Қазақстан • 04 Маусым, 2019

Әскердің әлеуеті дайындығынан көрінеді

620 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігі әскер жағдайымен таныстыру, жауынгерлік арсенал мен олардың мүмкіндігін көрсету мақсатында отандық журналистерге Алматы облысындағы әскери базаларға пресс-тур ұйымдастырған-ды. Екі күнге созылған шара барысында әуе күштері базасында, барлау, десанттық-шабуылдаушы бригадаларында, Қапшағай гарнизонындағы инженер-саперлік полкында болып, әскери өмірмен танысып қайттық.

Әскердің әлеуеті дайындығынан көрінеді

Қауіпсіздікті әуеден қадағалайды

Күн шықпастан ерте қамданып, жауынгерлік Си-295 ұшағымен Нұр-Сұлтаннан еліміздің оңтүстігіне бағыт алған журналистер алдымен Талдықорған қаласындағы №21751 әскери бөліміне табан тіредік. Бұл бөлімнің миссиясы – еліміздің әуе кеңістігін қорғау. Мақсаты айқын авиация базасы Су-30 СМ сияқты жоғары маневрлі жарғыш ұшақтарымен айбынды.  Бұған қоса, соңғы үлгідегі әуе техникаларының «құлағында ойнайтын» жоғары санатты ұшқыштары да сақадай сай.

 Сондай ұшақтарды басқарып жүргендердің бірі – 25 жастағы Мирас Айдарұлы. Бала кезден ұшқыш болуды армандаған жас жауынгер бүгінде авиация звеносы ұшқышы. Мирас – Ақтөбе қаласындағы Кеңес одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы  Әуе қорғаныс күштері әскери институтының түлегі. «Елбасының бала күнінде ұшқыш болуды армандағанын естігеннен кейін менің де ұшқыш болғым келді. Содан бері осы салада оқыдым, әлі де оқып келемін. Біздің өміріміз оқудан тұрады. Өйткені жерде теорияны 5-ке білсең, әуеде 3-ке білесің», дейді жас лейтенант. Оқуын бітірген соң, қызметін осы әскери бөлімде бастаған. Әуеге ең алғаш Л-39 ұшағымен көтерілген,  екі жыл ішінде 140 сағатын әуеде өткізіпті. Мирастың айтуынша, Қазақстан – әуе күштері әскер саны бойынша ТМД елдері арасында Ресейден кейінгі екінші орында.  

Авиация базасының сәні мен мақтанышы – соңғы үлгідегі Су-30 СМ ұшақтары. Бұл арнайы соғыс ұшақтары Ресейде құрастырылады. Тек Ресей, Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің әскерінде бар. 4++ үлгісіндегі әуе кемесінің салмағы – 28,5 тонна. Жылдамдығы – сағатына 1400 км. 12500 метр биіктікке дейін көтеріле алады. Бұл ұшақпен әуе соғысын жүргізу, жерүсті және суасты нысандарын жою, басқа азаматтық және транспорттық авиация ұшақтарын қорғау, бомбалау мен тосқауыл сияқты әрекеттерді орындауға болады. Оған қоса ұшақ 8 тонна жарылғыш зат көтеруге қауқарлы.

Су-30 СМ ұшағын екі адам басқарады. Ұшқыштардың формасы одан да ерекше. Арнайы матадан тігілген киімнің бағасы – 5 миллион теңге.  Ақтөбе әскери институтының тағы бір түлегі Темірлан Байменов ұшқыштардың киімі олардың орындайтын жаттығулары мен әрекеттеріне байланысты екенін айтады. «Әр ұшқыштың 12 аяқ киімі бар. Ұшақтың түрі мен тапсырмаға байланысты киімдер де ауысады. Су-30 СМ ұшағына арналған форма әуеде қан қысымының жоғарылауы, мидағы оттегі қажеттілігі сынды қауіпті жағдайлардың алдын алады. Форма арнайы құбырлар арқылы ұшаққа жалғанып, ұшақпен бірге жұмыс істейді, яғни ақылды киім», дейді лейтенант.

Темірлан Байменов

Темірлан 184 сағатын әуеде өткізген. Ұшуды бес жыл бұрын бастаған жас жауынгер әуеде өзін ерекше сезінетінін, жерден көтерілген соң барлығын ұмытатынын, жұмысынан шаршамайтынын айтады.

Ұшқыштардың өз наным-сенімдері жоқ емес. «Бұл атадан балаға берілгендей, ұстаздан шәкіртке жетіп отырады. Ұшаққа отырарда суретке түспейміз, бір-бірімізбен қоштаспаймыз. Бізге жеткен ережелердің барлығы – біреудің қателігі, біреудің өмірі. Оларды біз ойлап тапқанымыз жоқ, сондықтан сөзсіз, сенеміз» дейді Темірлан.

Сонымен бірге олар оқу-жаттығу барысында арнайы ұшақ макетімен тәжірибеден өтіп, жаттығады екен. Оқу барысында апатты жағдайға дайындық та қарастырылған. «Қорқыныш білмеген жағдайда ғана болады, ал біліп тұрсаң – қорқуға себеп жоқ», дейді Темірлан.

