Медицина • 12 Қараша, 2019

ЖИТС-ке қарсы іс-шаралар өтеді

894 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада 5 қараша мен 5 желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке (СПИД) қарсы күрес кампаниясы аясында іс-шаралар өтеді. Науқан туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, «Жария», «Болашаққа қадам», «Human Health Institute» және «Жизнь вопреки» үкіметтік емес ұйымдарының қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды.

ЖИТС-ке қарсы іс-шаралар өтеді

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қоғам­дастықтардың шешуші рөлі» тақырыбымен бір ай бойы өтетін дүниежүзілік нау­қан ха­лық­аралық, жалпыұлттық және жергілікті деңгей­лерде ЖИТС-ке қарсы іс-қимылдағы қо­­ғам­­дастықтардың шешуші рө­лін көрсетуге мүмкіндік береді.

АИТВ (ВИЧ) – адамның иммун тапшылығы вирусы. Бұл өте қауіпті жұқпаның бірі. Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­­­мының дерегі бойынша, 2018 жыл­­дың соңында әлемде 40 млн-нан астам адам осы жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен (ЖИТС) тіркелген. Елімізде АИТВ жұқтырған адам алғаш рет 1997 жылы анықталды. Содан бері 1653 қазақстандық бұл дертке шалдыққан.

Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС орталығының бас дәрігері Сә­бит Әбдірайымовтың айтуынша, биылғы 9 ай ішінде Нұр-Сұл­тан қаласында 155 АИТВ анық­талған. Бұл былтырғы осы кезең­мен салыстырғанда 6 адамға көп. Сәбит Әбдірайымов бұл статистика ауруды ерте анықтау мүмкіндігі артқанының нәтижесі екенін айта келіп, одан қорқудың қа­жеті жоқтығын жеткізді. Бүгінгі таңда елордадағы ЖИТС орталығында АИТВ-ға шал­дық­қан 1095 адам есепте тұр, оның ішінде 867 пациент анти­ре­тро­вирустық терапияны (АРТ) алады. Бұл мұқтаждардың 80%-ын құрайды.

«ЖИТС инфекциясының таралуына жауап беру үшін халықтың негізгі топтарының және АИТВ-ға шалдыққан адамдардың алдын алу, күту және қолдау бойынша қызметтерге қол жеткізуін ке­ңейту мақсатында 2018 жылдан бастап қалалық ЖИТС орталығы 2021 жылға дейін жаһандық қордың грантын алды. Грант аясында біз алдын алу қызметтерін, сондай-ақ АИТВ-мен ауыратын адам­дарға күтім мен қолдау көр­сететін 4 үкіметтік емес ұйым­мен ынтымақтасамыз. Өткен жыл­мен салыстырғанда АРТ-ты қамту 17%-ға немесе 247 адам­ға артты. ЖИТС-ті емдеу мем­­лекет бюджетінің есебінен то­­лы­ғы­мен тегін жүргізіледі. Ан­­тиретровирустық терапияны қабылдайтын және белгісіз дең­гейге дейін берілетін вирусы бар тұлғалар инфекцияны бас­қаларға жұқтыра алмайды. Бұл емдеудің жоғары тиімділігінің ең сенімді көрсеткіші және АИТВ-мен сырқаттанушылықты төмен­дету жолындағы жетістік», деді Сәбит Әбдірайымов.

Ұйым басшысының айтуынша, АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу бойынша іс-шаралар кешені нәтижесінде вертикалды жолының үлес салмағы 1%-дан кем. «Үкіметтік емес ұйым­дармен бірлескен жұмыс ар­қылы емдеу мен бақылаудан жалтарған АИТВ-мен өмір сүре­тін науқастарды диспансеризациялау­мен және емдеумен қамтуды арттыруға қол жеткіздік. Осылайша 1-2 жыл бұрын емін үзген 40-тан астам пациент емге қайта оралды. Осы уақытқа дейін АИТВ өлімге әкеліп соқтыратын қауіпті ауру және бұл адамдарды АИТВ-ға тексерілуден және өзінің АИТВ мәртебесін білуден қашқақтайтын басты себеп деген пікір болған. Бұл себеп те АИТВ жұқтырған адамдарға өз ауруы туралы ашық айтуға кедергі кел­­тіреді. Бірақ вирусқа қарсы терапияның жетістіктері бүгінде індет ағымын толық өзгертті. Яғни АИТВ өлімге апармайтын, созылмалы аурулар қатарына кірді. Жоғары белсенді АРТ ар­қы­лы вирустың балаға берілу қаупі айтарлықтай төмендеді. Яғни, инфекцияны жұқтырған әйелдер дені сау баланы дүниеге әкелді», деді С.Әбдірайымов.

Басқосуда елімізге биыл тір­келген, сілекей арқылы қыс­қа уақыт ішінде АИТВ-ны анық­­­тайтын жаңа экспресс-тест­тер таныстырылды. Ұйым­дас­­тырушылардың айтуынша, айлық кезінде Нұр-Сұлтан қала­сында АИТВ/ЖИТС туралы бі­лімді арттыру бойынша шара­ларды жандандыруға, АИТВ жұқтырған адамдарға қатысты стигма мен кемсітуді жоюға ба­ғытталған іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ бір ай ішінде жұрт көп жиналатын сауда-ойын-сауық орталықтарында, базарларда, вокзалдарда, әуежайда, «Барыс Арена» стадионында АИТВ-ға жедел тестілеу акция­лары өтеді. Сондай-ақ жастар ден­саулық орталықтарының во­лон­терлерін тарта отырып, сту­дент­терге арналған форумдар, дебаттар, флешмобтар, дөң­ге­лек үстелдер, викториналар ұйым­дастырылады.