Спорт • 13 Қараша, 2019

Шайбалы хоккей: «Барыс» овертаймда жеңіске жетті

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті турын ойынын Череповец қаласында өткізген «Барыс» жергілікті «Северсталь» клубына қарсы ойнады.

Шайбалы хоккей: «Барыс» овертаймда жеңіске жетті

Қатарынан бес кездесуде ұтылып, қазақстандық көрермендердің көңілін құлазытқан жерлестеріміз бұл жолы көздеген мақсатына қол жеткізді. Бірақ бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Бірінші кезеңде айдын иелері есеп ашты. Таразы басын теңестіру үшін бақандай 27 минут қажет болды. Роман Старченко мен Даррен Дицтың тарапынан ұйымдастырылған шабуылды Эрик Тангрэйди нәтижелі аяқтады. Одан кейін тең есеп сақталып, ойын овертаймға ұласты. Бұл ретте «Барыстың» бағы жанды. Жеңіс шайбасын Антон Сагадеев соқты. Есеп – 1:2.

Осы күнге дейін 23 кездесу өткізген «Барыс» қазіргі кезде 32 ұпайды еншілеп отыр. Шығыс конференциясында Нұр-Сұлтанның хоккейшілері алтыншы орында тұрса, тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде сегізінші сатыға жайғасты.