Қоғам • 15 Қараша, 2019

Мемлекет банктерге қолұшын соза ма?

244 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет экономикасының темірқазығы төл валютасы екені түсінікті. Қазақ елі дербес қаржылық-экономикалық саясатын қалыптастыруға тәуекел еткеніне ширек ғасырдан асып барады. Жаһандық нарықтағы құбылмалы ахуал Қазақстанның да қаржылық нарығына ықпалын тигізуде. Биыл да еліміздің қаржылық және ақша-несиелік саясатында бірқатар өзгеріс болды.

Мемлекет банктерге  қолұшын соза ма?

Мемлекеттік органдар мен тәуелсіз бағалау ұйымдары жыл басынан бергі елдегі қаржылық және ақша-несие саясатының алдын ала мәліметтерін жариялай бастады. Бұрнағы жылдардай емес, биыл елдегі қаржылық және ақша-несие ахуалы мұнай баға­сы мен макроэкономика­лық қаты­настар секілді сырт­қы фак­тор­лардан ішкі өзгеріс­тер­ге көбі­рек тәуелді болғаны байқалады.

Жалақы мен әлеуметтік тө­лем­­нің өсуі салдарынан ха­лық­­­т­ың сатып алу қабілетінің артуы инфляцияны күшейтіп, тиі­­­сін­­ше базалық мөлшерле­мені өсіру­­ге түрткі болса, Ұлттық банк­­тің активтерінің сапасын ба­­­қы­­лауды (AQR) бастауы мен қар­жы­лық бақылау құзы­ре­тінің жаңа мемлекеттік орган­ға беру ту­ралы шешімі екі­нші дең­г­ей­лі банктердің қосымша қор­лан­ды­рылуына алғы­шарт болды. Деген­мен акцио­нерлердің банк ак­тив­терінің сапасын қан­ша­лық­ты оңалтқанын келер жыл­дың ба­сында AQR қоры­тын­дысы шы­қ­қан кезде білетін боламыз.  

 Бас банк пен Үкімет жұмысындағы қайшылық

Жыл басында 4-6 пайыз ара­лығында болады деп жоспар­лан­ған инфляция қазанға дейін 5,7 пайыз шамасында сақталған-ды. Алайда соңғы айда тағы көтеріліп 5,8 пайызға жетті. Егер Ұлттық банк теңгенің ба­за­­лық мөлшерлемесін 9 пайыздан 9,25 пайызға өсірмегенде көр­­сет­кіш бұдан да жоғарылап, 6 па­­йыздан асып кетер ме еді?! 

Жалпы биыл елдегі әлеу­мет­тік-экономикалық жағдай Үкімет пен Ұлттық банктің мүд­делерін біріне бірі қара­ма-қарсы қойды десек артық айт­қандық емес. Жыл басынан бері Үкімет Мемлекет бас­шы­­сы­ның тапсырмаларына орай бірқатар әлеуметтік жа­ңа­лық­ты қолға алды. Ең төменгі жалақы мен бюджет қыз­мет­керлерінің айлығы өсіп, жәр­демақы ұлғайды. Мұның теріс жағы – күнделікті тұтыну тауар­лары, соның ішінде азық-түлік біршама қымбаттады. Статис­тика агенттігінің деректеріне жүгінсек, жыл басынан бері тамақ бағасы 9,7 пайызға өс­кені соның дәлелі. Соның ішін­де шетелдерден импортталатын азық-түлік тауарлары, ай­та­лық көкөніс – 40,4 пайыз қым­баттап кеткен екен. Ал кү­ріш, кондитерлік өнімдер мен өсімдік майының бағасы 10 пайыз шамасында өскен.

Сөз жоқ, Үкіметтің әлеумет­тік кампаниясы саяси ұпай әкел­­гені сөзсіз. Халықтың әлеу­­мет­тік ахуалы да біршама жақ­­сарып қалғандай көрінеді. Де­ген­мен, бұл Ұлттық банк үшін жаңа мәселе туындатты. Ин­фля­цияны 4-6 пайыз ара­лығында ұстап тұ­ру­ға міндет­телген бас банк жағ­­дайға өзі ара­ласпағанда, тең­ге­нің құнсыздану көрсеткіші 6 па­­йыз­дан асып кетер еді. Оған жол бермеу үшін ақша-несие саяса­тын қатаңдату туралы шешім қа­был­данды. Экономиканы не­сие­лендіруді ынталандыру үшін соңғы бірнеше жылдан бері тө­мен­деп келе жатқан тең­генің база­лық мөлшерлемесі қай­та­дан өсіп, 9 пайыздан 9,25 па­йыз­ға жетті. Дегенмен, абырой бол­­ғанда, банктердің бизнесті қар­жы­ландыру көрсеткіші тө­мендей қоймады.

 «Ұлттық банк құзыретін кеңейту керек»

Осы орайда Халықаралық валюта қоры сарапшыларының маусымдық баяндамасында жо­ға­рыда аталғандай Үкімет пен Ұлттық банктің саясаты қай­шы келмеуі үшін мынадай ұсы­ныс­тар айтылды.

