Руханият • 15 Қараша, 2019

Ел игілігін еселеген жан

615 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Дүниеде жақсы адамдар аз, жамандар көп, бірақ жақсылардың жамандықты жасқап, үнемі игілікке бастап, өмірге нұр шашып жүргенінің арқасында дүние сұлу, өмір көрікті. Сондай жақсының бірі Мұхамбет Көпеев ағамыз.

Ел игілігін еселеген жан

 

Қазақ жерінде өндіріс ошақтарын ал­ғашқы болып ашып, қойнауындағы байлығын ел игілігіне тұңғыш ұсынған Ұлытау өңірі, Қарсақпай, Жезді кен орын­дары болса сол жерлерде бой көтер­ген, ресми түрде Жезқазған, ал ауыз­екі тілде «Рудник» деп аталған кентте Мұхамбет ағамыз 1949 жылдың қазан айында өмірге келген. Осы жерде «Төртінші» деп аталған кент те болған. От ауызды, орақ тілді, атақты кенші-ақын, жыраулардың соңғы тұяғы Шынболат Діл­дебаев та осында туып, «қайран менің «Төртіншім», төрт қалаға бергісіз» деген сөз қалдырған «Төртіншіде» Мұхамбет Көпеев те ба­лалық, жастық шағын өт­кізген. Бірден көзге түсетіні – ол кен ор­нында, осы өн­діріспен айналысатын жан­дардың арасында туып, қазақтың жұмысшы табының тыныс-тіршілігін танып өскен жан. Қазір халықты тапқа бөлу ұмыт бола бастаса да оның да өзіндік озық түсініктері болғанын жоққа шығаруға болмайды. Соның ішінде Лениннің «Пролетариат – адамзаттың ең саналы табы» деген сөзі өзінің растығын өмірде біршама көрсеткен. Өйткені жалған дүниеге алданбайтын, жылтыраққа қы­­зықпайтын, пайдаға сатылмайтын, байлықты қумайтын адамдардың көбі осылардың арасынан шығады. Ал жасынан меншік иесі болғандар, саудамен айналысқандар қайтсе де қарымын молайтуды, қалтасын қалыңдатуды санасына сіңіріп бағады... Әрине, қазір байлыққа ұмтылғандарды сәл шенесең болды, бәлеге қаласың, өйткені қазір байлықтың басына бақ қонған заман болып тұр. Бай емес адамдарды және оның жолына түспеген адамдарды жалқау, санасыз, ақылсыз дейтін болдық. Тіпті, еврейдің «ақылды болсаң – неге бай емессің?» деген нақылын да ту етіп алдық. Ал байлықтың соңына көзсіз түсу – бақ бола ма, сор бола ма, оны ойланбаймыз... Ондай адамдардың  жүрегінде ақшадан басқаға деген махаббат көмескілене беретінін де ескере бермейміз... Ал пролетариат ештеңеге сатылмайды, сондықтан да адамгершіліктің туын биік ұстайды. Мұхамбет Көпеев осы ортадан шыққан адам.     

Нағыз адамның ең үлкен қасиеті – туған жеріне деген  махаббатты ешқашан жүрегінен өшірмеуі. Адамгершілікті де, жақсылықты да негізінен сондай адам­дардан күтуге болады. Мұхамбет аға­мызда да осы қасиет жоғары. Сон­дықтан да ол: «Мен Қарсақпай, Жезді, Жезқазған, Ұлытау тәрізді тарихи өл­кеде өмірге келіп, өсіп-өнгенімді әрқа­шан мақтанышпен айта жүремін. Егер менің бойымда мысқалдай болса да жақсы қасиеттер болса, оларды туған то­пырақтан дарыған деп есептеймін. Мен әр уақыт елімнің, жерімнің даңқына ешқандай дақ түсірмеуді ойладым, әлі де солай болмаққа ұмтыламын. Ел азаматы болу – туған топырақтың, өскен өлкенің қадір-қасиетін түсінуден, соның алдындағы перзенттік жауапкершілікті сезінуден басталады», деп жазды өзінің өмірбаяндық кітабында.

Мұхаңның әкесі Жұманазар өмірден ертерек өткен. Өзі өнерпаз, ауыл ішіндегі той-томалақтың гүлі болған жан екен. Әнді жақсы айтуымен қатар сол кезде қолға түскен барлық музыка аспаптарында да жақсы ойнаған. Сонымен бірге өзі жұмыс істейтін кен орнында жаңалық ашқаны да бар. Жоқшылықтан оқи алмай қалған ол жеті кластық біліммен маркшейдер болған. Ал арнаулы білімді қажет ететін күрделі мамандық. Жұ­мекең осынау күрделі мамандықты ешқандай оқу, білімсіз-ақ меңгеріп кеткен.  Бірде өзінің терең түйсігі мен тәжірибесіне сүйеніп екі мың метр тереңдіктегі шахталардың қай жерде қосылатынын ешқандай сызу, есепсіз-ақ дәл тауып, анықтап берген. Оның растығына жергілікті басшылар сенбей, Мәскеуден арнаулы мамандарды шақыртқанда олар Жұманазардың есебі тұп-тура екенін анықтап, біліктілігіне тәнті болып, таңғалған екен.  Осындай түйсікті жандардың білім ала алмай қалғанына өкінесің, әйтпесе керемет маман болмас па еді.

