Аймақтар • 13 Қараша, 2019

Маскүнемдерді марапаттайтын медаль

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Арада үш ғасыр өткеніне қарамастан, мән-маңызын жоя қоймаған бір ерекше жәдігер жайлы айтпақпыз.

Маскүнемдерді марапаттайтын медаль

Оның өзін кездейсоқ адам­дардың жөн сілтеуімен таптық. Бір алқалы отырыста маскүнемдік мәселесі тал­қыланып, әңгіме ауаны «ақаңа» тойып алған жүргізушілердің жол жүрудегі жүгенсіз іс-әрекеттеріне ауысқанда жанымда отырғандардың бірі «шіркін, Петр біріншінің жазалау тәсілін қолданғанда мұндай бассыздықтар азаяр ма еді, бәлкім» деп қалды. Оның сөзіне журналистік әуестікпен құлақ түріп, елең ете қалдық. Кейін сұхбаттасымның айтуымен «жоғымызды» із­деп, об­лыстық полиция депар­та­менті музейінің есі­гін аш­тық. Шынында да мұн­да «Мас­күнемдік үшін» меда­лі­нің көшірмесі сары майдай сақтаулы тұр екен. Оны омбылық әріптестер тарту етіпті. Петр біріншінің жар­лы­ғымен бұл марапат 1714 жыл­дан бастап қолданысқа еніпті. Сірә, ішкілікке әбден салынып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған жандардың адам­гершілік ар-ұятын оя­ту­ға ойлап табылған әдіс тә­різді. Тек гвардиялық полкте қызмет еткендер болма­са қал­ған тұрғындарға еш­қандай артықшылық жа­салмаған. Мемлекеттік дең­гейд­е тәр­тіп орнатуды көз­деген бұл жазаға негізінен қара­па­йым тұрғындар тартылып, науқандық сипатпен шектелсе де өз тиімділігін көрсеткен.

«Медальдың салмағы сегіз килоға дейін тартып, ауырлығы жөнінен Гиннестің рекордтар кітабына енген. Оны «тағып жүрудің» өзіндік ережелері мен тәртіптері белгіленген. Полицей учаскесіне әкелінген жазаға тартылушының мойнына шойыннан құйылған, шынжыр салпыншағы бар қарғыбау іспеттес «медаль» кигізіліп, кемі бір аптаға дейін асып жүруге тиіс болған. Тәр­тіпсіздік қайталанған жағ­дайда «марапаттың» мерзімі ұзар­тылып, ал салмағы ауырлай түскен. Қызылжар өңірінде бұл жазаның қолданылған-қолданылмағаны туралы дерек жоқ. Император дүниеден өткеннен кейін қолданыстан алынып тасталған», дейді музей қызметкерлері.

Негізгі қылмыстардың түп-төркіні маскүнемдікке келіп тірелетіні әмбеге аян. Жыл басынан бері облыста ішімдік салдарынан ғана 661 қылмыс тіркелген. Оның ішінде мас жүргізушілердің кесірінен 14 жол-көлік оқиғасы орын алып, 1 адам көз жұмған, 21 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Ақаңа ықылық ата тойған жаяу жүргіншілердің көлік астына түсіп, өмірмен қош айтысқан, зардап шеккен деректері де жоқ емес. Трассаларда ішіп алып, көлік жүргізген бір мыңнан астам жүргізуші ұсталып, 700-дейі сот шешімімен үш жылға дейін жүргізушілік куәлігінен айы­рылған. Қоғамдық орындарда 10 мыңға жуық солтүс­тікқазақстандық мас күйінде құрықталып, жауапқа тартыл­ған. 174 маскүнем емдеу орын­дарына мәжбүрлікпен жі­бе­рілген.

Сау адамды ойланды­ратын мына фактілерге қа­ра­ғанда, алқалы отырыста кездес­тір­ген кейіпкеріміздің мас­кү­немдікке қарсы ымырасыз күресті қатаңдату жөніндегі ұсыныс-пікірлері негізсіз емес тәрізді. Петр біріншінікіндей болмаса да осыған ұқсас жол­дарын іздестіріп, тауып, тә­жірибеге қолданып көрсе, індетті кесел азаяр ма еді?!.

 

Солтүстік Қазақстан облысы