Қат мамандықтардың қамқоршысы
Академик Ә.Бейсенова – жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарды бір-бірімен ұштастырып отырған қазіргі география ғылымының жекелеген салаларымен қатар, онымен тікелей байланысты экология, экономика, туризм бағытының да өркендеп-дамуы жолына зор үлес қосқан әрі осынау игі істерге айрықша еңбек сіңірген, алыс және жақын шетелдерге танымал ғалым. Еліміздің ертеңін ойлай, болашағын алыстан болжай отырып, экономиканың тың бағыты – туризм саласын дамыту мен туған жеріміздің экологиялық жағдайына алаңдаған ол осынау өзекті проблемаларды шешу мәселесін Қазақстан, қала берді, Орталық Азия республикалары бойынша көтерген тұңғыш ғалым-географ. Ең алдымен бұл көкейкесті мәселені жүзеге асырудың өзегі, оларға қажетті кадрлар даярлау ісі деп түйген Әлия Сәрсенқызы уақыт оздырмай, экология мен туризм салалары үшін мамандар дайындау ісіне белсене кіріседі.
Мұның айғағы, Ә.Бейсенованың бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен біздің оқу орнымызда сонау 1980-1990 жылдардың тоғысында-ақ «Туризм», «Экология», «Халықаралық туризм», «География» мамандықтары аясында «География және экология», «География және экономика негіздері», «География және туризм» мамандандыруларының ашылуы арқылы жоғарыда аталған аса зәру мамандықтар мен қосымша мамандандырулар негізінде сол кезде-ақ еліміз үшін таза эколог және туризм мамандары мен олармен шектес қосарлы мамандықтар бойынша педагог-кадрлар даярлау басталған еді. Осыған орай, Ә.Бейсенованың жетекшілігімен олардың негіздемелік құжаттары, оқу жоспарлары мен типтік бағдарламалары жасалды. Бұларға қатысты тың пәндер мен жаңа арнаулы курстар аталған мамандықтардың оқу жоспарларына енгізіліп, жоғары оқу орындарына арналған, әсіресе, төл тіліміздегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жарыққа шығарыла бастады. Бұл бағыттағы осы ұлағатты іс бүгінге дейін жалғасын тауып, жыл сайын жүзден астам жас мамандар бітіруде. Сол кездері факультет деканы болған профессор Әлия Сәрсенқызының басшылығымен осы мамандықтар мен оның қосымша мамандандырулары бағыттары бойынша маман-кадрларды бейінді дайындау мақсатында жаңа кафедралар («Туризм», «Экология», «Елтану және әлеуметтік-экономикалық география», т.б.) мен зертханалар («Ландшафттар экологиясы», «Жер қойнауын қорғау», т.б.), орталықтар («Гид-экскурсоводтар даярлау», т.б.) құрылып, тиісінше білікті ғалымдармен және тәжірибелі оқытушылардан жасақталды.
Өткен ғасырдың 70 және 80-жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің жаратылыстану-география факультеті түлектерінің естеліктеріне құлақ түрсек, ұстаздық қызметінде Әлия Сәрсенқызы сол кезден-ақ сабақ барысында аса жоғары талап қоюымен ерекше дараланып тұратын тұлға екенін айтады. Әсіресе ол студенттер қауымын географияның тектоника, гидрология, климатология, геоморфология, геоботаника, зоогеография, палеогеография тәрізді күрделі салаларын, тарихи география, геология, қазба байлықтардың қалыптасуы мен таралу заңдылықтарын білуге үйретті. Сонымен қатар қолданбалы мәні бар топонимика, рекреациялық және инженерлік география бағыттарынан хабардар болуға, географияның басты құралы – картографиялық нысандармен, топографиялық түсірілімдермен және жоспар-карталармен жұмыс істей білуге, ғылыми ізденістермен айналысуға бейімдеді. Географиялық өлкетанушылық үйірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп, маусымдық және алыс кешенді оқу-далалық практикаларына қатыса жүріп, экспедициялық жұмыстарға бағыт-бағдар беретін.
