Руханият • 12 Қараша, 2019

Ақын және оның музасы

639 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Назарбаев Университет студенттері бірыңғай жаратылыстану бағытында білім алатындықтарына қарамастан, ән мен күй, жалпы дәстүрлі өнерге де барынша бейім екендіктерін көрсетіп, көрерменіне тамаша тарту жасады. Өткен жұмада Назарбаев Университеттің Ballroom Right залында өткен қазақтың ұлы ақыны, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Ақын және оның музасы» атты әдеби-театр­ландырылған кеште жарқырай көрінген талантты жастар өнері соған дәлел.

Ақын және оның музасы

Қазақ поэзиясының Құлагері атанған дүлдүл дарын, Алаш арысы Ілияс Жансүгірұлы мұрасын жан-жақты зерделеп, жіті тануға бағытталған тағылымды кеште ақын мен оның сүйікті жары Фатима Ғабитқызы арасындағы нәзік сезіммен өрілген сыршыл хаттардан үзінділер оқылып, М.Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясы мен Ілияс Жансүгірұлының «Күйші» поэмалары негізінде сахналық қойылым көрсетілді. Сондай-ақ ақынның «Құлагер» поэ­масы түпнұсқада және ағылшын тілінде жатқа оқылып, университеттің алғашқы түлектерінің бірі Нұрсұлтан Есенқұл мен АҚШ-тан шақырылған белгілі ғалым, университет профессоры Марк Лоуренстің орындауындағы Ақан серінің «Балқадиша» әні де көпшіліктің қошеметіне бөленді.

– Ілияс мұрасын мен шеті, шегі жоқ мұхитқа теңеймін. Қазақ сөз өнеріндегі теңдессіз құбылыс. Сондықтан да болар кешімізді оның бір ғана ақындығына арнауды жыр Құлагерінің жауһар мұрасына қиянат деп түсініп, талант табиғатын барынша сан қырынан ашуға күш салдық. Көркемсөздің зергері ғана емес, Ілияс әлемі қарапайым азаматтан бастап, ұлт тұлғасына айналғанға дейінгі өмірінің кезеңдері барынша жан-жақты зерделенді. Арнайы сценарий жазылып, сол негізде іздендік. Әсіресе ақынның «Күйші» поэмасы мен Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясынан біріктіре отырып түзілген инценировка тұлға табиғаты мен талантын тануға, өскелең ұрпақ санасына ұлтжандылық дәнегін себуге теңіздің бетіне тамған тамшыдай болсын септеседі, ықпал етеді деп сенеміз.

Ал «Құлагер» поэмасы мен Ақан серінің «Балқадишасын» қатар алуы­мызға тоқталсақ, бұл қос туынды арасында үлкен байланыс бар. Біріншіден, Ілияс Жансүгірұлының қаламына қанат бітірген «Құлагер» шығармасы Ақан сері есімімен тікелей байланыс­ты. Екіншіден, мен ақын тағдырын Құлагерге қатты ұқсатамын. Екеуі де ұлы мұратына жетпей Батыраштардың қолынан мерт болды. Ендеше арғымақ ғұмыр кешкен арда ақынның табиғатын жастар осылай танысын дегенді мақсат тұттым, – дейді жоба жетекшісі, Назарбаев Университеттің «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай.

Иә, арнайы шығармашылық немесе гуманитарлық салаға бейімделмесе де, еліміздің жетекші оқу ордаларының бірі Назарбаев Университетте білім алып жатқан химия, биология, медицина саласының болашақ білгірлері «жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» деген ертеден келе жатқан өнерге қатысты ұлт ұстанымын тамаша дәлелдеп берді. Ана тілі мен ағылшын тілін сұлудың қос бұрымындай еркін өрген талантты жастар осылайша ән мен жырдан шашу шашып, тарихына, біртуар тұлғаға тағзым етті. Тағылымды кеш соңында сөз алған Ілияс Жансүгірұлының жиен немересі Жанар Жандосова да өнерлі өрендердің талабына тәнті болып, атасының мұрасына көрсетіп жатқан құрметі мен ынта-ықыласына зор ризашылығын білдірді.

– Рас, атам өмір сүрген кезең ұлт үшін де, ұлттың ұлдары үшін де оңай болмады. Бірақ соған қарамастан жан-жағынан қаумалаған қауіппен күресе жүріп қайталанбас туындыларын өмірге әкелді. Бүгінгі Тәуелсіздігіміз үшін қасық қанын қиып, шыбын жанын ұлттың, бүгінгі біздің баянды болашағымыз үшін құрбан етті. Осы үшін де ең әуелі атам бастаған барша Алаш арысының рухына басымды иіп, тағзым етемін. Бүгінгі бақытты өміріміз, еңселі елдігіміз үшін сол кі­сілерге қарыздармыз. Одан кейін, әрине атама рухани демеу болып, өмірлік музасына айналған әжем Фатима Ғабитқызының да Ілияс Жансүгірұлы шығармашылығынан алар орны ай­рықша. Ол студенттердің дайындаған бүгінгі тамаша қойылымында да жақ­сы көрсетілді. Ерекше толқыдым. Та­лантты жастар өнеріне, ізденісіне шексіз алғысымды білдіремін, – деді тектінің тұяғы.

Тұлғатануға арналған тағылымды кеш осы университеттің «NU» халық аспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйімен түйінделді. Зал толы көрерменнің толассыз қошеметі Алаш арыстарының рухына жасалған мәңгілік тағзым еді...