Қоғам • 08 Қараша, 2019

Қымбатшылықтан сылтау құтқармайды

430 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дәулеті мен сәулеті жарасқандарды қайдам, қараша халықты қымбатшылық екі бүйірден қысып барады. Баға шарықтамаған сала кемде-кем шығар. Ас атасы нан бағасы да көтерілді. Әлеуметтік делінетін нанның өзі 75-80 теңге болса, кей жерлерде одан да жоғары.

Қымбатшылықтан сылтау құтқармайды

Нарық заманы, нарық заңы солай деп әркім білген бағасын қояды. Таяуда дүкеннен қолтоқпақтай бәліш нан алдым. Бір кездері 15-20 теңге еді. Бұл жолы сатушы «160 теңге» деді. «Бұл қалай?» десем ол: «Сіз көптен бері нан алуға келмегенсіз бе?» деп қарсы сұрақ қойды. Біраз дүниенің 10-15 пайыз өскенін, өздері екі оттың ортасында қалғанын, бұл қыжалаттан құтылудың жолы қолдарында жоғын айтты.

Иә, нан пісіретіндердің де айтар уәждері дайын. Оған көз жұмып қарауға болмайды. Өздері көктемде жерге дән егіп, күзде ормаған соң, өндірушіге тәуелді. Оның үстіне бәсекелестіктің бәсі қызбай, әркім өзінше тірлік жасаған жерде ала-құла жұмыс аяқтан шалмай тұрмайды. Айталық, былтыр 1 тонна бидай 43 мың теңге болса, биыл 64 мың теңгеге өскен. Мұндай жағдайда ұн бағасы да көтеріледі. Мысалы, 4 мың теңге тұратын бір қап ұн қазір 5 мың теңгеден асып кеткен. Осы арада еліміз жан басына есептегенде ұн өндіру мен оны сату бойынша әлемде алғашқы орында екенімізді айта кетейік. Табан ақы, маңдай терімен өнім өндіргендер бағаны қалай өсірсе де жарасады. Мұның қалай деуге хақымыз болмаса керек. Аптап ыстықта егін егіп, оны өсіру, төкпей-шашпай орып, қамбаға құю, ақ боран буған қыста мал бағып, аман сақтау ауызға оңай болғанмен, қияметтің қияметі екені анық. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргендер ондай ауыр шаруаға шыдау былай тұрсын, шет-жағасын көргенде «Бұл сұмдық қой!» дері сөзсіз. Мұны айтудағы себеп, өнім өндірудегі азаптан жалт бергендердің кейде екі арадан «мал» тауып, бағаның өсуіне «үлес» қосатыны.

Жасыратыны жоқ, ақша алға түскен кезеңде ар мен адалдық соның көлеңкесінде қалып қояды. Ондайда обал, сауап та көп ескеріле бермейтіні өкінішті. Еліміздегі 43 түрлі өнімнен тұратын азық-түлік себеті бар десек, оған әр адам 17 мың теңге жұмсауы тиіс.

Байтақ даламыз бар, аграрлы ел екеніміз белгілі. Есемізді жібермей ебін тапсақ, мал өсіріп, астықтан мол өнім алып, қымбатшылықты болдырмауға мүмкіндік жеткілікті. Тек ұйымдастырудан ұтылып отырғандаймыз. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, қазақ жері 1 млрд адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жетеді.

Күз болса ерік бермей кететін қымбат­шылық нанмен шектеліп тұрған жоқ. Бәрі де бір-біріне ұштасып кетіп жатыр. Алдағы айларда арагідік сөзге желі тартып жүрген бензинге ондаған теңге қосылса, баға өспей тұрмайтыны тағы анық.

Жыл сайын жұртты түрлі сылтаулармен есеңгіретіп тастайтын қымбатшылықтың себебі қайда жатыр деген сұрақ көкейден кетер емес. Биылғы уәждің бірі жаздың аптап ыстық болғаны, күзде жауын-шашын көп түскені, сөйтіп астықтың өткен жылғыдан 2 миллион тоннаға кем жиналғаны. Әрине айта берсе, одан өзге де сылтау табылады. Басты ниет осылай дүрілдете келіп, бір жыл ішінде қосатын баға мөлшерін тұрақтандырып алу болса керек. Бұл халықтың қамынан бұрын әр саладағы ұйымдастырудың нашарлығы болса керек.

Бұған есеп-қисап жүргізушілердің айтқаны мен базардағы бағаның сәйкес келмеуін қосыңыз. Мәселен, ауылда сиыр етінің 1 килосы 1700 теңге болса, базарда – 2-2,5 мың теңге. «Бұл қалай?» десең, «Бәрін нарық өзі реттейді», деп жалт береді. Сөйтіп биліктегілердің сөзі құбылып шыға келеді.

Қалай айтсақ та, бұл қымбатшылықтан сылтау құтқармайды. Құтқаратын айқын жұмыс, нақты іс, көкейге қонымды шынайы көрсеткіш қана.

Басты түйткіл нан бағасында. Жері дарқан елде нанның қымбаттығы көңілге қона қоймайды. Осы жерде өзбек елінде бір бөлке нан 45 теңге тұратынын еске сала кетелік.

Президент Қ.Тоқаевтың: «Нанның қымбаттауына жол берілмейді» деген сөзін ең алдымен тиісті мекемелер, алыпсатарлар ескерсе қане.