– Кейбір әріптестерім «жастайымнан әскери болғым келді» деп жиі айтып жатады. Осы салаға ерте бастан аңсары ауғандар шынымен бар. Алайда менің бала күнімде ондай сезім де, ой да болған емес, – дейді біздің кейіпкеріміз. – Бірақ тағдырдың айдағанынан басқа ешқайда кете алмайды екенсің. Әрбір адамның өз маңдайына жазылған ерекше тағдыры бар.
Бақытжан аға алақандай ғана ауылда өсті. Әкесінен ерте айырылып, жетім қалды. Әйтсе де ағайынның арқасында жетімдік тауқыметін сезген жоқ. Анасының алақанын, ел-жұрттағы ақсақалдардың тәрбиесін еш ұмытқан емес. Бақытжан ағаның әкесі өңірге сыйлы жан болған. Сондықтан болуы керек, жасынан «өскенде әкем құсап колхоз бастығы боламын» деп ойлайтын. Алайда тағдыр оған өзгеше жолды нұсқады. Жұрт қатарлы қалаған институтқа түсуге жағдайы келмеді. Дегенмен әскер саласында «киімің тегін, тамағың тоқ» деген соң, жалғыз анасына салмақ келтірмейтін жол осы екен деген оймен бір күннің ішінде ешкімге тіс жармастан құжаттарын алып, 1969 жылы Ташкент қаласына барып, оқуға түсті.
– Әскери ғұмырым осылай басталды, – деп Бақытжан аға өз естелігін жалғастырды. – Дегенмен әскери болғым келмесе де бұл сала маған жат емес еді. Сондықтан болар, қатаң тәртіпке де, жауапкершілікке де тез көндіктім. Маған жат болмайтын себебі, қаным қазақ болған соң, намысты қашанда ту ететінмін. Батыр Баукеңнің ауылында туып-өскендіктен, сондай батыр болсақ деген зор арман көкейде әр кез тұрды. Баукеңмен мақтанып, соған ұқсасақ, әскери тәртіптілігі жағынан ғана емес, халқының алдындағы азаматтығы жағынан да сол деңгейден көрінсек деп тілейтінбіз. Сөйтіп намыстың, рух пен Баукең тәлімінің тартуы арқасында өзімізді қамшылап оқыдық. Оны бітірген соң әскери қызметке етене араласып та кеттік.
1969 жылғы 2 қарашада Бақытжан аға салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Халқымыздың ардақты ұлы Бақытжан Ертаевтың әскери қызметті бастап, ант қабылдағанына – 50 жыл. 1973 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін тәмамдаған. 1973-1980 жылдары Орталық Азия әскери округінде взвод, рота командирі, 1981-1982 жылдары Кеңес әскерлерінің Ауғанстандағы шектеулі контингентінде батальон командирі міндеттерін атқарды. 1985 жылы Мәскеудегі әскери академияны бітірді.
Әскер қатарында жүргенде соғысты көремін деп еш ойламаған екен. Бұл да – сол тағдырдың жазуы. Соғыстың басталуы, шығу тарихы әрқилы болғанымен, оның табиғаты бір ғой. Кез келген соғыс шығыннан тұрады. Ендеше, соғыстағы командирдің бар тілегі – шығынның мейлінше аз болуы.
– Ауғанстанда тау шатқалдарын қиялай кесетін Онар өзенінің жанында біздің батальон орналасты. Сол батальонға аға лейтенант шенінде жүріп-ақ командир болдым. Негізі, көбінесе майор, подполковниктер «комбат» болушы еді. Алайда маршал Соколов таулы аймақтағы әскери іс-қимылдарыма қарап, ұсынған тактика түрлерін ұнатып, оны жоғары бағалағандықтан командирлікке мені таңдады, – дейді Бақытжан аға.
Ауған соғысына қатысушылардың өздері соғысты тілемесе де Отан алдында берген анттары бар болатын. Сондықтан батальонды басқаруда Бақытжан ағаға жігіттерді ұдайы жігерлендіріп тұруға тура келді.
– Соғыста шығынның мейлінше аз болуын ойладым. Сол үшін, ең алдымен, бізге жергілікті жұртпен достық қарым-қатынаста болу ауадай қажет еді. Осыны басшылыққа алып, сарбаздарға бірінші талап ретінде ауған жұртының дінін, ділін, тарихын сыйлауды үйреттім, – дейді ол.
Мұның нәтижесі де жаман болған жоқ. Кейіннен 1982 жылы «Комсомольская правда» газетінің тілшісі Снегирев бұл жайында жазды.
