100 • 14 Қараша, 2019

Ел құрметі ерекше

357 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы мен «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында салтанатты шаралар легі өтті.

Ел құрметі ерекше

Ілияс ізі: «Еңбекші қазақтан» «Егемен Қазақстанға» дейін...

Басылымның басқарма тө­ра­ғасы Дархан Қыдырәлінің қа­­тысуымен І.Жансүгіровтің му­­зейінде ақын рухына тағзым жаса­­лып, әдеби-сазды кеш ұйым­дас­тырылды. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткен кеште жыр құлагерінің өлең­дері оқылып, Ілиястың жур­налистика саласындағы еңбек­те­рі­не шолу жасалды.

– Бұл ғасырлық мерейтойды ұлт тарихында орны бар ұлы тұлғалармен байланыстыра оты­рып, тағзым, тағылым сипа­тын­да өткізіп келеміз әрі бұл – аңтаңдаққа толы шежіре. Біз 100 жылдық қарсаңында басы­лым­ның өткен тарихын түгендеу үстінде «Egemen Qazaqstannyń» қазақ баспасөзінде репрессия дауылына ұшыраған газет еке­ніне нақты көз жеткіздік, – деді ақын музейіндегі кеш­те сөз алған газет басшысы.

Расында, бас басылымды бас­қарған 18 қайраткердің он бесі сол ке­зең­­де атылып, өзгесі қуғын-сүр­­гінге ұшыраған. Сондықтан газеттің 100 жылдық жылна­ма­­сы қазақ тарихынан тыс емес. Ал Ілияс Жансүгіровтің есімі «Egemen Qazaqstan» тамыр ала­тын «Еңбекші қазақ» газе­тімен тығыз байланысты. Ақын Мәскеудегі журналистика институтын аяқтағаннан кейін «Еңбекші қазақ» газетінде 3 жыл қыз­мет жасаған. Басы­лым­ның мерейтойын Жетісу же­рін­де атап өтуді Ілияс мұ­ра­ла­ры­мен сабақ­тастырудың бір себебі осында жатыр.

Талдықорғандағы жас ақ­ын-жазушы­лар мен зиялы қау­ым өкілдері қатысқан кеш­те облыс­­тық мәдениет бас­­қар­­ма­­сы­­ның бас­шысы Мәрлен Көлбаев, Қазақ­­стан халқы Ассамблеясы облыс­тық хат­шы­лы­ғының меңгеру­шісі Ғабит Тұр­сын­бай, Теке­лі қала­сы­ның әкімі Бахтияр Өнер­ба­ев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу уни­верситетінің оқытушысы Мұрат­бек Иманғазиновтер сөз алып, ақын шы­ғармашылығы мен «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жыл­дық тарихына қа­тысты әңгіме өрбітті.

 Жас толқын назарындағы бас басылым

Кезекті шара І.Жансүгіров атындағы Жетісу универ­си­те­тін­де жалғасты. Мұнда студенттер қауымымен кездесті. Еркін әңгі­ме­лесу қалыбындағы жүз­де­суде жетісу­лық жастар «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихы мен ұлт баспа­сөзіндегі орны­на, редакция жұмы­сы­ның ер­екше­­лігіне қызығушылық та­ны­­тып, ин­тер­­нет журналистика мен дәс­түрлі баспасөз, қазіргі заман­да­ғы әлемдік трендтер, шетел жур­на­лис­тикасындағы ерек­ше­лік­тер, танымал газеттердің ішкі ахуалы жайында сауал қойды.

– Интернет технологиясы дамыған заманда жас­тар­дың дәстүрлі баспасөзге қызы­ғу­­шылығы төмендегенін айтып жатамыз. Алайда, біздің сту­­денттеріміздің «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихы мен редакцияның жұмысына қызы­ғу­шылығы зор. Журналистика ма­ман­дығын таң­да­ған жастардың ертең шебер жазатын кәсіби журналиске айналуы үшін біліммен қатар тәжірибе мектебі де қажет. Осы мақсатқа жету үшін білімгерлердің қазақ бас­па­сөзінің қарашаңырағы – «Egemen Qazaqstan» газетіне қызы­ғушылығы заңды. Жүз­жыл­­дық тарихы бар басылыммен кез­десу өткізуді студенттер өтінгелі біраз уақыт болған еді, сол мерейлі сәт мерейтойы қарсаңында орындалды. Біз алдағы кезеңде бас басылыммен тығыз байланыста боламыз, – деген университет ректоры Марат Баймырзаев ғылыми кеңестің шешімімен «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Құрметті профессоры атағы берілгенін жариялап, арнайы белгі тапсырды.

