100 • 08 Қараша, 2019

Ғасырлық тарих таразыланды

782 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ғасырлық тарих таразыланды

Тұғыры биік тұлғалар

Тар заманда тағдыры талқыға түссе де ұлттың мүддесін ұлықтаған  тұлғалардың ерлігі әр кез ұрпақ жадынан өшпек емес. Міне, сондай қайраткерлердің шо­ғы­рында заманынан оза туған Алаш арыстары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың ерлігі мен еңбегі бір бөлек әлем. Биыл қос арысымыздың туғанына 125 жыл толуы республикалық деңгейде әр өңірде атап өтілуде. Дегенмен, Шым­кент қаласында алаштанушы ғалымдар мен зиялы қауым бас қосқан бұл жиын­ның жөні бөлек, жосығы ерек.

Қос тұлға да қазақ баспасөзінің қа­лыптасуына ықпал етіп, басшы­лық қызметтер атқарған, қазақ журналисти­касының көшін өрге сүйреген қайраткер азаматтар. Екі қайраткер де Алашқа ой салар, ұлтының көкірек көзін ашар ағар­тушылық бағытта еңбек етті.

Шымкент шаһарының төрінде  Алаш­­қа адал асыл перзенттердің 125 жылдығына орай «Тұғыры биік тұлғалар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдас­тырған конференцияны «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» акцио­нерлік қоғамының басқарма төра­ғасы Д.Қыдырәлі жүргізді. Келелі жиында Шымкент қаласының әкімі  Ерлан Айтаханов тұшымды баяндама жасады. 

«Туған елінің тәуелсіздігін армандап, сол үшін жанын пида еткен арыстарымыз Т.Рысқұлов пен С.Қожанов ұлысымның ұйытқысы саналатын Оңтүстік өлкесінен, соның ішінде қазақ елінің тарихы мен тағдырында ерекше орны бар қазыналы Қаратаудың екі басында бір жылы дүниеге келіп, бір жылы қапияда қаза тапты. Ұлы бабаларымыздың атамекені шежіре мен аңызға толы, шежірелі Қаратау, сырлы Созақ және асқақ Алатау мен қасиетті Қаратау түйіскен тұстағы Түркібасы, жер жәннаты Ақсу Жабағылы екенін біз мақтан тұтамыз. Қазіргі таң­да қайраткерлердің қоғамдық-саяси қыз­меті мен әдеби-мәдени мұрасын зерттеу, зерделеу жұмыстары жан-жақты жүр­гі­зілуде. «Ынтымақты елдің – ырысы мол», дейді дана халқымыз. Ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Бірлігіміз жарасып, ын­тымағымыз нығайса ғана Мәңгілік ел болу мұратына жетеміз. Осыдан 125 жыл бұрын бір жылы дүниеге келіп, 81 жыл бұрын бір күнде Мәскеу түрмесінде мерт болған тұлғалардың рухына арналған бүгінгі ғылыми конференция да біздің бірлікте екенімізді, ұлы бабаларымыздың аманатына адал екенімізді айғақтай түседі», деді қала әкімі.

Сөз тізгінін алған Қазақстан Ғалым­дар одағының президенті, профессор Оразалы Сәбден тау тұлғалы Тұрар Рыс­құловтың тұлғалық қалыптасуы мен мемлекеттік қызметтегі бейнесіне, эко­но­микалық мұратына кеңінен тоқталып, қазақты бодандық қамытынан қалай құтқарамын деп арпалысқан тұлғаның қысқа ғұмырдағы тындырымды жұмыс­тары жөнінде әңгімеледі.