Ә.Бейсенованың өмірлік тәжірибесі мен оның білім нәрімен сусындату, оқу-әдістемелік ізденістерді тереңдету бағытындағы еңбектері де сол кезеңдегі жас ізденушілердің шығармашылық көзқарасын қалыптастыруға өзіндік ықпалын тигізді. Сонымен қатар көпқырлы ғалым-апайымыз тәлім-тәрбие жұмысына аса ден қоятын, оны да кезінде факультетімізде Әлия апайымыз басшылық жасап, педагогика кафедрасының оқытушыларымен бірлесе жүргізген «Кел, қыздар, сырласайық», «Жас алтынсариншілер» клубтарының, «Білім» және «Студенттердің ғылыми қоғамының» өте белсенді жұмыстарынан көріп-біліп жүрдік. Осынау оқу-білім, ғылыми-зерттеу, тәрбие және қоғамдық еңбектерінің нақты нәтижесі ретінде қазіргі таңда институт қабырғасында табысты қызмет атқарып жүрген көптеген шәкірттерін айтуға болады. Әлия Сәрсенқызы озат оқыған және қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан түлектерді ұстаздық қызметке тарту және аспирантура мен тағылымдамаға жолдамалар берумен қатар, оларға қолайлы жағдайлар да туғызып отырды. Мәселен, соның бірі – кафедраларымызда әрі қарай тағылымдамаларын жалғастыруға немесе жұмысқа қалдырылған жастардың көбінің пәтерлі болуларына жәрдемдесіп, тікелей қолғабыс жасады.
Табиғатты зерттеу де қызық
Алпыс жылдан астам уақыттан бері Ә.Бейсенова Қазақстан табиғатын зерттеудің тарихымен шұғылданып келеді. Осы тақырыпта кандидаттық (Мәскеу, 1967), докторлық (Баку, 1984) диссертациялар қорғаған, «Қазақстан табиғатын қорғау» (1979), «Қазақстанды физикалық-географиялық тұрғыда зерттеу» (1982), «Алғашқы зерттеушілер» (1987), «Қазақстан табиғатын зерттеу және физикалық-географиялық идеялардың дамуы» (1989), «Қазақстандағы географиялық зерттеулердің тарихи негізі» (2001) атты және т.б. монографиялары жарияланған. Бұл еңбектерде Ә.Бейсенова Қазақстан табиғатын зерттеуді тарихи кезеңдер арқылы қарастырып, көне заманнан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі табиғаттанудың ұзақ шежіресін жасады. Ол табиғат зерттеу тарихының бүгінгі заман үшін, әсіресе, егемендік алған еліміздің табиғи ресурстарын пайдаланудың жолдарын іздестірудегі маңызы мен өзектілігін атап көрсетті. Бұл зерттеулер көне дәуір мен орта ғасырлардағы Қазақстан туралы мәліметтерді, Батыс пен Шығыс елдерін жалғастырған алғашқы саяхатшылардың Қазақстан жеріне келуінен қалған деректерді, орыс, қазақ қарым-қатынастары басталған кезден бергі орыс тарихнамасында Қазақстан табиғаты жайлы жиналған материалдарды, Қазақстанның Ресейге бодан болуынан басталған экспедициялардың жұмыстарын жан-жақты қарастырады.
Автор өз зерттеулерінде XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстан табиғатын зерттеудің жаңа классикалық кезеңі туғанын, енді зерттеушілердің бұрынғыдай көргенін тізе бермей, Қазақстан табиғатының түзілу мен қалыптасу жолдары, олардың заңдылықтары жайлы ойлаудың және ізденудің басталғанын жаза келе, Л.Бергтің, П.Семенов-Тянь-Шаньскийдің, Н.Северцовтың, И.Мушкетовтың және т.б. Қазақстан жеріндегі зерттеулеріне тоқталып, жан-жақты талдау жасайды. Ә.Бейсенованың жүргізген арнайы зерттеулерінде қазақтың тұңғыш географ-ғалымы, саяхатшысы, орыс географиялық қоғамының толық мүшесі Шоқан Уәлихановтың географиялық мұрасын саралауға кеңінен орын берілген. Олардың еңбектері арқылы туған жеріміз табиғатының тарихына байланысты теориялық идеялардан автор Арал-Каспий аймағының геологиялық-географиялық тарихына, Тянь-Шань тау жүйесінің оротектоникасына, табиғатты зоналарға бөлу мен аудандастырудың ұстанымдарына кең тоқталады. Автордың осы бағыттағы монографиясы республиканың географ және тарихшы ғалымдарының жоғары бағасына ие болып, Білім және ғылым министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді.
