Кәсіпқой бокс • 14 Қараша, 2019

Қанат Ислам Хайме Мунгиямен жұдырықтасуы мүмкін

662 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әйгілі Boxingnews24.com сайтында келесі жылдың 11 қаңтарында АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында өтетін бокс кешінде WBO нұсқасы бойынша бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы, мексикалық Хайме Мунгияның кіммен жұдырықтасуы мүмкін екені жайында ақпарат жарияланды.

Қанат Ислам Хайме Мунгиямен жұдырықтасуы мүмкін

Үміткерлер қатарында сегіз боксшының есімі аталған екен. Солардың қатарында біздің Қанат Ислам да бар. Жуырда ғана қандасымыз Алматыда өткен жарыста Нигерияның мықтысы Уолтер Каутондокваны 10 раундтық бәсекеде ұпай санымен ұтқаны есімізде. Қазақ жігітінен бөлек, австралиялық Джефф Хорн, Уолтер Каутондоква, уэльстік Лиам Уильямс, ағылшын Энтони Фаулер, америкалық Имманувел Алим, Уго Сентено және Брэндон Адамс та айтулы боксшыға қарсылас атануы мүмкін.

Ал Хайме Мунгия жайында айтар болсақ, ол 23 жаста. Мексиканың тумасы кезінде бірнеше белді нұсқалар бойынша әлем чемпионы атанған әйгілі Антонио Маргаритомен бір залда жаттығып, сақа спортшыдан көп тәлім алды. Қазіргі кезде Ноэ Альварес пен Роберт Алькасар сынды білікті бапкерлердің қол астында жаттығуда. Сонымен қатар Хайменің әкесі де осы спорт түрін серік етіп, аса ауыр салмақта өнер көрсеткенін де айта кеткен абзал.

Кәсіпқойлар арасында өзінің тұсаукесер кездесуін Мунгия 2013 жылдың 13 шілдесінде өткізді. Ол кезде Хайме небары 16 жаста еді. Осы күнге дейін ол барлығы 37 мәрте рингке көтеріліп, барлық қарсыласынан басым түсті. 27 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. 2018 жылдың мамыр айында өткен жарыста АҚШ-тың өкілі Садам Әлиді төртінші раунда ұрып жыққан Мексиканың жас перісі бірінші орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Сол атағын ол ұлыбританиялық Лиам Смит, канадалық Брэндон Кук, жапониялық Такеши Иноуэ, ирландиялық Денис Хоган және ганалық Патрик Аллотиге қарсы айқастарда сәтті қорғады. 

Бұл күндері барша қазақстандық жанкүйерлер Хайме Мунгияның таңдауы Қанат Исламға түссе екен деп тілеп отыр. Себебі, қандасымыздың кәсіпқой рингте күш сынасып жүргеніне жеті жылдан асты. Сол аралықта 27 жекпе-жек өткізген ол барлығын жеңіспен аяқтады. 21 қарсыласын есінен тандырды. Соған қарамастан 35 жастағы қазақ боксшысы үшін белді нұсқалардың алтын белбеуі үшін таласудың орайы бір келмеді. Әрине, бұл көңіл құлазытатындай жағдай. Ал егер жоғарыда жоспар жүзеге асса, кәсіпқойлар арасында өзін түбегейлі мойындатуға Қанат бауырымыз үшін тамаша мүмкіндік туындайды.