«Өткен жолымызды ой елегінен өткізсек, Қазақстан мен Орталық Азия ха­лық­тарын патшалық Ресейдің отар­лық езгісінен азат ету идеясын жан-тәнімен іске асыруға еңбек еткен қа­зақ зиялыларының алғашқы легі – көр­некті мемлекет қайраткерлерінің мұрала­рын білудің, оларды қазіргі өмірге пай­даланудың маңызы зор. Бұл әсіресе келешекті жасайтын жастарға өнеге және қайрат-жігер береді. Солардың ішінде Тұрар Рысқұловтың сом тұлғасы ерекше көзге түседі. Нақты еңбектеріне тоқталар болсақ, Түркістандағы шаруа­лардың жағдайын экономикалық жағы­нан бағалай отырып, өлкедегі ауыл тұр­­ғын­дарының шаруашылық жүргізуі үшін жер үлестіріп беруді және суармалық суға қол жеткізуді талап еткен. Тұрардың тікелей қатысуымен ортаазиялық ауылшаруашылық банкі құ­рылып, дихандарға несие ұйымдас­ты­рылған.Өзі басшылық жасаған кезеңде мақта шаруашылығы дамытылды. Бір сөзбен айтқанда, Тұрар Рысқұловтың талай жылдар бойғы күні-түнгі еңбектерінің көлемі – өте ауқымды, тындырған ісі – сан салалы. Ашығын айту керек, бұларды игеру үшін елімізде «Тұрартану ғылыми-зерттеу институтын» құрса, тұлғаның қыры толықтай ашылар еді», деді Оразалы Сәбден.

Қайырымды қала тұрғындарын өт­­кен тарихпен, бабалар мұратымен су­сын­датқан конференцияда белгілі қожановтанушы ғалым, жазушы  Бей­біт Қойшыбаев, Ұлттық ғылым ака­демиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын екі арыстың өмірі мен еңбектері ха­қында тарихи деректерге бай баяндама жасады.

Амантай Шәріп Түркі дүниесінің тарлан тұлғасы Мұстафа Шоқай мен Алаш арысы Сұлтанбек Қо­жановтың тағдырын тоғыстырған ең алдымен ел болашағын терең бағамдаған перзенттік мұраттастық пен парасатты мүдделестік екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, екі алыптың аралас-құра­ластығы Түркістан өлкесінде Қазан төң­керісіне дейін және одан кейін өр­біген саяси оқиғалармен сабақтасып жатқандығын айтты.

Ал Хазіретәлі Тұрсын Сұлтанбек Қожанов туралы мұрағаттар қойнауынан сыр шерткен тарихи баяндама жасады.

Жұмат Шанин атындағы Қазақ драма театрында өткен конференцияға Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Шым­кент қалаларынан келген Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың өмір жолдарын зерттеумен айналысып жүр­ген ғалымдардың деректерге бай баяндамалары зал толы қауымды өткен тарихымызға саяхат жасатқандай әсерге бөледі. Бабалардың ерлігін ой елегінен өткізген жұрт жиын соңында тұлғатанушы ғалымдармен емен-жарқын пікір алмасып, рухани байып қайтты. 

Айта кетерлігі, конференция жұмы­сының жемісі ретінде Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рыскұлов туралы та­рихи тың деректер арнайы кітапқа жинақталып, іс-шара қатысушыларына ұсынылды.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қазақтың бас газетінің қалыптасуына еңбек еткен Алаш арыстарын тануға ар­налған жиындар мен ғасырлық басылым – «Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойына арналған түрлі деңгейдегі мерекелік шаралар көптеп өткізілуде.

Ел газеті шырайлы Шымкентте

Біз 125 жылдығын мерекелеп отыр­ған қос бәйтерек – С.Қожанов пен Т.Рысқұловты қазақ баспасөзінің көш­бас­шылары десек қателеспейміз. Анығында, қараңғы қазақ көгінде күн болып, қаймана қазақтың сауатын ашуға, хат танып, газет оқуға үйреткен де осылар-тұғын. Атынан ат үркетін Сталинге хат жазған да осы бір зиялы, қалам қуатымен қайраткерлігі қабысқан тұлғаларымыз еді.

Алғаш «Ұшқын», кейінгі саяси кезеңдерде атауы бірнеше мәрте өзге­ріп, тәуелсіздік жылдары «Егеменді Қазақстан», «Егемен Қа­зақстан» болып жаңаша арнаға түскен байтағымыздың бас басылымының шыға бастағанына 100 жыл. Осы айтулы мерекеге орай ғасырлық басылым жыл басынан бері облыс орталықтары мен мегаполистерде түрлі шаралар шеруін өткізіп келеді.