 Кемшілікті кейде БАҚ арқылы білеміз

Жалпы Ал­маты облы­сының даму қадам­да­рын «Egemen Qazaqstan» газеті үнемі жазып, көр­сетіп келеді. Елдің игі­лі­­гіне қызмет ету –  ортақ мін­де­т.

Шара аясында басылымның бас­қарма төрағасы Дархан Қыдырәліні Алматы облысының әкі­мі Амандық Баталов арнайы қа­был­дады. Жылы шырайлы кездесуде облыс басшысы өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы жөнінде қысқаша әңгіме­ле­ді. Әкім аймақтағы ауыл шаруа­шылығы, соның ішінде қант өндірісі, жүгері өсіру, мал борда­қы­лау жайына, әлеуметтік қорғау шараларына, туризмді өркендету ісіне тоқталды. Атқарылған істер­­ді халыққа жеткізудегі «Egemen Qazaqstan» газетінің ор­­ны ерекше екенін де атап өтті.

– Бүгінде интернет-журналистика дамыды, блогерлер бел­сенді деп жатамыз, бірақ сөзі сал­мақты, мәселелерді ба­йып­­ты, объективті бере алатын газет­тер­дің орны қашанда бө­лек. Осын­дай басылымдар – әрдайым біз­­дің басты мін­бе­рі­міз. Кейде аймақ­­тардағы кем­шіліктерді БАҚ ар­қылы бі­ліп отырамыз. Бұл жағы­нан бізге сын материалдар да көмек­теседі. Себебі біздің барлық жерге баруға мүмкіндігіміз бола бермейді. Сондықтан сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз. Биыл «Egemen Qazaqstan» басылымына 100 жыл толып отыр. Бұл – үлкен белес. Мерейтойлық шара­ларға Алматы облысы да бел­сене атсалысады. Біз өз тара­пымыз­дан қашанда қолдау көр­се­ту­ге да­йынбыз, – деді өз сөзінде Аман­дық Баталов.

 Ардагер журналистерге – лайықты марапат

Ілияс Жансүгіровтің 125 жыл­ды­ғы мен «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерей­тойы аясындағы шара Сал­танат сарайында газет ардагерлерімен және жер­гі­лікті БАҚ өкілдерімен кездесуіне ұласты.

Жиында сөз алып, бас басы­лым­ды 100 жылдық мерейтойымен құттықтаған облыс әкімі­нің орынбасары Батыржан Бай­жұ­ма­нов:

– Биыл «Egemen Qazaqstan» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отаны­мыз­дың бас газеті» деп жоғары баға бер­­ген басы­лым ғасырлық межеге үл­кен­ абыроймен жетті. Бүгінгі «Egemen Qazaqstan» – жаңа тұрпатты, жоғары дең­гейдегі бас­ы­лым. Еліміздің өркен­деуі мен жаңғыруының нағыз жар­шы­­сы. Же­тісу жерінің жетістігі мен жа­ғымды жа­ңалығы 100 жыл­дық тарихы бар газеттің беті­нен көрі­ніс тауып отыр. «Egemen Qazaqstannyń» Алма­ты облы­сын­дағы меншікті тілшісі болып қызмет еткен газет ардагерлері мен журналистердің қаламынан туған мақа­лалар біздің барлық са­ладағы табысымызды байтақ елімізге паш етті. Әр жылдары газет тілшісі болған Батық Мәжитұлы, Күмісжан Байжан, Нұр­бол Әлдібаев, Алмас Нүсіп сияқты қаламы жүйрік жур­на­листердің еңбегін Жетісу оқыр­ман­дары жоғары бағалайды, – деді.

 Салтанатты шарада басылым басшысы газетте әр жылдары еңбек еткен Ғайыс Егембердиев, Әли Ысқабай, Батық Мәжитұлы, Күмісжан Байжан, Нұрбол Әлдібаев сияқты ардагер журналис­терге құрмет көрсетіп, «Egemen Qazaqstan» газетіне 100 жыл» мерейтойлық медалі­мен марапаттады.

 

Алматы облысы