Қоғам • 07 Қараша, 2019

Алматыда «Денсаулық сақтаудағы инновациялар» халықаралық форумы өтіп жатыр

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда екі күндік «Денсаулық сақтаудағы инновациялар» халықаралық ғылыми форумы өз жұмысын бастады. Іс-шара Президент Іс Басқармасының медициналық қызметінің 90 жылдығына арналды.

Алматыда «Денсаулық сақтаудағы инновациялар» халықаралық форумы өтіп жатыр

Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой: «Новаторлық және прогрессивті жобаларға талпыну, медицина ғылымының және техниканың озық жетістіктерін пайдалану, аса күрделі клиникалық-диагностикалық мәселелерді шешу мүмкіндігі – медициналық орталық мамандарына айрықша тән қасиет», - дейді.

Форумның пленарлық отырыстарында денсаулықты жылдам қалыпқа келтіру мен функционалдық ұзақ өмір сүруді қамтамасыз ететін диагностика, емдеудің ең жаңа жоғары дәлдік әдістері, сәулелік диагностикадағы инновациялық технологиялар, көлік медицинасына арналған технологияларды дамыту, онкологиядағы дербестендірілген диагностика, радиацияны қауіпсіз қолдану технологиясы негізінде жапондық клиника мен Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының клиникалары арасындағы ынтымақтық мәселелері талқыланып отыр.

Медициналық орталық ең жаңа жоғары технологиялық, диагностикалық, клиникалық және зертханалық құрал-жабдықтарды амбулаториялық, стационарлық және оңалту кезеңдерінде пайдалануға ерекше көңіл бөледі.

«Ауруларды ерте анықтаудың, оларды дер кезінде және сапалы емдеудің, науқастарды сауықтыру мен оңалтудың қалыптасқан дәстүрлі әрі жауапты тәсілі Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық қызметіне еліміздің денсаулық сақтау саласында танылған нағыз көшбасшы атауына ықпал етті», – деді ҚР Президентінің Іс Басқарушысы Ерлан Баттақов.

Форумда АҚШ, Ресей, Израиль, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Түркия, Люксембург, Германия мен еліміздің жетекші ұйымдарынан келген хирургия, ядролық медицина, емханалық және стационарлық қызмет және басқа да клиникалық-диагностикалық бағыттар жөніндегі мамандар денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасап, шеберлік дәрістерін өткізуде.

 

 

АЛМАТЫ