Аймақтар • 08 Қараша, 2019

Аймақтық имамдар форумы өтті

385 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы «Достық үйінде» «Рухани  құндылықтар – қоғам  бірлігінің негізі» атты  форумды Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы облыс бойынша өкілдігі ұйымдастырды.

Аймақтық имамдар форумы өтті

Суретті түсірген: Фархат Әміренов

Форумға өңірдегі қала, аудан, ауыл мешіттерінің имамдары, «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің және «Мәшһүр Жүсіп» қарилар даярлау орталығының шәкірттері, сондай-ақ өңір ақсақалдары қатысты.

Іс-шараның модераторы, облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы форумның мәні мен маңызына тоқталды.

Форумдағы негізгі баяндаманы Басқарманың Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев жасады.

Ол осы жылдың 23 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында имамдардың ІІІ республикалық форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, басқарма атқаратын діни рәсімдер тізілімі және басқарма құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі секілді маңызды құжаттарды көпшілікке түсіндіріп берді.

Сонымен қатар көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

С.Торайғыров атындағы университет профессоры, мәшһүртанушы, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамбет Тұрышев республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазақ» құжаты туралы баяндама жасады.

Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықова жат ағымдармен күрес туралы баяндама жасап, «Жусан» операциясы туралы жан-жақты ақпарат берді.

Ал, Ақтоғай ауданының бас имамы Ахметолла қажы Жандарбекұлы қазіргі қоғамдағы имамдардың рөлін арттыру туралы ой қозғады.