Парламент • 08 Қараша, 2019

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – ел дамуының бір көрсеткіші

298 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда еліміз үшін маңызды бірқатар заң жобалары қабылданды.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – ел дамуының бір көрсеткіші

 Өзара әріптестікті арттыратын құжат

Жоғарғы Палата депутаттары Сенат отырысында Анастасия Щегорцованы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі етіп тағайындады. Бұ­дан кейін «Қазақстан Республикасы мен Ук­раи­на арасындағы экстрадициялау туралы шарт­ты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

«Бүгінде Украинамен арада қылмыстық қудалау саласында өзара сенім қалыптасқан. Соңғы үш жылда Украина бізге 6 қылмыскерді ұстап берді. Қазір аталған елде жасырынып жүрген 6 адам бар. Оларды қайтару қаралып жатыр. Бұл шарт сол қарым-қатынасты жоғары дәрежеде бекітіп, ынтымақтасудың жалғасы болмақ», деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Оның сөзіне қарағанда, бұл шарт қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру мәселесін шешеді. Шарт бойынша жасалған қылмыс үшін екі елде де кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру көзделген болса немесе сотталған адамның өтелмеген мерзімі 6 айдан көп болса ол ұстап беріледі. Әрине, адамды беруден бас тарту негіздері де көзделген. Мысалы, бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе, сұралып отырған әрекет әскери қылмысқа жатса, ұстап беру егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, сондай-ақ Қазақстанның заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе, онда адамды беру-бермеуді әр мемлекет өзі шешеді. «Бүгінде екі ел арасында бұл мәселе Минск конвенциясымен реттелуде. Конвенция екіжақты шарт жасауға тыйым салмайды», – деді М.Ахметжанов.

Сенатор Андрей Лукин өз кезегінде: «Шарт­ты ратификациялау екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықтың тиімділігін арттыра­ды. Шарттың негізгі мақсаты – қылмыс­тық қудалауды жүзеге асыру немесе ұстап бе­руге тура келетін қылмыстар бойынша сот үкі­мін орындау үшін олардың аумағынан іздеу салынған адамдарды экстрадициялау саласында ынтымақтастықты жүзеге асыру», – деп атап өтті.

Сондай-ақ сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, Шарт егемендікті және теңдікті өзара құрметтеуге негізделе отырып жасалған. Ол қылмыстылыққа қарсы іс-әрекетті жү­зе­ге асырудың тиімді құқықтық негізін қалай­ды. Дауыс беру нәтижесінде Қазақстан Респуб­ликасы мен Украина арасындағы экстрадиция­лау туралы шарт ратификацияланды.

 Кеден заңнамасын бұзу тәуекелдерін азайтады

Отырыс барысында «1994 жылғы 15 сәуір­дегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау тура­лы» заң жобасы талқыланып, соңында атал­ған құжат ратификацияланды. Заң жобасын Қаржы министрінің міндетін атқарушы Б.Шолпанқұлов таныстырды. Мемлекеттердің орталық кеден органдарының арасында әрі мемлекеттердің аумақтық кеден органдары арасында тікелей жүзеге асатын тараптардың сұрау салулармен алмасуы құжаттағы жаңа­лық­тардың бірі болып отыр. Бұл кеден заңнамасы талаптарының бұзылуын көрсететін деректерді немесе мән-жайларды анықтау үшін тиімді ынтымақтастыққа ықпал ететін болады.

Хаттама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкі­меттері арасында ынтымақтастықты кеңей­туге және тереңдетуге, жәрдемдесуге әрі өзара көмек көрсетуге бағытталған. «Аталған келісім ТМД мемлекеттері кеден қызметтерінің өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін негізгі халықаралық шарт болып саналады. Келісімге қол қойылғаннан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осыған байланысты аталған құ­жат нормаларын тиісті өзгерістер енгізу жолымен жетілдіру қажет. Хаттама кеден сала­сындағы ТМД нормативтік-құқықтық базасына жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша ТМД елдерімен бірлесіп әзірленді», – деді Б.Шолпанқұлов. Оның айтуынша, мәлі­меттерді беру, сауалдардың мазмұны, сауал­ды орындау, алынған ақпаратты пайдалану мәселелеріне қатысты бірқатар негізгі баптар­ға өзгерістер енгізу ұсынылады. «Заң жобасын қабылдау кедендік шекаралар арқылы өткі­зіле­тін тауарлар мен көлік құралдарына кеден бақылауын қамтамасыз етуге, ТМД елдері кеден органдарының қызметін үйлестіру мен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, кеден заңнамасын бұзу тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ кеден операцияларын жасауды жетілдіруге ықпал етеді.

Талқылау барысында Сенат Төрағасы мем­ле­кеттік шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғыр­ту жөніндегі бірлескен жоспарды әзірлеу қажеттігіне жауапты мемлекеттік органдардың назарын аударды.

 Халық әуре-сарсаңға түспеуі тиіс

Келесі кезекте Парламент Мәжілісі мақұл­даған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, нәтижесінде аталған құжат қабылданды. Құжаттың негізгі мазмұнын Мәжіліс депутаты Майра Айсина таныстырды. Отырыста белгілі болғандай, заң жобасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленген. Осы орайда қызметтерді алуды жеңілдету, оның ішінде қызмет алушыға сұрау салынып, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы қызмет көрсетушінің бастамасы бойынша ұсынылатын қызмет көрсетудің проактивті тәсілін енгізу жолымен жеңілдету көзделеді. Заң жобасымен мемлекеттік органдардың жаңа мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсету жөніндегі құзыреті толықтырылған. Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау кезіндегі мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдері нақтыланды. Сонымен қатар азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу қызметтері оңтайландырылады. М.Айсинаның сөзіне қарағанда, композит нақты өмірлік жағдай туындаған кезде адамның бір өтініш арқылы бірнеше өзара байланысты қызметтерді алуына мүмкіндік береді. Осыған байланысты, зейнеткерлерге өз зейнетақысын алу үшін әртүрлі мекемелерге барып, әрқайсысы 3-7 және одан да көп құжаттан тұратын үш бөлек құжаттар пакетін дайындау қажеттігіне жол берілмейді. Енді электронды өтініштен кейін жеке кәсіпкерлікті тіркеу бір сағатта іске асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болғызбайды және бизнеске қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Осы орайда электрон­ды форматқа көшіру әрі құжаттар тізбесін оңтайландыру көзделген. Нәтижесінде, жеке кә­сіпкерлікті тіркеу электронды өтініш беріл­ген кезден бастап қазіргідей бір күн емес, бір сағаттың ішінде жүзеге асырылатын болады.

Сенат басшысы заң жобасын талқылау бары­сында сыбайлас жемқорлық себептерінің алғашқы ондығы арасында: мамандарда емделу және қабылдауында болу, жұмысқа орналасу, жер учаскесін алу және ресімдеу, баланы балабақшаға орналас­тыру және тағы басқа мәселелер бар екеніне тоқталып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» басқарма төрағасы Әсемгүл Балташевадан «Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Ұзаққа созылу және мерзімдерге байланысты не болып жатыр? Барлық білім беру мекемелеріндегі ақпараттандыруды же­дел­дету, онлайн тәртібі мен электронды түрдегі­дей айқын да ашық болуы үшін не істеу керек?» деп сұрады.

А.Оспанов мемлекеттік қызметтерді оңтай­ландыру және автоматтандыру бойынша 500-ге жуық жол картасы бекітілгенін түсіндірді. «Онда сіз жаңа ғана атап өткен мемлекеттік қызметтер бар, олар электронды сипатқа көшкен сияқты көрінеді, дегенмен азаматтар аталған мемлекеттік қызметтерді ала алмауда немесе сыбайлас жемқорлық қауіптері қалып отыр», – деді вице-министр.

Мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімінің созылуы мен сақталмауына байланысты проб­лемалар жөніндегі сауалға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешов жауап берді. «Қолданыстағы «мем­лекеттік қызмет» ұғымына орай мемлекеттік қызмет көрсету сапасы туралы тізілімге енгізілуі тиіс 300-ден астам мемлекеттік қызмет тізбесі жасалды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттік органдар мұндай қызметтерді көлеңкеден шығаруға мүдделі емес. 2015 жылдан бастап тізілімге 170 жаңа мемлекеттік қызмет енгізілді, оның ішінде агенттіктің бас­тамасымен 77 қызмет ұсынылды», – деді ол.

Сенат басшысы цифрландыруды жеделдету­ге және сыбайлас жемқорлық пен сөзбұйдаға са­лу­ды жою жөнінде шаралар қолдануға шақыр­ды.

Сенаторлар мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерді екі оқылымда егжей-тегжейлі талқылағаннан кейін қабылдады.

Отырыс соңында бірқатар сенатордың депутаттық сауалдары жария етілді.