Үкімет • 13 Қараша, 2019

Миссия басшысымен кездесті

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Марк Хортон бастаған Халық­аралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақ­стан бойынша миссиясының басшысы сарапшыларымен кездесу өткізді.

Миссия басшысымен кездесті

Үкімет басшысына Қазақстандағы экономи­ка­лық ахуал туралы ХВҚ сараптамалық бағалаулары мен болжамдары ұсынылды, олар биылғы қараша айындағы Қор қызметкерлерінің Қазақстан Республикасына сапарының қорытындысы бойын­ша миссияның Қорытынды мәлімдемесіне енгізілген.

Миссия Қазақстандағы экономикалық өсудің жоғары қарқыны сақталғанын нақтылады, бұл негізінен мұнайлы емес сектордың, ең алдымен, құрылыс және көрсетілетін қызметтер саласының есебінен қамтамасыз етілді.

«Алдын ала бағалаулар үшінші тоқсандағы үдеуді көрсетеді. Басты факторлар – тұтыну көлемінің артуы және инвестициялық қызметтің жалғасуы. Бұл бюджеттің қолдауымен, бөлшек несиелендірудің жоғары өсімімен, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы инвестициялық жобалармен байланысты», делінген ХВҚ миссиясының қорытынды мәлімдемесінде.

Үкімет басшысы Қазақстан экономикасы осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша тұрақты өсуге бет алғанын көрсетіп отырғанын атап өтті. Қазақстанның ІЖӨ-сі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4%-ға артты.

Тараптар ақша-несие, бағам, салық-бюджет саясаты, банк саласындағы ахуал, Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикадағы құрылымдық реформалар, сондай-ақ 2020 жылы Алматыда Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдеріне арналған ХВҚ-ның техникалық көмек бойынша Аймақтық орталығының ашылуы мәселелерін талқылады.

Кездесуге Премьер-Министрдің бірінші орын­басары – Қаржы министрі Ә.Смайылов, Ұлт­тық экономика министрі Р.Дәленов, Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атам­құлов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Кө­шер­баев және басқа да ведомстволардың өкілдері қа­тысты.

ХВҚ миссиясы ХВҚ Келісім бабының IV бабына сәйкес жыл сайынғы консультациялар өткізу үшін жылына екі рет Қазақстанға келеді.