Биыл қысқы кезеңде халықаралық және республикалық жолдардың 24,9 мың шақырымы күтіп ұсталады деп жоспарлануда. Жолдардың 21,1 мың шақырымы «Қазақавтодор» компаниясының балансында. Ал 3,4 мың шақырым жол осы нысандарда қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлік ұйымдардың күтіміне алынатын болады.Сонымен қатар жолдардың 422 шақырымы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ауыспалы нысандарға жатады.
Қысқы кезеңге дайындық жұмыстары биылғы мамырда басталған болатын. Шілде және тамыз айларының аралығында жол шаруашылығы нысандарының қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігі тексерілді.
Бүгінгі таңда өндірістік базаларды, қазандықтарды, жылыну пункттері мен қоймаларды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнымен қоса, техниканы қысқы кезеңге дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Қысқы кезеңде жұмыс істейтін техниканың жалпы саны 1085 болса, олардың 123-і бірлігі жөнделуде. Техника дайындығы 91%-дан асады.
Жолдарды қысқы кезеңге дайындау шараларының маңызды бөлігі көктайғақ сияқты құбылыстарға жедел ден қоюға қажетті материалдарды дайындауға байланысты болады. Тайғаққа қарсы материалдар дөңдері, бұрылыстары және еңістері бар аса қауіпті жолдарға шығарылады. Кәсіпорынның күшімен еңістер мен резервтерді ағаштар мен бұталардан, жол жиектерін шөптен тазарту жұмыстары жүргізілді. Жолшылар уақытша «Тайғақ жол», «Жылдамдықты шектеу» сияқты белгілерді, сондай-ақ қардан қорғау қалқандарын дайындады. Өңірлердің климаттық жағдайларына сәйкес су өткізгіш құбырлардың тесіктерін жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр.