Нұр-Сұлтан қаласында осымен жетінші рет ұйымдастырылған форум алаңында әлемнің 25 елінен келген ғарыш саласының 650-ден астам сарапшысы бас қосты. Премьер-Министр Асқар Мамин қатысқан форумның пленарлық бөлімінде Қазақстанның ғарыш жүйесінің жетістіктері мен перспективалары әңгіме болды.
Еліміздің ғарыш саласындағы басты жаңалықтардың бірі ретінде ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені құрылысының аяқталғаны туралы актіге қол қойылғанын айтуға болады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, бұл кешен отандық ғарыш саласын сапалы жаңа деңгейге көтермек.
– Бүгінде Қазақстанда екі телекоммуникациялық спутник бар. Біз осы саладағы мүмкіндіктерімізді одан әрі дамытуды көздейміз. Кеше ғана құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталды, яғни 2020 жылы біз өз спутнигіміздің жобасын жасап, өндіруге кірісу арқылы жаңа деңгейге көтерілуді жоспарлап отырмыз. Бұл Қазақстанның әлемдік ғарыш қауымдастығының толыққанды мүшесі ретіндегі бастамасы, – деп атап өтті министр.
Асқар Жұмағалиев форумға қатысқан Қазақстанның стратегиялық серіктестеріне, атап айтқанда, «Роскосмос» МК, Airbus, Азия-Тынық мұхиты ғарыш ынтымақтастығы ұйымы, OneWeb, Euroconsult басшылығына алғысын білдіріп, бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Осы шара аясында Асқар Жұмағалиев әлемдік ғарыш саласындағы сарапшылармен екіжақты кездесулер өткізіп, тиімді «ғарыштық» ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Екі күнге созылған форумда «Негізгі талқылаулар «Байқоңыр ғарыш айлағын дамыту», «Ғарыштан ЖДЗ және спутниктік навигация технологиялары», «Спутниктік байланыстың болашағы» бағыттары бойынша өтті. Алқалы жиын дүниежүзілік ғарыш қызметінің жетістіктерімен бөлісіп, озық тәжірибелермен алмасуда және отандық ғарыш саласын насихаттауда бірегей алаңға айналғанын айтып өткен жөн.
Форумға министрліктің стратегиялық серіктестері – Роскосмос, «Airbus Defence and Space», сондай-ақ отандық және шетелдік ұйымдар қатысуда, олардың ішінде: «М.В.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы», «М.Ф.Решетнев атындағы АСЖ» АҚ, «Транстелеком»АҚ, One Web, SES, «Leica Geosystems, Satrec Initiative», «Eutelsat» БАӘ ғарыш агенттігі, Украинаның мемлекеттік ғарыш агенттігі, жапондық аэроғарыштық зерттеулер агенттігі, THALES ALENIA SPACE компаниясы және тағы басқалар бар.