Әлем • 07 Қараша, 2019

Балқар халқының ұлы ақыны – Кязим Мечиев

915 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

...1999 жылдың күзінде Талдықорған қаласына солтүстік Кавказдағы Кабардин-Балкар республикасынан арнайы делегация ұшып келіп, екі ел арасындағы келісім бойынша Қаратал ауданындағы ескі зираттардың бірінен Балкар халқының ұлы ақыны Кязим Мечиевтің сүйегін қазып алып, қараша айының бірі күні, таңғы сағат алтыда өз елдеріне қарай ұшып кетті.

Балқар халқының ұлы ақыны – Кязим Мечиев

Он тоғызыншы ғасырдың орта ше­нінде Қап тауларының бөктеріндегі Шекі ауылында тұратын Беккі ұстаның отбасында сол аяғы оң аяғынан әлдеқайда қысқа сәби шырылдап дүниеге келді. Шіл­деханаға жиналған жұрт оған Кязим деп ат қойып, байғұс баланың болашағы енді қалай болар екен десіп, бас шай­қасып тарқасты.

Олар әрине, келешекте Кязимнің мұсылманша сауат ашып, шығыс поэзия­сының жарық жұлдыздары Низами, Физули, Саади, Руми жырларымен сусындап, өзі де өлең жазып, Меккеге екі рет сапар шегіп, Ыстанбұл, Бағдат, Да­маск қалаларын таяққа сүйеніп жүріп-ақ аралап, ғылым-білім іздеп, туған елінің бақыты мен мұңын жырлап, балкар халқының ұлы ақыны атанатынын ол кезде, әрине, білген жоқ.

Уақыт өте келе ақынның қаламынан туған жырлар ән болып қалықтап, Қап тауының алқоңыр кештерінде алысқа естіліп жатты. Оны тыңдаған елдің көңі­лі толқып, көзіне жас іркілді. Кязим жырлары өз халқының кеудесіндегі арманын, аңсарын қозғады. Сондықтан да, оны әрбір балкар өз жүрегінен шыққан ән-жыр есебінде қабылдады.

Жиырмасыншы ғасырда талай нәубетті басынан кешкен тау халықтарын Кязим ақын әрдайым сабырлы, төзімді болуға, Алла тағаланың ақ жолынан адаспауға шақырды. Кеңес заманының белсенділері оны діншіл, құдайшыл ақын ретінде түрмеге жауып: «Жаңа үкімет – атеистер үкіметі, ендеше, сен неге намаз оқисың, бұл бізге көрсеткен қар­сылығың ба?» деп дүрсе қоя берген шақта Кязимнің: «Менің намаз оқуым сіздерге деген қарсылығым емес, Алла жолындағы адалдығым, мыз­ғымас се­німім. Ол сенім өз отаныма деген сүйіс­пеншілігімді нығайта түседі», деп жауап қатқанын бүгінгі ұрпақ аңыз қы­лып айтады.

1943 жылдың қазан айынан бастап 1944 жылдың маусымына дейінгі аралықта сталиндік қатал саясат «неміс басқыншыларымен сыбайлас болды» деген жалған желеумен Кавказдағы қырым татарларын, чешен, ингуш, қарашай, бал­кар халықтарын түгелдей Сібірге жә­не Орталық Азияға жер аударғаны белгілі.

Таудағы балкар ауылдарына келген әскерилер Кязимнің өзімен бірге алып кетпек болып, буып-түйіп қойған кітап­тарын шашып, аяғымен таптап өткенде, қарт ақынның жер тізерлеп отырып жы­лағанын туған немересі Узеир өз есте­лігінде ашына отырып айтады.

Азап вагондарында аштықтан, ауру­дан қырылып, жадап-жүдеген балкар халқының басым бөлігін большевиктер Қазақстанға, қалғандарын Қырғызстан мен Өзбекстанға орналастырады.

Міне, сөйтіп Кязим ақынның отбасы мен жақын туыстары сол кездегі Талды­қорған облысы, Қаратал ауданын­дағы колхоздарға қоныс тебеді. Өздері аш отырғанына қарамастан оларға бауырмал қазақ елі қолындағы барын ұсынып, көмек беруге тырысады.

