Қарызды еуромен және доллармен алған
Холдингте болатын өзгерістер туралы баяндау үшін журналистермен арнайы жүздескен «ҚазАгро» АҚ басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев 4 еншілес компанияны оңтайландырып, 1 100 қызметкер қысқартылатынын жеткізді.
«ҚазАгро» құрылған 12 жылдың тек соңғы 3 жылында ғана шығынға батқанын айтып ақталуға тырысты. Е.Қарашөкеев «Агробизнес-2020» бағдар-
ламасы арқылы шаруалардың екінші деңгейлі банктерден алған қарызын қайта қаржыландыруға тура келгенін, осы мақсатта шетелден 700 млн еуро және 1 млрд доллар алып, отандық фермерлерге қаржылай қолдау көрсетілгенін айтты.
– Бұл 2017 жылы болған жағдай. Кейіннен еуро және доллардың құны қымбаттап, бағам айырмашылығы бізге ауыр тиді. Үш жылдың ішіндегі шығын 400 млрд теңгеге жетті. «ҚазАгроның» өз шығыны – 118 млрд теңге. Қайта құрылымдау арқылы 2021 жылдың қаңтарына дейін шығын толық өтеледі деп жоспарлануда. Қазір холдингтің сыртқы қарызы жоқ. Оның барлығы өтеліп, жабылды. Ішкі қарызға келсек, бұл 700 млрд теңге көлемінде. Бұл сома тоқсан сайын төленіп жатыр. Қайта қаржыландыру барысында 560 млрд теңге ұлттық қордан, сондай-ақ әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан алынды, – деді компанияның басшысы.
2018 жылы холдинг инвестициялық жобаларға, көктемгі дала жұмыстарына, сол секілді аграрлық сектордың басқа да маңызды бағыттарына 400 млрд теңге бөлген-ді. Екінші деңгейлі банктер 80 млрд теңгеге жуық қаражат қана берген. Демек, қаржы институттары ауыл шаруашылығына тиесілі несие көлемін қысып жатыр деп есептейді «ҚазАгро» өкілдері.
– Былтыр бюжеттен 80 млрд теңге берілді. 5 жылдың көлемінде 560 млрд теңге алған едік. Бұл қаражаттың 230 млрд сомасы жарғылық капиталға бағытталып, қалған сома несие ретінде жұмсалды. Қазақстанда егістікке арналған алқаптың көлемі 20 млн гектар екенін ескерсек, көктемгі дала жұмыстарына 60 млрд теңге жеңілдетілген несие беріледі. Бұл ақша тек 3 млн гектарға ғана жетеді. Тиісінше қалған қаражатты басқа жақтан іздеуге тура келеді. Диқандарға тиесілі соманы біз түгел таратамыз. Бөлінген ақша мардымсыз болғандықтан, оны әдейі бермей отырғандай жағдай қалыптасады. Бұл қаражатты бюджет пен несиеден түсетін табыс есебінен көбейту қажет, – деді Е.Қарашөкеев.
Шетелдік ТОП менеджерлерді тартады
Жоғарыда айтылғандай, «ҚазАгро» 4 еншілес компанияның жұмысын тоқтатып, бір мыңнан астам қызметкерін қысқартпақ ниетте. Осы арқылы холдинг 2 млрд теңгеге жуық қаржы үнемдеуді межелеп отыр.
– Осы кезеңге дейін 7 еншілес компания жұмыс істеп келді. «ҚазАгроМаркетинг» компаниясының қазір жұмысы тоқтады. Сол секілді «ҚазАгроӨнім» компаниясы да қысқартылмақ. Тағы үш ұйым жыл соңына дейін қысқартылады деп күтілуде. Келесі жылы қосымша бір компанияның жұмысын оңтайландырып, 3 еншілес компанияны қалдырамыз. Яғни 1100 қызметкерді қысқарту күтіп тұр.
Жыл сайын «ҚазАгроның» әкімшілік шығындары 4 млрд теңгеге жететін. Оның ішінде кеңсе жалдау, қызметкерлерге айлық төлеу де бар. Оңтайландырудан кейін 2 млрд теңгеге дейін үнемделеді деген сенімдеміз. Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие» компаниялары жұмыстарын әрі қарай жалғастырады, – деді «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы.
Компания басшысының айтуынша, холдингтің тиімділігін арттыру үшін шетелдік менеджерлердің тәжірибесін пайдалану көзделіп отыр. Алайда сырттан келетін мамандардың жалақысы төмен болады деп сендірді.
– Директорлар кеңесінде стратегиялық жоспарлау, аудит, сондай-ақ кадрлық мәселелер жөніндегі комитет жұмыс істейді. Осындағы тәуелсіз директорларды шетелдік мамандар алмастырады. Қазір құжаттары рәсімделіп жатыр. Қарашаның соңына дейін олар директорлар кеңесінің құрамында болады. Атап айтқанда, ұзақ жылдар Еуропа қайта құру және даму банкінің құрамында Қазақстанға жауапты маман болып жұмыс істеген Майкл Вайнштейн, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Қазақстанның Инвестициялық Қоры» АҚ және Allur компаниялар тобының тәуелсіз директоры Игорь Абрамов және «Германия азық-түлік және ауылшаруашылық саясаты федералды министрлігі жанындағы Қазақстан-Германия аграрлық саяси диалогы» жобасының жетекшісі Йорг Андреас Динкелакер компанияның табысын еселеуге септеседі, – деді Е.Қарашөкеев.
Жақсы қызметкерлерді ұстау қиын
Е.Қарашөкеев холдингтегі еңбекақы туралы айтып, тәжірибелі мамандарды ынталандыру оңайға соқпайтынын жеткізді. Сөз арасында басқарма төрағасы өзінің қызметтік жалақысын да айтып қалды.
– Ай сайын 800 мың теңге аламын. Холдингтің алдында тұрған міндеттерді ескерсек, бұл қаншалықты жоғары екенін білмеймін. Жеке секторды есепке алмағанда, бұл елдегі холдингтердің ішінде ең төменгі айлық. Біздің еншілес ұйымдардың кірісі жаман емес. Сіздерге несие беруді автоматтандыру жүйесін қалай енгізетінімізді көрсетеміз. Осыны мамандар жасайды. Сол себепті еншілес ұйымдарымыз сыйақы төлейді. Неге десеңіз, мықты мамандарды ұстап тұру қиын. Екінші деңгейлі банктер жақсы мамандарға бонус және сыйақы төлейді. Сондықтан қызметкерлеріміздің жалақысы жоғары, – деп түйіндеді «ҚазАгро» басшысы.