Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте «Атырау облысының Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғаббас Хисметуллин мәлімдеді. Оның айтуынша, келісімге келе алмаған екі тараптың сенімін арттыруда Билер қызметінің тиімділігі ерекше. Осы орайда, атыраулық әріптестерінің тәжірибесін алу үшін Маңғыстау облысы билер кеңесінің мүшелері келді, дейді Ғаббас Хисметуллин.
Сондай-ақ Билер кеңесі мен облыстық сот «Билер кеңесінің мүшелерін соттардағы даулы істерге қатыстыру» туралы меморандумға қол қойған. Нәтижесінде, жыл басынан бері 250-дің үстінде даулы іс қарастырылған. Оның 168-і бітімгершілік жолмен аяқталды.
-Қаралған даулы істердің арасында отбасын сақтап қалу, алимент өндіру, пәтерден шығару, берешек қарызды өндіру, жол-көлік оқиғасымен келтірілген залалдарды өндіру, көршілер арасындағы даулар және тағы басқалар бар.
Атырау қаласы мен аудандарды бөлек-бөлек қарастырар болсақ, облыс орталығы бойынша 85 - дау медиация тәртібімен шешілсе, Жылыой ауданында – 11, Исатай ауданында – 15, Индерде – 9, Құрманғазыда – 9, Қызылқоғада – 22, Мақатта – 9, Махамбетте - 8 дау осы тәртіппен шешілген, дейді Билер кеңесінің төрағасы.