Қазақстан • 08 Қараша, 2019

Алматыда «Egemen Qazaqstan» газеті 100 жылдық мерейтойын атап өтті

537 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық кітапханада «Ұшқыннан басталған Egemen Qazaqstan» атты ғылыми конференция өтті. Онда республикалық басылымның тарихы мен келешегі баяндалды.



Алматыда «Egemen Qazaqstan» газеті 100 жылдық мерейтойын атап өтті

«Egemen Qazaqstan» республикалық қоғамдық газеті — еліміздегі ең ерте жарыққа шыққан және ең танымал басылымдардың бірі. Газеттің алғашқы нөмірі 1919 жылы Орынбор қаласында «Ұшқын» атауымен жарық көрді. Басылым биыл республика көлемінде 100 жылдығын атап өтуде.

Алматыдағы ауқымды шараға «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагерлері, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер мен қала билігі өкілдері қатысты.

«Ұшқыннан басталған Egemen Qazaqstan» атты ғылыми конференцияда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев басылымды мерейтойымен құттықтады. «Құрметті қаламгер қауым, баршаңызды еліміздің әрбір азаматына етене таныс, республикадағы маңдайалды басылым — «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ғасырлық тарихы бар бұл газетті қолына ұстаған кез келген жан мұндағы әрбір ақпараттың шынайылығына, көтерген тақырыптың маңыздылығына кәміл сенеді. Себебі, газеттің кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты ешқашан өзгерген емес. Әлем мен қоғам, саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет, спорт пен туризм айдарлары бойынша тың ақпарат таратқан басылым парақтарында жаңашылдық пен ұрпақтар сабақтастығының ізі сайрап жатыр»,деді Бақытжан Сағынтаев.