыр алқаптарын 5 есеге, соя алқаптарын 2 есеге, мақсары майын 39 пайызға кеңейту нәтижесінде қол жеткізілді. Тұрақты сұраныс арқылы майлы дақылдардың экспорты жыл сайын артып келеді. Бүгінде біз майлы дақылдардың 40 пайызын шикізат түрінде экспорттаймыз. 2018 жылы шикізат экспортының көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 21,6 пайызға, 2016 жылмен салыстырғанда 73,4 пайызға өсіп, 1 млн тоннаны құрады», деді С.Омаров.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде республикада жалпы қуаты жылына 2 млн тонна майлы дақылдарды өңдейтін 52 кәсіпорын бар екен. Ағымдағы жылдың 9 айында тазартылған және тазартылмаған майлардың өндірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға артып, 343,5 мың тоннаны құраған. Соңғы 5 жылда тазартылмаған зығыр майын өндіру 34 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы министрі алдағы уақытта дайын өнімдерді экспорттау міндеті тұрғанын, осы мәселені шешу үшін тыңайтқыштарға, тұқымдар мен гербицидтерге жеңілдетілген кредит беріп, сондай-ақ, субсидияларды қаржыландыру арқылы аталған саланы қолдау жалғасатынын айтты.
Конференция бағдарламасы үш негізгі сессиядан тұрды. Біріншісі, «Қазақстанның май саласын дамытудың қазіргі жағдайы және болашақтағы дамыту стратегиясы», екіншісі, «Май және қайта өңдеу нарығының 2019/2020 жылғы перспективалары» және «Май дақылдары өндірісінің болашағы». Сондай-ақ «Қазақстан әлемдік май дақылдары нарығының негізгі үрдістері, тұтыну нарықтары» атты пікірталас алаңы жұмыс істеді. Басқосу барысында май нарығы бағытының өзекті мәселелерін талқылау үшін бірқатар танымал қазақстандық және шетелдік сарапшылар сөз сөйледі.
Солардың ішінде «Қазақстан май-тоңмай одағы» қауымдастығы» ЗТБ президенті Константин Невзоров майлы дақылдар саласын дамыту қарқыны туралы баяндады.
«Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2030 жылға дейін май-тоңмай саласын дамыту бағдарламасын әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс басталды. Министрлік базасында жұмыс тобы құрылды. Оған ірі зауыттар да қатысып жатыр. Жалпы, бұл бағытта саладағы жағдайға ауқымды талдау жасап, проблемаларды айқындадық», деді К.Невзоров. Оның сөзіне қарағанда, майлы дақылдарға арналған егістің аумағы айтарлықтай артады. «Саланы дамыту бағдарламасында 2019-2021 жылдар бірінші кезең, 2022-2025 жылдар – екінші кезең, 2026-2030 жылдар – үшінші кезең ретінде белгіленді. Осы орайда біз өзімізді майлы дақылдармен, өсімдік майымен толықтай қамтамасыз етіп, дайын өнім экспортына жан-жақты шығамыз. 2030 жылға қарай майлы дақылдардың егістері 5 миллион гектарға дейін артады деп жоспарлануда», деді Қазақстан май-тоңмай одағы» қауымдастығы» ЗТБ президенті.