Аталған шараның мақсаты түрік елінің үздік кино туындыларын бауырлас елдің көрерменіне ұсына отырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың дамуына үлес қосу. Екі бауырлас елді бір-біріне жалғап отырған көпір іспеттес түрік кино өнімдері қазіргі күні әлемде өте танымал. Қазақ көрермендері түрік сериалдары мен кинофильмдеріне үлкен ықылас танытуда.
Түрік фильмдері аптасы аясында елордалықтардың назарына сегіз түрік кинотуындысы тегін ұсынылады. Олардың арасында «Ұзын хикая», «Көбелектің түсі», «Ұмытсам сыбырла», «Ертұғырыл 1890», «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды», «Сиқыршы», «Қызыл орамалды шынарым» сияқты фильмдер бар.
Қазіргі күні мәдениет пен өнер ордасына айналып үлгірген Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтары, түрік фильмдері аптасында Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы тарапынан көрсетілетін фильмдердің барлығын ақысыз тамашалай алады. Шара 18-25 қараша аралығында «Керуен» ОСО, Кинопарк 7 кинотеатрында өтеді. Көрсетілім уақыты сағат 19.00.