Қоғам • 13 Қараша, 2019

Қоршаудан құтылған қала

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің қала бір-ақ күнде өзгеріп шыға келгендей болды. Айналадағы тіршілікке сергек қарайтын жандар оны бірден аңғарды. Тіпті күнделікті «үй-жұмыс, жұмыс-үй» деген үйреншікті маршрутқа әбден көндігіп алған самарқау кісілер де сол күні жан-жағына жалтақтап қарап, аялдамаға қарай асығып бара жатты.

Қоршаудан құтылған қала

Қала аумағы біртүрлі кеңіп сала берген секілді. Бұрын көзге түспеген үйлер, ғимараттар, аулалар енді көшедегі жұртқа қарап «қане, бізге енді қалай назар аудармас екенсіздер» дегендей кеудесін керіп, күлімсіреп тұрғандай болып көрінеді. Қаланың әдеттегі, қалыпты түр-түсі мен үйреншікті кескін-келбетіне тосыннан түрлі-түрлі бояулар қосылып, құлпырып кеткен бе дейсің.

Иә, сөйтіп, не болды, біз білетін Алматы аяқ астынан қалай өзгеріп шыға келді дейсіздер ғой? Ендеше, қараңыздар, сіздерге өтірік, бізге шын, осының бәрі де қарапайым ғана қарекеттен басталды.

Нақтылап айтсақ, сол кездегі қала әкімінің арнайы шешімі шығып, аз ғана уақыттың ішінде қаладағы үлкенді-кішілі қоршаулардың бәрі алынып тасталды.

Сөйтіп қоршаудан құтылған қала, құдды бір, құрсаудан босанған батырға ұқсап шыға келді.

Қаланың тынысы ашылды. Көзге де, көңілге де кеңістік керек екенін қала тұрғындары бірден сезінді. Оны тіпті, тұрғындар ғана емес, оларға келген қонақтар да бірден байқап: «Әй, мыналарың дұрыс болған екен. Бау-бақшамызға мал кіріп, ойрандап кетеді дейтіндей, ауылда отырған жоқсыңдар ғой! Бұрын неге қоршай бергенсіңдер, ей?!» деп кінә артқандай болды.

Рас-ау. Бірақ ауыл демекші, сол кезде менің есіме шарбақсыз ауылдар да болатыны түсе кетті.

Апыр-ау, ондай ауылдарды қайдан көрдіңіз дейсіз бе?.. Айтайын. Мен көрген шарбақсыз ауылдар бұрын Қазығұрт тауы мен Арыс өзенінің аралығындағы шөлейт өңірде болатын.

Біздің бала күнімізде олар үйінің төңірегін қоршау дегенді білмейтін-ді. Өйткені мал жеп, жемегенін тұяғымен таптап кетеді дейтіндей бау-бақшасы жоқ, дүние-мүлік атаулыға әу бастан-ақ қызықпайтын ақ көңіл ауылдарға оның мүлде қажеті жоқ еді. Сондықтан да, бүкіл ауылдың тіршілігі бір-біріне еш кедергісіз ап-анық көрініп жататын. Басқасын айтпағанда, қай үйдің қазанына қандай май, қанша ет салынғанына шейін белгілі болатын.

Әлі есімде, кешкілік есік алдындағы тапшанның үстіне дастарқан жайып, нан турап, табақ-аяқтарды әзірлеп жатқанымызда, қолында дәу тостағы бар көршінің баласы көзі жәудіреп келіп тұрушы еді. Оны көрген әке-шешеміз: «Оу, қонақ кеп қалыпты ғой. Кәне, төрге шық!» дейтін әзіл-шынын араластыра қауқылдасып. Сол кезде ол: «Жо-о! – дейді қыз сияқты сызылып. – Мені сіздерге атам жіберді. «Тұрсын келіннің пісірген тамағы дәмді болады. Бүгін кеспе көже пісірген-ау, деймін. Иісі мұрынды жарып барады ғой. Үлкен тостаққа молдау қып құйып бере салсын», дейді...».

Атасының сөзін айнытпай, дәлме-дәл жеткізген балаға шешеміздің мейірімі түсіп, қолындағы ыдысты алады да, қазандағы қою көжеден толтыра құйып: «Байқа, қолыңды күйдіріп алма. Мына майлық орамалмен мықтап ұста» деп ұсынады.

Қазір ойлап қарасам, соның бәрі де қым­таусыз көңілдің, ашық-жарқын пейілдің кеңдігі екен-ау, шіркін.

Бүгінде Батыстағы елдерге туристік сапармен барған кісілер тау биігіндегі, көл ор­тасындағы тас қамалдарды аралап, тарихи ғимараттармен танысады. Бір кездері онда да адамдар тұрғанын, сырттағы жаудан қорғанып, әрдайым сақ отырғандарын ішкі түйсікпен топшылайды.

Олардың қазір иесіз қалғаны – сол елдің бүгінгі тыныштығын, бейбіт өмірін паш етіп тұрғанын сезінеді.

Дау жоқ, қоршау, қамал дегендеріңіз, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сақтандырып тұратыны рас. Сондықтан үлкенді-кішілі қоршаулардың алынғанына біздің қаланың барша жұрты қол соғып, қуанып кетті десек, онымыз көрер көзге өтірік болып шығары анық. Өйткені «бұрын әрбір кеңсе, мекеме өз ауласын өзі күтіп ұстаушы еді, ал бүгінде бәрі қосылып, қай жерді кім сыпыратынын ұмытып та қалдық», деушілер де бар.

Бірақ шындап келгенде, қала тазалығы – бәрімізге ортақ міндет, ортақ игілік екенін ондай кісілер білмейді емес, біледі.

Ендеше, қаланың қоршаусыз әрі таза, кең болғаны ғанибет емес пе? Бұл да бір біздің моральдық жеңісіміз, мәдени жетістігіміз болып табылмай ма?

Ертеректе естуші едік, мұсылман елдері есіктеріне құлып салмай, емін-еркін қыдырып жүре береді екен деп. Ондай күндер қайда-а-а енді?.. Дейміз-ау. Қазір...

Жә, жарайды, бұл, әрине, басқа әңгіме.