Жайылымдағы малшылар қауымы: «Бізге келіп, сүт алып кетіңдер», деп шақырады. Сол кезде балкарлар әлгі сүтті құйып алатын ыдыс таба алмай қи­налғандарын әлі күнге дейін ұмытпайды.

Бірде қазақтардан алған азын-аулақ сүттен ұйытқан айранды басқаларға қалдырмай, түгел ішіп қойған немересіне Кязим ақын сұстана қарайды. Сонда Узеир: «Ата, біздің елдің айранына қат­ты ұқсайды екен. Содан кейін шыдай алмай, қалай тауысып қойғанымды өзім де білмеймін», депті жыламсырап.

Бұл сөзді естігенде ақынның жүрегі елжіреп, көзіне жас келіп, немересінің басынан сипап, ойланып қалады. Тап сол кезде оның көз алдына өзінің туған жері, Қап таулары елестеп, кеудесінде сағыныш сазы күмбірлей жөнелгені анық-ты...

Жасы сексен алтыға қараған шақта, 1945 жылдың 14 наурызы күні Кязим ақын дүниеден өтті. Оны ақтық сапарға шығарып салуға көп адам жиналды.

Ақынның бүгінде көзі тірі немересі Таука Мечиев жетісулық Бейсенбек Қосыбаев деген кісінің: «Сол жылы наурыз айында мен әскерден оралған едім. Соғыстан аман-есен, тірі келгеніме қуанып, әкем той жасаймын деп отырған болатын. Бірақ, Кязим ақынның қайтыс болуына байланысты тойды кейінге қалдырдық», деген естелігін есінде мықтап сақтап қалыпты.

 * * *

Биыл қазан айының 30-ы күні Кабардин-Балкар республикасының астанасы Нальчик қаласында балкар халқының ұлы ақыны Кязим Мечиевтің 160 жылдық мерейтойы аталып өтті. Кешкілік қала орталығындағы Музыка театрына жиналған ел ақын жырларымен мейірі қанғанша сусындады.

Бұл күні Кязим Мечиевтің жырлары тек балкар тілінде ғана емес, орыс, қазақ, татар, башқұрт, құмық тілдерінде де асқақтады.

«Біз қазақ еліне дән ризамыз. Олар­дың бізге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз!» деп туыстық, достық пейіл білдірген балкар елі белгілі қазақ ақыны Бақытжан Абыз тәржімалаған Кязим жырларын ыстық ықыласпен тыңдап, шын жүректен дүркірете қол соқты.

Жуарсыңдар сүйегімді арулап,

Аттандырып мені соңғы сапарға,

Жоқтарсыңдар дауыс салып арындап,

Көз ілместен тағы бір таң атарда,

 

Қазарсыңдар лақатымды жапырлап,

Сендерсіңдер мәйітімді көтерер,

Көмерсіңдер топырақпен ақымдап,

Тірілердің парызы бұл өтелер.

 

Ей, жамағат және дос-жар ағайын

Сендерге арнап бұрмақ

Кәзім сөз басын:

Тар жолда кешсең тағдыр талайын,

Аман алып шығар сені жолдасың.

 

Күш пен қуат – ынтымақта, бірлікте.

Ғадауатсыз мағына жоқ тірлікте.

Жағың түспей еш жамандық көрме сен,

Шаңырағыңа еш пәлекет келмесін.

 *  *  *

Келесі күні балкарлықтар қонақтарды Кязим ақын туған өлкеге – Черек ауданына алып барды. Олар ақынның жол айрығындағы тастан қашалған биік ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Содан кейін Кабардин-Балкар рес­публикасының жүз кереметінің бірі саналатын әйгілі Көгілдір көлдің жа­ғасында поэзия кеші болып өтті.

Балкар ақындары бізге бұл көлдің тереңдігі әлі күнге дейін анықталмай келе жатқандығын айтып, Кязим ақын жырларының мазмұны да осынау таң­ғажайып көл секілді терең әрі тұңғиық емес пе деп сыр ақтарды.

 

АЛМАТЫ – АҚТАУ – МИНЕРАЛЬНЫЕ ВОДЫ – НАЛЬЧИК – МИНЕРАЛЬНЫЕ ВОДЫ – НҰР-СҰЛТАН – АЛМАТЫ