Экология • 14 Қараша, 2019

Экологияны қорғауға адалдық керек

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Адалдық алаңы». Дәл осындай атаумен бас шаһарда жобалық кеңсе өз жұмысын бастады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен ашылған кеңсе мемлекеттік органдар мен ұйымдарда тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетіп, ықтимал тәуекелдерді анықтауға және жоюға септеседі, дейді тиісті ведомство өкілдері.

Экологияны қорғауға адалдық керек

Жобалық кеңсе жемқорлыққа қарсы қоғамдық сананы қалыптастырып, кабинеттік жүйеден open space, яғни ашық кеңсе форматына көшудің тиімді тетігі ретінде қарастырылып отыр. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын жасақтауда үлкен қадам деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев. Осы арқылы жауапты орган халықты қажетті ақпаратпен қамтып, ашық пікір алмасуды көздейді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жолдарын жылдам әрі сапалы пысықтауға мүмкіндік береді.

– Жоба қоғаммен ашық диалог құруға, мем­лекеттік қызметте жемқорлықтың алдын алатын заманауи стандарттарды ен­гізуге, сол секілді ықтимал тәуекелдерді анық­­тап, жоюға септігін тигізуге тиіс. Аза­мат­­­тар­­мен ақпараттық байланыс министр­лік­­­тің ресми сайтында және кеңінен таны­мал әлеу­­м­еттік желілерде іске асырылады. Осы арқылы жемқорлықпен күресті тиім­ді жүр­гізіп, халықтың министрліктің жұ­мы­­­сы­на тікелей ықпал етуіне жағдай жасал­­­мақ. Осы ретте министрлік қандай да бір туын­­­даған мәселелер бойынша жедел әрекет етуге дайын болады, – деді М.Мырзағалиев.

Аталған жобаны жүзеге асыруға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де қолғабыс еткен.

– Бұл кеңседе сыбайлас жемқорлықтың тәуе­келдерін алдын алудың тетіктері пы­сық­талып, өзара іс-қимыл жолдарын қарас­тырамыз. Сол сияқты осы жерде халық ұсы­ныс­тарын білдіре алады. Осында талқы­ланатын әр мәселе бойынша сараптама жасалады. Ең бастысы, орындалған жұмыстар ашық әрі баршаға мәлім болуы тиіс. Сонда ғана кез келген тәуекелді төмендетуге болады, – деді «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Айгүл Соловьева.

«Адалдық алаңының» сараптамалық кеңесіне үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауым­дастықтардың өкілдері кіреді. Бұл сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді ұйым­дастыруда, мемлекеттік органдар мен ұйымдар тарапынан көрсетілетін әкім­шілік кедергілерді жоюға, сондай-ақ биз­несті заңсыз тексеруден қорғауға және олар­дың мүдделерін қорғауға тың серпін береді деген үмітте жоба авторлары.