Қоғам • 08 Қараша, 2019

Ғалымның хаты өлмейді...

928 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Саналы ғұмырын ғылымға арнап, соңына талай құнды дүние қалдырған ғалымдар аз емес. Соның бірі – үздіксіз ізденіс пен жанкешті еңбектің нәтижесінде өз қолтаңбасын қалыптастырып, қаншама шәкірт тәрбиелеген академик Әбдіғаппар Кенжебайұлы Жәкелов.

Ғалымның хаты өлмейді...

1932 жылы Жамбыл облы­сының Жамбыл ауданында өмірге келген ол 1954 жылы қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің геологиялық барлау факультетін тәмамдады. Бұдан соң Солтүстік Қазақстан геологиялық басқар­масына жіберіліп, жаңадан құрылып жатқан тың игеру кең­шарлары үшін жерасты тұщы суларын іздеумен, сондай-ақ Қостанай облысының бірқатар темір-кен орындарында гидрогеологиялық жағдайды зерттеу­мен айналысты. Көптеген тың игеру кеңшарларын сапалы жерасты су көздерімен қамтуға мүмкіндік берген зерттеулерінің жоғары тиімділігі үшін 1957 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапаттайды. Кейін бұл тәжірибесін бірқатар экспедицияда пайдаланды. Мәселен, Ә.Жәкелов жүргізген зерттеу­лер арқылы бірқатар ірі жерасты тұщы суларының орындары ашылып, барланды. Жамбыл облысындағы Талас-Асса, Луговое, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бадам-Сайрам, Тассай-Ақсу бірқатар аудан орталықтары мен елді мекендерді сумен қамтамасыз етті. Ғалымның еңбегі елеусіз қалмады. 1970 жылы Талас-Асса және Тассай-Ақсу жерасты су кендерін ашқаны үшін «Кен орынды тұңғыш ашушы» төсбелгісімен марапатталады.

Белгілі ғалым өзінің күрделі өндірістік қызметін үнемі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен ұштастыра білді. Алғашқы ғылыми еңбектері Шу-Сарысу ойпатының оңтүстік, оңтүстік-шығыс жағының және Мойынқұм аймағының жерасты суларының қалыптасуының өңірлік заңдылықтарын анықтауға арналған. Сондай-ақ Қазақ КСР Геология министрлігі жүйесінде жемісті еңбек еткен ғалым мұнай-газ және химиялық шикізаттарға геологиялық барлау жұмысына да атсалысты. Жаңадан ашылған кендерді игеру үшін Батыс Қазақстан және бұрынғы Оңтүстік Қазақстанның шөлейт аудандарында жерас­ты су көздерін іздеу және барлауды күшейту міндетін жүзеге асыру үшін бірнеше экспедиция ұйымдастырды. Көп жылдар бойы жүргізген зерттеулері ірі монография ретінде басылып, 1984 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Мұның бәрі елімізде ауыл шаруашылық нысандарын сумен қамтамасыз ету үшін қолға алынған іргелі істерге  ғалымның бастамасымен өзі жетекшілік еткен «Қазгидрогеология» бірлестігінде жерасты суларының изотоптық және газдық құрамын зерттеу, жасын анықтау бойынша зертханалық жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек Арал мен Балқаш аймақтарындағы мәселелерге қатысты зерттеулердің де басы-қасынан табылды. 1981 жылы ірі қалалар мен өндіріс орталықтарын жер­асты суларымен қамтамасыз ету мақсатында барлау жұмыстарының теориялық негіздері мен әдістемелерін жетілдіргені және оларды өндіріске енгізгені үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болса, ал 1992 жылы елімізде геологиялық қызметтің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Жер қойнауын барлауда сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1990 жылдан бастап ҰҒА жүйесіне
ауысып, Гидрогеология және гидрофизика институты директорының орынбасары қызметін атқарды. Тянь-Шань орогенді белдеуінің биік таулы аймақтарының, тау етегіндегі жазықтары жерасты суларының даму үрдісін анықтауға байланыс­ты мұз басқан аймақтардың және мәңгі мұз басқан жыныстардың таулы және тау бөктеріндегі аудандардың жерасты су қорларын толықтырудағы рөліне баға беру бойынша іргелі зерттеулер жасады. Сонымен қатар Ә.Жәкеловтің жетекшілік етуімен Семей ядролық полигонында жербеті және жерасты суларының радиоактивтік ластану дәрежесін және халыққа шаруашылық ауызсуды пайдалану үшін жерасты суларының көлемін анықтау жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек ғалым Су кодексін және Жер қойнауы туралы заңын дайындаудағы Үкіметтік комиссияның мүшесі, Жер ғылымы бойынша ЖАК-тың сараптама кеңесі төрағасының орынбасары, Гидрогеология және гидрофизика институтындағы гидрогеология саласы бойынша докторлық диссертациялық кеңестің, сонымен қатар сейсмикалық қауіпке және зілзалаға болжам жасап, баға берудегі Республикалық кеңестің мүшесі, ҰҒА экология мәселесі бойынша ғылыми кеңес төрағасының орынбасары болды. 100-ден астам ғылыми еңбек пен төрт монографиясы жарық көрді. Жүрек сағаты 88 жасқа қараған шағында тоқтағанымен, гидрогеология саласының дамуына үлес қосып, соңына өшпес мұра қалдырған ғалымның хаты қашанда өлмек емес.

 

Сейсенбек МҰСТАФАЕВ,

геология-минералогия ғылымдарының докторы, Ұлттық инженерлік ғылым академиясының академигі