Ұшақтардың бабын жасап, қауіпсіз ұшып-қонуын қарайлайтын техниктердің де әуе қорғанысындағы үлесі зор. Аға лейтенант Ерсұлтан Жоламан «Ұшақтар әуеге аттанбас бұрын үш-төрт сағат дайындалады. Оның жанармай, гидро жүйесі мен қуаты міндетті түрде тексеріледі. Ұшақ жұмысы толықтай жердегі дайындыққа байланысты. Сондықтан, әрбір қозғалысына жауаптымыз. Бір ұшақтың дайындығы төрт кезеңнен тұрады», дейді.

Жаужүрек десантшылар

Бұдан соң журналистер тобы десанттық-шабуылдаушы әскерінің №48386 бөліміндегі барлаушылар тобына қарай бағыт алды. Бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Владимир Ульяновтың айтуынша, батальон 11 барлаушылар ротасынан тұрады. «Сұңқар», «Үкі», «Найза», «Орбита» деп аталатын роталардың әрқайсысы әуе, құрлық барлауымен қоса, байланыс, жаудың мүмкіндігін анықтау сынды жеке міндеттерге жауап береді. Бөлім 1962 жылдың 1 мамырында құрылған. Жабдықталған оқу-жаттығу кешендеріне қоса заманауи барлау техникасының үздігі осы жерден табылады. Атап айтар болсақ, үрлемелі «Ротан» қайығы, «Д-30» артиллерия гаубицасы, «КамАЗ» және «Лэндровер» үстіне орнатылған зениттік қондырғы мен радиостанса, «Василек» минометі, «БТР-80» және «Арлан» брондалған әскери техникалар – десантшылардың иелігінде. Барлаушылар келісімшарт негізінде қызмет етеді екен. Әскери бөлім – Ресейде өткен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

сурет: Қорғаныс министрлігінен

Әскери техниканың мүмкіндігін дәлелдеп, журналистерді таңғалдырған тағы бір жайт – Іле өзеніндегі суды тазартып, ішуге жарамды ету. Бұл десанттық-шабуылдаушы әскерінің инженерлік бөліміне тиесілі «ВОЗ-4» тазалау стансасы арқылы жүзеге асады. Бұған жауапты қатардағы жауынгер Еламан Егізбаевтың айтуынша, көлік ішіне орнатылған фильтр арқылы 1 сағатта 4 м3, яғни 4 тонна су тазалау мүмкіндігі бар. Бұл құрылғымен біздің жауынгерлер Ирандағы Тигр өзенінің суын тазартып, халқын ауыз сумен қамтамасыз еткен.

Одан кейін мина мамандары – саперлердің базасына аттандық. «Жағалау» инженерлік-саперлік бригадасының майоры Асхат Сержанов кинологтардың жұмысымен таныстырды.

Инженерлік-саперлік полк  командирі Бақытбек Тәжібаев сапердің қорқуы табиғи нәрсе, қорықпайтын сапер жақсы маман болмайтынын айтады. Саперлермен бірге «бельгия төбеті» де болды. Акира атты сенімді серік журналистердің сөмкесіне алдын ала жасырылған жарылғыш типтес затты оңай тауып берді. Сержант Сәрсенбек Оразаевтың айтуынша, ит тек бір адамды ғана тыңдап, иесі санағанның бұйрықтарын орындайды екен. Тапсырмасын сәтті орындаған төбетке иесі ойыншығын беріп, еркелетіп қойды.  

Тыныштық керек болса, соғысқа дайын болу керек

Журналистер қауымы әрі қарай химиялық қару, радиациямен зақымданған әскери техника мен әскерлерді зарарсыздандыру жұмысына куә болдық. Арнайы техника, тазалау құралдарымен ұрыс алаңынан қайтқан көлікті тазалап, жауынгерлерді сабынды сумен жуындырады. Бұл радиацияның тасымалдануын алдын алады. Бір сағатта бір взвод 7-8 көлікті тазарта алады, ал түгел рота жұмылдырылса, бір ауданды тазартып беруге күші жетеді. Радиация, химия және биологиялық қорғаныс батальонының командирі Саян Назарбаев батальон ядролық жарылыстың алдын алу, радиациялық, химия-биологиялық барлау, осыған байланысты ақпарат жинау, талдаумен де айналысатынын айтып өтті. Батальон бейбіт кезде Төтенше жағдайлар комитетімен де бірлесіп жұмыс істейді екен. «Мобильді батальон 2014 жылы құрылды. Химия – жылдам дамитын, өте арзан қару. Күн санап жаңа түрлері табылып жатады, сондықтан құралдарымызды да үнемі жаңартамыз. Радиацияны тексеру, зарарсыздандыруға қажетті құралдардың барлығы бар. Зарарсыздандырудың толық және жартылай түрі болады», дейді майор.

Көріп келгеніміздей, бейбіт күннің сақшылары үнемі дайындық үстінде. №58012 әскери бөлімі командирінің орынбасары Руслан Жылқыбаев «Тыныштық керек болса, соғысқа дайын болу керек» дейді.

Бейбіт күніміздің сақшылары төл әскеріміздің әлеуетіне сүйсініп, дайындықтарына тамсанған журналистер тобы жауынгерлік арсеналдардың қауқарына бағасын беріп, шеберлігін тек шерулерде көрсетуін тілеп қайтты. Отанымыздың тыныштығын бағып, шекарасын күзеткен әскеріміздің бүгінгі жұмысы осындай.

 

 

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20