Әлем • 15 Қараша, 2019

Ең қымбат ұлттық брендтер

2034 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Brand Financ компаниясы жыл сайынғы дәстүр бойынша 100 ұл­т­тық брендтің рейтингін жасады. Бұл туралы Ranking.kz хабарла­ды. 100 ұлттық брендтің тізімінде Қазақстан 44-орынға табан тіреді.

Ең қымбат ұлттық брендтер

Brand Financ компаниясы сарапшыларының айтуынша, елдің бренді оның халықаралық абырой-беделіне ықпал етеді, бүгіні мен болашағын көрсетеді. Сол мемлекеттің әлеуметтік-эко­номикалық жағдайын, әлемдік экономикада бәсекеге қаншалықты қабілетті екенін де білуге болады.

Сонымен, биыл дамушы ел­дер­дің ұлттық брендінің өсім қар­­қыны дамыған елдерден жо­ғары екені байқалады. Даму­шы елдерде бұл көрсеткіш 13,9 па­йыз болса, дамыған елдерде бар-жоғы 0,4 пайыз шамасында.

Рейтингтің көш басында жылдағыдай АҚШ, Қытай, Гер­мания үштігі тұр. АҚШ брендінің құны 27,8 трлн доллар болса, Қытай бренді 19,5 трлн дол­ларға бағаланды. Германия брендінің бағасы – 4,9 трлн доллар. Үздік бестікті Жапония (4,5 трлн доллар) мен Ұлыбритания (3,9 трлн доллар) түйіндейді. ТОП-10 ұлттық бренд тізіміне Франция, Үндістан, Канада, Оңтүстік Корея және Италия енгенін айта кету керек.

Қазақстан биыл әлемдегі ең қымбат ұлттық брендтердің тізімінде былтырғы 51-орыннан 7 сатыға көтеріліп, 44-орынға тұрақтады. Бұған дейін біздің ел бұл рейтингте мұншалықты көтеріліп көрмеген. Португалия, Румыния, Венгрия, Словакия сын­ды Еуропаның бірқатар ел­і біз­ден төменгі сатыға ор­на­ла­сып­ты. Ұлттық бренд құнының көтерілу қарқыны бойынша да еліміз 8-орында тұр.

Ұлттық брендтерді есептеуде не­гізінен экономикалық, де­мо­гра­фиялық және саяси фак­тор­ларға басымдық беріледі. Ин­вес­т­и­ция көрсеткіштері, туристер­ге тар­тымдылығы  да назарға алынады.