Руханият • 14 Қараша, 2019

Хазіреттер қазынасы

1096 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Астрахан ауданының Жалтыр стансасы маңында «Әулиелер ордасы» атты көне қорым бар. Жергілікті жұрт оны «Тоғыз әулие зираты» деп атайды. Өйткені бұл жерге Арқа өңіріне белгілі халқымыздың діни-рухани ағартушылары жерленген.

Хазіреттер қазынасы

Өткен жылы аталмыш нысанды елі­міздегі қасиетті мекендер тізіміне  қосу үшін Ақмола облысы мәдениет бас­қар­масы экспедиция ұйымдастырып, зерт­­теу жүргізіпті. Осындағы ғылыми тұ­­жы­рымдамада: «Тоғыз әулие» зира­тына отыз­ға жуық адам жерленген. Бар­лығы дерлік діни ағартушылар мен ай­маққа беделді дін күткен қажылар. Бұл жер­ге – Ақмола округінің аға сұлтаны Жайық­байдың Ыбырайы және Жанбатыр ха­зірет, Құтан хазірет, Аллажар хазірет, Жан­тас хазірет, Әлтә хазірет, Мұса хазірет, Шер­нияз қари, Нұртаза хазірет, Сәдуақас хазі­рет, Көпей хазірет, Бақберген хазірет, Жа­­қып молда және басқалар жерленген» де­лі­ніпті.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғарыдағы ха­зі­рет­тер заманында өмір сүрген діни ағартушы-ғалымдардан қалған жазба мұралардың тұсауы кесілді. «Әулиелер ордасы» деген атпен жарық көрген бұл кітапқа: Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Аббас Омарұлы, Батырқожа Басарұлы, Садық Теңізұлы, Сұлтан Еділбайұлы, Мұқаш Түктібайұлы, Құтан Әлібекұлы, Аллажар Бекенұлы, Жанбатыр Жақыпұлы, Мұса Шонаұлы, Бекберген Тілеуімбетұлы, Баймұхаммет Құлыбекұлы, Айдөке Жанқұлұлы, Баттал Жүсіпұлы, Ше­рияз­дан Ниязмұхамедұлы, Нұртаза Құдай­бергенұлы, Баһауддин Айдаболұлы, Әлмұхамед Толқынбайұлы, Қосмұхамет Кенжекейұлы қатарлы адамдардың қала­мынан туған – хаят, хәдис, қосарлы бәйіт­мысал жырлары енгізіліпті.

Жиналған көпшілікке тұсаукесер шара­­ның маңызы жайлы хабардар еткен алаш­танушы-академик, жоғарыдығы хазі­реттер қазынасын оқырманға ұсы­нушы­лардың бірі  Дихан Қамзабекұлы, қазіргі өз қолымыз өз аузымызға жеткен заманда ру­ханият ұлыларын ұлықтап, болашақ ұр­пақ үшін сабақтастықты сақтау –  көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматтың басты парызы екенін айтып, мұндай іске сер­пін беріп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қы­ры» атты бағдарламалық еңбектері деген пайым жасады.    

Әрине, халқымыздың рухани ұйыт­қысы болған дегдар тұлғалар еңбегін наси­хаттау, жарыққа шығару, өскелең ұрпаққа дәріптеу – ұрпақтың асыл мұраты. Бұл – келешекке діни-рухани бағдар беру үшін де маңызды қадам.  Кітапқа жазбасы енген адамдардың (Мәшһүр Жүсіптен басқа) барлығы дерлік «Әулиелер ордасы» орналасқан өңірде өмір сүрген қажы-хазіреттер, сөз ұстаған көсем молдалар екен.

Кітапты жинақтаушылардың бірі дінтанушы Кеңшілік Тиышханұлының ай­туына қарағанда, бізде ғұламаны тану мен табудың, бағалау мен бағамдаудың, түсіну мен түйсінудің, ардақтау мен асқақтатудың өзіндік жөн-жобасы болған. Бұл туынды соны еске салады. Біз қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жер мен киелі орындарға мән бере бастадық. Бұл туындыға жазбасы топтастырылып отырған тұлғалар өз зама­­нында рух азаттығы мен руханият жауап­кершілігі үшін күрескен адамдар. Нақ­тырақ айтқанда «Әулиелер ордасы» қоры­мында байыз тапқан Жақып мол­даның айналасында өмір сүрген діндарлар екен.

Яғни, «Әулиелер ордасы» өз дәуірінде қазіреттер қазынасының қайнары болған көрінеді. Осы қайнардан нәр алған адамдар ислам құндылықтары мен дәстүрді терең білген. Соның арқасында жұртты жақсылыққа үндейтін, берекеге шақыратын жырлар жазып қалдырған. Өкінішке қарай, бұл жазбалар бізге толық жетпеген. Қуғын-сүргін жылдары тәркіленген, жойылған.

Дегенмен нәубет жылдарының өзінде көзі ашық, көкірегі ояу, хат танитын Зияш Алдабергенұлы, Ғабдіжәлел Сәдуақасұлы қатарлы адамдар елдің қолында қалған бірлі-жарым қазынаны көшіріп алып, сақ­таған. Осы адамдардың жанкешті еңбегінің арқасында бұл мұра бізге жетіп отыр.

Ғабдіжәлел Сәдуақасұлы болса атақты Шонтыбай хазіреттің жиені. Ал Шонтыбай қажы жайлы білімдар-ғұлама атамыз Мәшһүр Жүсіп «Құтб-заман Шонтыбай хазірет» атты дастан жазған. Құнды жазбаларды жеткізген екінші тұлға – Зияш Алдабергенов кезінде Уфадағы «Ғалия» медіресесінде білім алған, ел арасында «Зияш молда» атанған қадірлі жан екен. Осы Зияш атамыз 1924 жылы Сәкен Сейфуллиннің ықпалымен бүгінде 100 жылдық мерекесін тойлағалы отырған «Егеменнің» ежелгі атауы «Еңбекшіл қазақ» газетінде қызмет атқарыпты. 

Табылған қолжазбаларды саралап, кейбір арабша мәтіндерге түсініктеме берген дінтанушы маман Марат Смағұлов: «Бұл жинаққа енген материалдардың маз­мұнына және мәтініне қарасаңыз, әртүрлі қолдан шыққанын аңғарасыз. Біріншіден, бұл – дерегі аз дәуірдің мәлімет жүгін арқа­лаған қолжазба кітабы, нақтырақ айт­сақ, қазақ «самиздаты». Екіншіден, қолжазба дәптердегі материалдардың авторы көрсетілген. Бірақ мұны осы мұраның жан­күйерлері хазіреттердің өз аузынан жазып алды ма, кейінірек хатқа түсірді ме – ол жағы да терең зерттеуді қажет етеді. Үшін­шіден, біз бүгін осы қолжазбаларды бізге жеткізген Ғабдіжәлел Сәдуақасұлы мен Зияш Алдабергенұлының еңбегін жан-жақты байыптап, баға бергеніміз жөн» дейді.