Қаржы • 15 Қараша, 2019

Теңгенің тегеуріні

474 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Төл валютамыздың айналымға шыққанына ширек ғасырдан асты. Осы 26 жылда ел экономикасындағы һәм халықаралық нарықтағы аумалы-төкпелі жағдайларға байланысты теңгенің теңселген тұстары болғаны рас. Ұлттық банк пен Үкімет жыл сайын инфляция дәлізін белгілеп, дербес қаржылық, экономикалық жүйемізді нығайтудың қамын жасап келеді.

Теңгенің тегеуріні

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында ұлттық валютаның әлеуетін күшейту, ел­дегі ақша-несие саясатына бір­неше мәрте тоқталып, Ұлттық банк пен Үкіметке тиісінше тапсыр­ма жүк­тегені мәлім. Мәселен, тұ­ты­ну несиесінің тым көптігін сын­ға алып, жедел шара қабылдау ке­рек­тігін қадап айтты. «Ақша-несие саясатының тиімділігінің аз­дығы ел экономикасын дамы­туға тежеу болып отыр» деді Қ.То­­қаев. Екінші деңгейлі банк­тер­­­­дің акт­ивтерін тәуелсіз бағалау Пре­­зи­­д­енттің тапсырмасы бойынша бас­­талды. Түптеп келген­де, мұ­­ның барлығы қаржы институт­тары­­ның жұмысын жөнге салуға бағытталған.

Тәуелсіз мемлекет экономи­ка­сының темірқазығы төл валюта­сы екені түсінікті. Сонау тоқ­са­нын­­шы жылдары қабыл­дан­ған тағ­­дырлы шешім арқылы жа­­рық­­қа шыққан төл теңгенің қазақ үшін орны әманда бөлек. Сол се­бепті кейінгі жылдары Еура­­зия­лық экономикалық одақ ішін­де «ор­тақ валюта» туралы әңгі­мені қо­ғамн­ың ауыр қабыл­дауы бе­кер емес. Ұлттық банк осы тө­ңі­­­рек­­тегі алып-қашпа әңгі­мені бір­­­неше рет ресми түрде теріс­ке шы­ғар­­ға­нымен, халық көке­йін­дегі алаң­ның сейілмеуі де соған байланысты.

Жалпы валюталық интеграция туралы идеяны 2016-2017 жыл­д­ард­ан бастап Ресей тарапы ұ­сына бастады. Олардың пікі­рінше, ортақ валюта болмайынша, экономикалық интеграция «шикі» болмақ. Ал биылғы жыл басында Еуразия даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов ор­тақ валютаға дереу көшу ке­рек­тігін, тіпті жаңа валютаның «рубль» деп аталуы қажет екенін айтты. Айта кетерлігі, Еуразия даму банкі акциясының 65,97 пайызы Ресей Федерациясына тиесілі. 32,99 пайызы Қазақстан Республикасының иелігінде болса, қалған одақтас елдердің үлесі 1 пайыздан төмен.

Ресейлік тәуелсіз сарапшылар мен банкирлердің ұсынысы өз алдына, соңғы бір жылда одақ­тас елдердің мемлекеттік орган­дары да отқа май құя түскенін байқадық. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Ресейдің Қар­жы министрлігі Еуразиялық эко­номикалық одақ елдері ара­сын­дағы трансшекаралық есептесу жүйесінде бірыңғай электрон­ды валюта енгізу қажеттігін мәлім­деді. Ортақ электронды валю­та түгілі жалпы электронды ақша­ның не екенін толық түсінбей жатқанда аталған идея ақылға қонбайды деуге болады.

Ал осыдан бірер ай бұрын Бе­ла­русь Президенті А.Лукашен­ко­­ның сөзі салмақтырақ шықты. «Б­үгін­де бізге ортақ валюта туралы ұсы­­ныс айтылып жатыр. Ре­сей­­­дің ақ­шасы да рубль, біздікі де руб­ль. Ортақ валютаны, әрине, «руб­ль» деп атаймыз. Кімнің рублі екені ма­­ңызды емес. Ең бастысы, бұл ор­­тақ ақша болады», деген еді ол.

А.Лукашенко мен В.Путиннің ортақ валютасы Еуразиялық эко­номикалық одақ ішіндегі келісім емес, өзара одақтас мемлекет құру туралы бастамаларының бір тар­мағы болуы мүмкін. Қалай де­генде де, мейлі ресейлік сарапшылар, мейлі одақтас елдің прези­денті ұсынсын, Қазақс­тан билігі ор­тақ валютаны қолдамайтыны анық.

Күні кеше ғана Мәжілісте «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ара­сында қаржы нарығы саласын­да заңнаманы үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Осыған орай көпшіліктің көкейін­де Ұлттық банк пен Парламенттің ұстанымы екі бөлек пе деген де ой туындады. Әрине, бұл ортақ қаржы нарығы мен ортақ валютаны шатастырудан туған ұшқары пікір. Ортақ қаржы нарығы – әр елдің ұлттық немесе орталық банктерінің ақша-несие саясатын біркелкі ету. Толығырақ айтар болсақ, Мәжіліс қабылдаған заң жобасы бойынша одақтас елдердің ұлттық немесе орталық банктері қаржы нарығы қатысушыларын тіркеу, халықаралық стандарттар бойынша қаржы нарығы саласындағы қатерлерді реттеуді бірдей жүргізу, қаржы нарығы қатысушыларын бірдей бақылау, бір ел берген лицензияны одаққа мүше мемлекеттердің бәрінің мо­йындауы, қаржы нарығындағы ақ­паратпен бөлісу сынды талап­­тарды орындауы керек. Ал ор­тақ валюта – жоғарыда аталған­дай, одақтас елдер арасында бірың­ғай ақша пайдалану деген сөз. Оны Еуроодақтағы еуромен са­лыстыруға болады. Бұл мем­ле­кет­тің валюталық тәуелсіз­дігі­нен айырылуын білдіреді. Яғни, халықтың көпшілігі қазір ортақ қаржы нарығы дегенге үрке қарап, ортақ валюта деп түсініп жүр.

Бірер күн бұрын Ұлттық банк «ортақ валюта» туралы кезекті алып-қашпа әңгімені кезекті мәр­те жоққа шығарды. Ондай әң­гі­ме әдейі ұйымдастырылып отыр­ғанын мәлімдеді. Ұлттық банк төрағасы айтқандай, ортақ вал­ю­­та енгізу мүлде қарасты­рыл­­май­ды. Әр мемлекет өзінің тәуел­сіз валюталық саясатын жүргізеді.