Агроөнеркәсіптік кешен – облыс экономикасының күретамыры. Мәселен, етті ірі қара малдың саны бойынша республикада 2-орын алады. Былтыр ірі қара саны 456 мың бас болса, биыл бұл көрсеткіш 495 мыңға жетті. Малдың басын көбейту үшін 15 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңдарын ашу жоспарлануда. 9 айда өңірде негізгі капиталға салынған инвестициялар 36%-ға артып, 388 млрд теңгеге жетті. Оның 90%-ы жеке инвестициялар. Қазір аймақта құны 1 триллион теңгеден асатын 42 жаңа ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып келеді. Оның нәтижесінде 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. 8 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен орындалып жатыр. Биыл жалпы құны 317,7 млрд теңге болатын 500 жұмыс орнын көздейтін 10 жоба іске қосылады. Атап айтқанда, газ дайындау қондырғысы, шарлы қалпақшалар өндірісі, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және өңдеу, кабель өнімдерін шығару, полиэтилен құбырларын шығару сынды жаңа өндіріс ошақтары кіреді. Сол секілді трансформаторларға арналған панельдік радиаторлар өндірісі, жиһаз фабрикасымен қатар Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінде газ өндірісіндегі шектеулерді алып тастау мен мұнай өңдеу зауыты сияқты жобалардың құрылысы қарқын алды.
– Батыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті өте жоғары. Аграрлық өнеркәсіп кешені, туризм және автомобильдердің транзиттік ағымын пайдалану және басқа салалар бойынша жаңа инвестициялық жобалардың пулын дайындап жатырмыз. Әлеуетті инвесторлардың сұрақтарына жедел және тиімді жауап беретін қызмет көрсету жүйесін құру ісі аяқталып келеді, – деді облыс әкімі.
Ақжайық өңірінде «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 16 миллиард теңгеден астам қаражатқа Орал және Ақсай қалаларында 17 көппәтерлі тұрғын үй, сондай-ақ ауылдық жерлерде 117 үйдің құрылысы іске асырылуда. Жыл қорытындысы бойынша 6 көппәтерлі тұрғын үй және ауыл-аймақтардағы 49 тұрғын үйді кезекте тұрған адамдарға жалға беру жоспарланған. Бұл шамамен 1080 пәтер. Осы жылы батыс өңірінде әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған 394 отбасы пәтер кілтіне ие болды. Олардың 243-і көп балалы отбасылар. Жеке инвестициялар есебінен биыл жалпы көлемі 386 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілмек.
– Жаңа жолдардың ұзындығы – 245 шақырым. Бұған шамамен 55 млрд теңге бөлінеді. Қазір мердігерлер анықталып, кейбір аудандарда жұмыстар басталып кетті. Жол құрылысын 2021 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалану мақсатында Самара облысымен шекарадағы «Сырым» өткізу бекеті кеңейтілді. Жобаның сомасы – 2,2 млрд теңге. Оралда «Нефтебаза» ауданында ұзындығы 1 шақырым және құны 5,2 млрд теңге болатын көпір қайта жаңғыртылуда. 1972 жылы салынған «Орал» халықаралық әуежайының терминалын қайта құру басталды. Бұл жолаушылар үшін ыңғайлы жаңа терминал болады, – деді Ғ.Есқалиев.
Бұдан басқа спикер 54 мыңнан астам халқы бар 40 ауылда сумен жабдықтаудың 29 нысанының құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары басталғанын жеткізді. Осы мақсатқа 4,3 миллиард теңге бөлініпті. Биыл ауыз су шамамен 35 мың адам тұратын 26 ауылға келеді деп күтілуде. Нәтижесінде халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 86,6%-ға дейін артады.
Ғ.Есқалиевтің айтуынша, өңірде денсаулық сақтау саласында негізгі көрсеткіштер бойынша оң үрдіс байқалуда. Бұл жалпы өлімнің 5,4%-ға және сәби өлімінің 19,9%-ға төмендегенін көрсетеді. Нәресте өлімін азайту үшін медициналық ұйымдар 17 мамандандырылған ультрадыбыстық аппараттармен жабдықталды және 38 маман туа біткен кемістікті ерте анықтау бойынша біліктілігін арттырған, деді аймақ әкімі.