«Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясындағы шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, аймақтағы зиялы қауым өкілдері, облыстық ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктер мүшелері қатысты.
Шараға келгендерді Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің өнерпаздары қобыз күйімен қарсы алды. Достық үйін С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы қорындағы туындылардан «Кенеп бетіндегі ауыл көрінісі» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы бойынша еліміздің барлық аймақтарында шаралар жүйелі ұйымдастырылып келеді. Біртұтас ортақ құндылықтарды қалыптастырудың негізі ретінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін дәріптеуді көздеген бастамаға ел тұрғындарының қызығушылығы ерекше.
– Біздің басты құндылығымыз еліміздегі ынтымақ пен бірлік екендігіне талас жоқ. Елдегі этностардың арасына жік түспей, бір мақсатқа жұмыла білгендігіміздің арқасында бүгінгі берекеге жеттік, – деп сөз бастаған облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов «Қазақтану» жобасының мән-мақсатын айтып өтті. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. «Алаштың анасы» атанған өңірде өтіп жатқан конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Шарада Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәпен Аңсатов «Қазақы діни таным және ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында баяндама жасап, тақырып аясында пайымды пікірлер айтты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ директоры Бағдат Кәрібозұлы «Сыр елі – руханияттың бастау бұлағы» тақырыбын қозғап, ұлттану бағытында жұмыстар аясын кеңейту жайында ой өрбітті.
Конференцияға Алматы қаласынан арнайы келген өнертану ғылымдарының кандидаты, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы Екатерина Резникова «Образы кочевой цивилизации в живописи Казахстана» тақырыбында баяндама жасады. Еліміздегі қылқалам шеберлерінің еңбектерін сырт мемлекеттерде насихаттап жүрген ғалым қазақтың көшпелі өркениетін сурет өнері арқылы танудың маңыздылығы жайлы айтты. Белгілі суретшілер Салихитдин Айтбаев, Қанафия Телжанов, Гүлфайруз Исмаилованың осы бағыттағы еңбектеріне тоқталды.
Филология ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Жазира Исаева «Ұлы дала паремиологиясы және ұлттық код» тақырыбындағы баяндамасында ұлттық таным жаңғыруы үшін ең бірінші тіл жетілуі тиіс деген ойын жеткізді.
Конференция соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, жоба аясындағы жұмыстар жайлы ұсыныс-пікірлер айтты.
Қызылорда