Ә.Бейсенованың бұл саладағы еңбектерін Тәуелсіз мемлекеттер достастығының ғалымдары: Н.А.Гвоздецкий, Ф.Мильков, А.Соловьев, Н.Фрадкин, В.Есаков, О.Назаревский, А.Федосеев, М.Мусеибов, Б.Будагов, Н.Когай, З.Акрамов, К.Отарбаев, тағы басқалар мен Қазақстан ғалымдары: Г.Муравлев, Н.Щукина, А.Горбунов, Б.Двоскин, Н.Мукитанов, Б.Сүлейменов, В.Басин және тағы да басқалары жоғары бағалап, өз ой-пікірлерін жазған. Ә.Бейсенова география ғылымы үшін жас ғалым кадрларды тәрбиелеу ісіне де белсене атсалысуда. Ол магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етуде. Оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалған. Ол – ұзақ жылдар бойы Жоғарғы Аттестациялық комитеті сараптау кеңесінің мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жанындағы және БҒМ-нің География институтындағы диссертациялық кеңестердің мүшесі болды.
Қазақстан табиғатын және оның тарихын зерттеу, оның бұрынғы жағдайларын бүгінгі күйімен салыстыра қарау Әлия Сәрсенқызын Қазақстан экологиясының мәселелерімен қатар туристік-өлкетану жұмыстарымен шұғылдануға да алып келді. 2006 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің География институты бірлесіп, Ә.Бейсенованың қатысуымен үш томдық Қазақстанның Ұлттық атласын жасап шығарды.
Оқулықсыз – оқу тұл
Ә.Бейсенованың ғылыми-педагогтік қызметінің үлкен бір саласы – Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен орта мектептер үшін оқулықтар мен көмекші құралдарын, бағдарламалар мен оқу-әдістемелік кешендер шығару ісімен байланысты. Кезінде ол аударуға қатысқан оқулықтар ішінде «КСРО-ның физикалық географиясы», «Географияны оқыту әдістемесінен практикалық жұмыстар», «Материктердің физикалық географиясы бойынша бақылау жұмыстары» сияқты және орта және жоғары мектептерге арналған А.Н.Лаврищевтің «Экономикалық география», «КСРО-ның физикалық географиясы» атты кітаптар, әртүрлі бағдарламалар мен әдістемелік құралдар да бар. Кейіннен Қазақстан географиясы бойынша оқулықтар жазуға араласты. Оның қатысуымен жазылған (Қ.Карпеков, М.Қалиев, Н.Молдағұловпен бірлесіп) орта мектептің 8-сыныбына арналған «Қазақстанның физикалық географиясы» 1992 жылдан 1999 жылға дейін үзбей басылып, қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр мектептерінде пайдаланылды.
Әлия Сәрсенқызы еліміздің тарихында бірінші рет «Қазақстанның физикалық географиясы», «Экология», т.б. оқу курстарынан электронды оқулықтар жасауға тікелей атсалысты және бұл оқулықтар да қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде басылды. «Қазақстанның географиялық атласын» да жасады, ал 2002 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланған бұл атлас – мектеп оқушылары үшін ғана емес, жалпы Қазақстан табиғатын білуге құштар көпшілік қауым үшін де зор көмек болғаны даусыз. Жоғарыда аталғандардан байқағанымыз, ғасырлар тоғысы жылдарынан бастап-ақ жаратылыстану ғылымдары бойынша Ә.Бейсенованың жетекшілігі арқылы аса көрегендікпен қазіргі үш тұғырлы тіл саясаты мәселесін жүзеге асырудың қолға алынғанын көреміз. Мұның нақты бір дәлелі, 2000 жылдары академик апайымыз «Қазақша-орысша-ағылшынша-түрікше экологиялық түсіндірме сөздік» пен «Жер туралы техникалық ғылымдар терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша сөздігін жасаудың негізгі проблемалары» деп аталатын іргелі зерттеулерін жүргізеді, нәтижесінде бұлар да жеке басылым ретінде жарыққа шықты.
