Мемлекет басшысы өз Жолдауында қоғамды толғандырған мәселелердің бәріне жауап берді деп айтсақ қателеспейміз. Президент мемлекетті нығайту, қоғамды демократияландыру, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау, адам капиталын және экономиканы дамыту секілді мәселелерге терең тоқталды. Менің ойымша, Жолдауда айтылған маңызды бағыттардың бірі – заман талабына сай тиімді мемлекет құру. Бұл мәселені демократияландыру процесінің маңызды және үлкен қадамы ретінде санауға болады. Заман талабына сай тиімді, дамушы мемлекет тек демократиялық жүйеде өркендейді. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер демократиялық тұрғыда дамытуда.
Қ.Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасынан бастап тұрақты түрде айтып келе жатқан мақсаттың бірі, ол биліктің халықпен бірігіп жұмыс істеуі, халықты тыңдай білу, халық мүддесін бірінші орынға қою екенін өз Жолдауында тағы да баса айтты. Бұл мақсаттың жүзеге асырыла бастағанын Жолдаудан кейінгі атқарылып жатқан іс-шаралардан көруге болады.
Демократияның басты принциптерінің бірі – халық пен биліктің тікелей байланысы, яғни диалог, қазіргі таңда қоғамда білімді, мәдениетті, ашық әрі өз қалауларын анық білетін білімді азаматтар жеткілікті. Модернизация теориясына сүйенсек, білімді халық демократияны қалайды, себебі білімді әлеумет өзіне не керек екенін анық біледі және алдауға көнбейді. Ал біздің елімізде тәуелсіздік жылдары жастардың білім алуына, дамуына көптеген жағдай жасалуда, «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев Университет секілді алуан түрлі білім ордалары мен түрлі бағдарламалар жұмыс істеуде. Сондықтан елімізді демократия жолындағы дамушы мемлекет деп айтсам қателеспеймін. Себебі билік маған өз ойымды айтуға, өз пікірімді білдіруге, ашық білім алуға ешқандай кедергі келтірмейді, керісінше, барлық жағдай жасалып жатыр.
Біздің стратегиялық міндетіміз – биліктің үш тармағының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Себебі тиімді мемлекеттік биліктің формуласы: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Бұл мақсатқа жету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Жолдауда азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Президент Қ.Тоқаев аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуде, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға шақырады. Осыған байланысты Президент Жарлығымен ротациялық тәртіппен жұмыс істейтін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңестің басты мақсаты халықпен тікелей диалог құрып, азаматтардың және қоғамның пікірін ескеріп маңызды стратегиялық, әлеуметтік проблемаларды талқылау болып табылады. Президентіміздің талабына сәйкес билік адамдардың талап-тілегіне құлақ асуға, проблемаларды жергілікті жерлерде шешіп, халық алдында тұрақты түрде есеп беріп отыруға міндетті. Уәде беріп қана қоймай, берген уәделерін орындау шарт және мұндай ұстанымды Үкімет мүшелерінен бастап барлық деңгейдегі әкімдер ұстанулары тиіс.
Президент Жолдауда митингілерді ұйымдастыру тәртібін жаңартуды маңызды санады. «Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын болса және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы елімізде көппартиялықты, саяси белсенділікті және ой-пікірдің саналуандығын дамыту керектігін айтты. Көппартиялық саяси жүйе, демократиялық принциптің маңызды да керекті инструменті. Себебі партиялардың көптігі, бұл көзқарастардың алуандығы, саясатқа қатысушылар санының көбеюі осыған әкеледі. Сондықтан Мемлекет басшысы алдағы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына ерекше мән беріп, олардың демократиялық принциптеріне сай, саяси партиялардың белсенділігі артқан жағдайда өтетініне тоқталды.
Демократия қазіргі таңда заманауи билік жүйесі және оның басты мақсаты халықтың мүддесі үшін жұмыс жүргізу, яғни мемлекеттік органдар қызметінде, қоғамда ашықтық, диалог және адамдардың мұң-мұқтажына назар аудару негізгі басымдық болуы тиіс.
Президент Жолдауындағы, елімізді демократияландыру бағыты кезең-кезеңмен, табанды түрде және жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылатын болса, онда біз өркендейтін боламыз және жақсы өмір сүруге барлық жағдай жасалады.
Қуаныш ӨМІРЖАН,
Назарбаев Университеттің саясаттану факультетінің студенті