Біріншіден, Ұлттық банктің тәуелсіз саясат жүргізуіне мүм­кіндік беру керек. Соның ішін­де бағаның тұрақтылығын қам­та­масыз ету үшін бас банктің кей қызметтері мен активтерін бәсе­келестік ортаға берген жөн. Қазір Ұлттық банк екінші дең­­гейлі банктер үшін сауын сиырға айналып отыр. Бұл ту­ра­лы Мәжіліс депутаттары да мәселе көтеріп, банктердің эко­но­миканы несиелендіруді азай­туының бір себебі ретінде екін­ші деңгейлі банктердің Ұлттық банк шоттарына ақша салуын айтқан-ды. Яғни, қаржы инс­титуттары артық ақшаны бизнеске берудің орнына Ұлттық банктің 9 пайыздық депозитіне салғанды артық санап отыр.

Екіншіден, Үкімет әлеумет­тік-экономикалық бастамалар қабылдағанда Ұлттық банк­­тің пікірімен санасуы керек. Жо­ғарыда аталғандай, Үкі­мет­тің халық табысын көбейт­кені Ұлт­тық банк үшін проб­лемаға ай­налмауы жағын ойлас­тырған жөн. Ол үшін Ұлттық банк те, Үкі­­­мет те елдегі әлеуметтік-эко­но­­­микалық жағдайды бағамдап, бір саясатты ұстануы тиіс.

Үшіншіден, Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше, капитал нарығын дамытып, долларсыздандыру саясатын күшейту қажет. Дегенмен бұл мәселе қазір қаржыгерлер арасында екіұдай пікір тудыруда. Ұлттық банк үшін, әрине, ұлт­тық валютаға сұра­ныстың арт­қаны тиімді. Де­ген­мен, іс жү­зінде екінші дең­­гейлі банк бас­шы­ларының пікірін­ше, доллар­сыз­дандыру­дың ке­сірінен бизнесмендер артық ақ­шаларын елден сыртқа шығарып жатыр.

Ал Халықаралық валюта қоры сарапшыларының жеңілдікпен несиелеуді біртіндеп азайту туралы ұсынысы керісінше кәсіпкерлерге жақпауы мүмкін. Бірақ ұзақмерзімді болашақта бюд­жет пен Ұлттық қор ақша­сын бизнеске үйлестіріп берудің бизнесті дамытуға ықпалы шамалы екені онсыз да түсінікті.

 Жабылатын банк қалмады

Халықаралық валюта қоры сарапшыларының мәліметінше, Үкімет пен Ұлттық банктің банк секторына көмектесуі жағдайды жақсартқанымен, шығыны тым көп болды. Банктердің портфелі қазір айтарлықтай оңалғанымен, қаржы ұйымдары әлі де болса бизнесті несиелендіруге асы­ғар емес. Уақыт өткен сайын биз­­неске берілген қарыздан гөрі тұтыну несиесінің өсіп бара жатқаны байқалады. Рас, соң­ғы бірер тоқсанда бизнеске берілген несие көлемі аздап өскенімен, айналып келген­де бұл да мемлекеттің биз­несті қол­­дау үшін бөлген жеңіл­детіл­­ген кредиттері. Яғни, банктер әлі де бизнеске сенбейді деген сөз. Халықаралық валюта қоры сарапшылары был­тыр да мемлекеттің биз­нес­ке ж­еңіл­де­тілген несие беруін азай­туға ша­қырған. Сарап­шы­лар­дың пікі­рінше, шағын және ор­та биз­несті дамыту үшін субсидия бөлудің банктерге тікелей мем­лекеттік қолдау көрсетуден ай­тарлықтай айырмашылығы жоқ.

Биыл басталған банктердің активтерін бағалау (AQR) нау­қаны келер жылдың басында аяқталып, елдегі екінші дең­гейлі банктердің нарықтағы орны қаншалықты мығым екені белгілі болады. Яғни, алдын ала болжам бойынша, несие порт­фелі нашар банктерге қарсы Ұлт­тық банк шара қолданбақ. Тіпті, лицензиясын қайта алып қоюы ықтимал. Дегенмен, отан­дық кей сарапшылар енді еш­қандай банк жабылмайды деген пікірде. Бірігетін банктер біріктірілді, «артық» банктер жабылды. Қазіргі 28 банктің кейбірі айтарлықтай сапалы болмаса да, оның артында тұрған акционерлері ықпалды. Сол себепті егер AQR нәтижесі бойынша кей банктердің несие портфелінің тым нашар екені анықталып жатса, Үкімет пен Ұлттық банк мемлекет қара­жаты есебінен тағы қолдау көр­сетуі мүмкін. Яғни, банк сек­торы әлі де сауықтырылуы ық­ти­мал. Ал Халықаралық валюта қоры сарапшылары болса бұдан былай банк секторына мемлекет ақшасын бөлуді тоқтату керек дейді.