Сондай игі шараның бірі Шымкентте өтіп, газет басшысы Дархан Қы­дырәлі, басылым ардагері Сүлеймен Мәмет пен тәжірибелі журналист Қара­шаш Тоқсанбай оқыр­мандармен жүздесті.

Әуелі шығармашылық топ кездесу өтетін кітапхана ғимаратында 100 жылдық тарихы бар басылымның өткені мен бүгінінен сыр шертетін кітап көрмесімен танысты. «Отырар» кітапханасында өткен байтағымыздың бас газетінің мерейтойлық кездесуін «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. 

«Замандар ағысымен ел газетінің мазмұн мен форматына өзгеріс енгіздік. Елде болып жатқан саяси-қоғамдық өзгерістерге дер кезінде үн қатып, ақ­парат таратуда елдің көшін бастадық. Ең бірінші кезекте оқырман қауым үшін оқылымды, қызықты газет ұсынуға талпындық. Елімізде күрмеуі шешілмей, түйіні тарқатылмай жатқан өзекті мәселелерді газеттің бірінші  бетінен беріп, үкімет пен жергілікті биліктің назарына ұсына білдік. Газетіміз ақпараттық қоғамға сай өз сайтын іске қосып, газеттің электронды жазылушылары үшін де жұмыс істей бастады. Бүгінде «Егеменді» Қытай, Моңғолия, Түркия, Еуропаның біраз елдеріндегі қандастарымыз да үзбей оқып келеді. Заман ағымымен редакцияның шығармашылық құрамына жастар қабылданып, журналистика факультетінің студенттері «Егеменнің» академиясында» дәріс алып, маман болуға машықтануда», деді Д.Қыдырәлі оқырмандармен кездесуде.

Салиқалы кездесуде ел газетінің ардагері Сүлеймен Мәмет басылымда жарық көрген тұшымды мақалаларға тоқталып, кеңестік кезеңнің өзінде де сын мақалалардың басылым бетінен жиі-жиі көрініс тапқандығын тілге тиек етті. Ұзақ жылдар бас басылымда білім, әлеуметтік сала бойынша қалам тербеген С.Мәмет өзінің шығармашылық ізденістерімен бөлісті.

Газеттің шолушысы Қарашаш Тоқ­сан­бай Шымкенттегі оқыр­мандардың қазақ газеттеріне деген жанашырлығын айта келе, өзінің 30 жыл­ға жуық газетте өткен өмірінен сыр шерт­ті. Бір кездері облыстық «Оңтүстік Қазақ­стан» газетінде өндірістік тәжірибеден өткендігін еске алды.

Ал бас басылым басшысы «Егеменнің» көптеген оқырманы Оңтүстік өлкесінің тұрғындары екендігін айтып, жазылымға жанашыр ағайынға алғысын білдірді.

Оңтүстік өлкесі мен үшінші мега­полистің танымал қаламгерлері, белгілі журналистер, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева, БАҚ өкілдері, кітапхана қыз­меткерлері мен оқырмандар қатысқан кездесу сұрақ-жауап түріндегі еркін пікір алмасу алаңына айналды.

Жүздесу барысында қаламгерлер естеліктерімен бөлісіп, ел тарихындағы ерекше орны бар, ғасыр жасаған газеттің республика өміріндегі алатын орны мен маңызы туралы салиқалы сөз қозғады.

Кездесу барысында өңір­де еңбек еткен ардагер журналис­тер Мархабат Байғұт, Бақтияр Тай­жан, Шойбек Орынбай мен жергілікті жур­налис­тердің ақсақалы Байдулла Қонысбек «Egemen Qazaqstan» газетіне 100 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

Қазақ баспасөзіне қамқор шымкенттік оқырмандар Нұр-Сұлтан қаласынан келген қонақтарға көкейде жүрген сұ­рақ­­тарын қойып, жақсы сұхбатқа куәгер болды. Кездесу соңында газет ардагерлерімен естелік суретке түсіп, ғасырлық тойына құтты болсын айтып, шығармашылық табыс тіледі.

 

ШЫМКЕНТ