Қоғамдық істердің қозғаушысы
Ә.Бейсенова жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып келеді. Ол Бүкілодақтық географиялық қоғамның тексеру комиссиясының мүшесі, Қазақстан географиялық қоғамының төралқа мүшесі болып сайланған. Қазақ энциклопедиясының география жөніндегі редакциялық кеңесінің мүшесі, Ұлттық Білім академиясының география жөніндегі оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, 1998-2008 жылдары Президент жанындағы «Отбасы және әйелдер істері жөніндегі» ұлттық комиссияның мүшесі болды, қазір осы комиссияның Алматы қалалық бөлімінің мүшесі. Кезінде ел астанасын Ақмолаға көшіру мәселесінде біраз жұртшылық бұған екіұдай, тіптен, кейбіреулер қарсы көзқарастағы пікірлер де білдіріліп жатқанда, академик Ә.Бейсенова Президент Н.Ә.Назарбаевтың бұл бастамасын алғаш қолдағандардың сапында болды. Ол – елорданың мемлекетіміздің географиялық орталығы ғана емес, оның стратегиялық маңызын да ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелдей отырып, өзінің тиянақты ойын еліміздің бас газеті бетінде жариялаған болатын. Ал Әлия Сәрсенқызының соңғы жылдардағы ғылыми-зерттеу жұмыстары географияның экономикамен өзара байланысын зерделеуге, қазақстандық патриотизмді орнықтыру мен «Мәңгілік ел» бүкілхалықтық идеясын «Қазақстан – 2050» Стратегиясы аясында жүзеге асыру жолына бағытталған, әрі оның осы аталған мәселелер бойынша және білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына мәңгілік ел құндылықтарын енгізу жайлы да қомақты еңбектері жарық көруде.
Жалпы, Әлия Сәрсенқызы Бейсенованың ғылыми-шығармашылық, қоғамдық істері сырт елдерге де мәлім. Ол Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Бакуде, Ташкентте, Бішкекте, Киевте, Қазанда және т.б. қалаларда талай рет ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасады. Сонымен қатар алыс шетелдерде, мәселен, Ұлыбритания, Мысыр, Сирия, Ливан, Грекия, Түркия, АҚШ, Италия және тағы басқа мемлекеттерде географияның теориялық және әдістемелік проблемалары жайлы ой-пікірін шетелдік ғалымдар арасында талқылады. Соның бір дәлелі, 1999 жылы АҚШ астанасы – Вашингтонда әйелдер қозғалысының жиынында жасаған баяндамасы арнайы мақтау қағазбен атап өтілді. Қазақстан экологиясын зерттеу саласындағы құнды еңбектері үшін Американың биографиялық институты Ә.Бейсенованы «2006 – жыл әйелі» деп танып, арнаулы медальмен марапаттады.
Тәжірибелі тәлімгер-ұстаз, әрі әдіскер-ғалым Әлия Сәрсенқызы ғылыми-педагогтік іске аса шынайы берілген, маңайындағы адамдарға өте мейірімді, әрқашан қолұшын беруден тартынбайтын, адамгершілік қасиеттері мол, жан-жақты жарасымды жан.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
«Жаратылыстану және география» институтының ұжымы атынан:
К.КАЙМУЛДИНОВА,
институт директоры, г.ғ.д., профессор,
А.САҒЫНДЫҚОВ,
директордың орынбасары, п.ғ.к., профессор,
Т.УВАЛИЕВ,
«Елтану және туризм» кафедрасының доценті