Бақытжан Ертаев басқарған батальонға қарайтын бір жауынгер абайсызда танкімен мешіттің бір шетін қиратып кетеді. Содан жергілікті халық әлгі оқиғаға қарсы өре түрегеледі. Кейін әңгімені ушықтырмай, адамшылықты ғана емес, мұсылманшылықты да білдіріп, мешітті қалпына келтіріп береді. Бұған жергілікті жұрт қатты риза болады.
– Кейіннен әлгі тілші сол маңдағы тоғайға Бақтияр деп менің атымды бергенін жазған еді. Шынымды айтсам, ауған жұртының тарихын, дінін сыйлатқан тірлігіме қарап, сол ауылдағы ақсақалдар да бізге оң қабақ танытты деп білемін. Олармен араласып тұрдым, сөйлесіп жүрдім. Өздері маған қай жерде дұшпан өтетінін, қай жерлерге мина қойылғанын айтып тұратын. Тіпті 200 шақырым жердегі Жалалабадқа еш қорғаушысыз, жалғыз жүргізушімен ғана бригадаға барып қайтқаным бар. Бұл сыйластықтың арқасында орын алған дүние еді. Ал ондай мәселеде қазақ жігіттеріне деген ықылас ерекше болғанын айта аламын, – деген сөздерді Бақытжан аға мақтанышпен айтты.
Б.Ертаев 1997-2000 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, Қорғаныс министрінің міндетін атқарды. Ол «Қызыл Жұлдыз» «Отан», «Даңқ» ордендерімен марапатталды. Взвод командирінен бастап Қорғаныс министрінің міндетін атқарушыға дейінгі барлық лауазымдарды абыроймен атқарды, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қалыптастыруға, реформалауға елеулі үлес қосты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2008 жылдың 15 желтоқсанында Б.Ертаев «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Жоғары награданы өз қолымен тапсыру сәтінде Елбасының: «Бақытжан Ертаев – Қазақстан өз тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден менің шақыруыммен елімізге келіп, Қазақстан Қарулы Күштерінің іргесін қаласқан офицерлердің бірі. Біз бүгін оның ерен еңбегі мен әскери ерліктерін жоғары бағалап, Отанымыздың ең жоғары наградасын тапсырғалы отырмыз. Бұл – еліміздің Қарулы Күштеріне деген үлкен құрметіміз бен сенімімізді білдіреді» деуі оның батыр ғана емес, әскери саланың хас шебері және Отанымыздың нағыз патриоты екендігін толық аңғартады.
– Менің әскери сапта жүргеніме 42 жыл болыпты. Оның 20 жылын Қазақстан Қарулы Күштеріне арнадым. Осы жылдары еліміздің Қарулы Күштері өңірдегі ең беделді межеге көтерілді, – деді генерал-лейтенант.
Қазіргі кезде Б.Ертаев Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде еліне қызмет етуде. Ол Ауған соғысына қатысқан ардагерлермен, сондай-ақ соғыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларымен хабарласып тұруды, көмек көрсетуді өзінің азаматтық борышы деп есептейді. «Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілерімен де жиі-жиі кездесіп, олардың жауынгерлік рухын көтеруге, ұлттық тәрбие алуына аса мән береді. Патриоттық тақырыптағы қандай да бір іс-шара болмасын барлығына қатысуға уақыт табады.
– Батырлар еш нәрседен қорықпайды деп айта алмаймын. Мен де қорқамын. Жағымпаз, жылтыр адамнан қорқамын. Опасыздар мен таққа таласып бәрін сата салатын адамдар да мен үшін қорқыныш тудырады. Әрине, оларды білмей, байқамай қалуым мүмкін, сол жағынан олар маған қорқынышты. Мен бір сөзімде «батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды» деп едім. Ал тақ – бұл Отанымыз, еліміз. Соны қорғауымыз керек. Бабадан қалған өлкені сыйлау қасиетіміз де кеміп бара жатқандай. Бұл да қорқынышты, – деген Бақытжан Ертаев одан әрі сөзін былай жалғады, – Ертеңім үшін ұялмауым керек. Сол үшін бүгін күрескен абзал. Қасымдағы достарыма, туыстарыма, еліме сыйлы болуға тырысамын. Мен мәңгілік емеспін, өзекті жанға бір өлім бар. Бірақ сол заманда мен туралы жаман сөз өрбімесе екен деп тілеймін. Менің өмірлік ұстанымым – осындай игіліктер үшін күресу.
Кезінде талай адамның тағдырын тәлкекке айналдырған Ауған соғысының алғашқы жылдарында сан түрлі қауіпті әскери жорық жолынан өткен, «мұсылман командир» атанған, қазіргі уақытта да елінің, халқының алдында берген антынан таймай, үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан Бақытжан Ертаев қандай құрметке болса да лайықты деп білеміз.
Ерсайын ЕРНАЗАРҰЛЫ