Мұхаңның әкесі Жұманазар мен ана­сы Қали бүкіл елге қуаныш болып, халықтың жүзі жадыраған 1945 – жеңіс жылында үйленеді. Бұл жылғы той­лардың айрықша ерекшелігі бар, оны қазақ «той тойға ұласты» деп  дәріптеген. Сол кезде айтылған ақжарма тілектер мен кең пейілдердің де аяғы құтты болып, Қали анамыз бірінен соң бірі – алты ұл туады. Бірақ медициналық көмектің кем­шін, тұрмыстың қиындығынан үш ұлға кең дүниенің жарығы көп бұйырмай, ерте кетіп, тек 1947 жылы туған ағасы Ғазиз, 1949 жылы туған Мұхамбет және 1955 жылы туған інісі Сахаббадин үшеуі ғана аман-есен ержеткен.

1954 жылғы 20 желтоқсанда 30 мыңнан астам тұрғыны бар «Үлкен Жезқазған» жұмысшылар кенті Жезқазған қаласы бо­лып қайта құрылады. Ал Мұхаң туған «Рудник» кенті осы қаланың бір бөлігі болып кетеді. Жаңа қалаға жеті жылдың ішінде екінші кен байыту фабрикасы, жылу электр орталығы, бірнеше шахта, оның ішінде ашық жұмыстардың ірі карьері №55 алып шахта іске қосылып, Жез­қазған үлкен өндірісті қалаға айналады.

М.Көпеев Жезқазғандағы қазақ орта мектебінің табалдырығын 1957 жылы аттаған. Әкесінің қатты қадағалауымен бірінші сыныптан бастап өте жақсы оқиды. Алайда, келесі жылы, бар болғаны 34 жасында әкесі Жұманазар жазылмас кесел­ге ұшырап, дүниеден өтеді. Үш баласы мен жас келіншегі аңырап артында қала береді.

Бұл Мұхаңның басына тағдырдың салған алғашқы соққысы еді. Араға алты жыл салып, анасы қайтыс бол­ғанда ол екінші ауыр соққыға тап болады. Қазақ «әкесіз жетім – ерке жетім, ше­шесіз жетім – сорлы жетім» дейді. Шы­нында, барлық ағайын-туысқандары анасының көңіліне қарап, балаларды әкесі жоқ деп еркелетіп, қолдап, қорғап жүретін. Енді анасынан айырылғанда кім пана боларын білмеген екі жетімек кәмелетке толмаған ағаларын екі жақтан құшақтап, «ендігі күніміз не болады» деп шырылдағанда адамның сай-сүйегін сырқыратады...

Қазақ «жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» халық қой, жергілікті өкімет балаларды жетімдер үйіне бере­міз деп қағаз жинағанда шешесінің сің­лісі Әлтіш апалары жиендерімді тен­тіретпеймін деп үшеуін де өз қамқор­лығына алады. Қазақта «жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» деген сөз бар. Алайда, бұл мақал барлық же­тім­ге жүрмейді, олардың арасында кері­­сінше, басқа адамның қайғысына бауы­ры езіліп тұратын адамдар көбірек ұшырасады.  Мұхамбет ағамыз да соның бірі, ол бүгінге дейін басына қайғы бұлты үйірілген жандарға көмек қолын созғысы келіп, жүрегі елжіреп тұратын жан. 

Жетім өскен жандардың намысы керемет болады. Олар өздерін нашар ұстаса, сағынтып кеткен әке-шешесінің атына кір келтіретіндей намысқа тырысып, қандай қиындықты болса да жеңуге тырысады. Бала Мұхамбет мектептегі жетім балаларға тегін берілетін тамақтан да бас тартып, оны ішпегені де сол – әке-шешесін өлдіге санатпаймын деген намыстан екені сөзсіз. 

Мұхамбет Көпеев мектепте тек жақ­сы оқушы ғана емес,  белсенді, оның үс­тіне домбырашы, әнші бала да атанып жүреді. Бірде-бір мәдени шара оның қатысуынсыз өтпейді. Домбырамен қазақ композиторларының күйлерін ғана емес, Огинскийдің «Полонезін» де алғашқы орындаушылардың бірі болды. Спортқа да бейім болып, көптеген жарыста жүлдегер болып жүреді. «Күлшелі бала сүйкімді» дегендей әрі өнерлі, әрі белсенді болып жүрген жақсы оқитын бала мұғалімдерге де сүйкімді болып, мектепті жақсы бағаға бітіреді.

Мұхамбет Көпеев мектеп бітіргенде өзіне қандай мамандықты таңдасам екен деген қиын сауалды қоймаған жан. Өйт­кені әкесі кенші, ағасы кенші, оның үстіне өзі Қарсақбай – Жезқазған өңірінің перзенті, жасынан бойына кеншілердің тыныс-тіршілігін сіңіріп өскен ол басқа ешнәрсеге алаңдамай, бірден Алматының политехникалық институтының кенші инженерлер дайындайтын бөліміне аттың басын бұрады. Конкурстан бір балы жетпей өте алмай қалып, үйге ренжіп келсе, мұнда «студент болып қабылдандың» деген жеделхат өзінен бұрын жеткен екен. Әуелден жұлдызы жоғары туған жанды Жаратқан иеміз құр тастамапты, сол жылы тау-кен инженерлерін дайындайтын қосымша топ ашылып, Мұхаң соған қабылданған екен. Сөйтіп Мұхамбет Көпеев те ЖОО-ның студенті атанады.

Студенттік жылдарды еске алғанда көп адам өздерінің махаббатын, Алматының қызықтарын айтып, ауыздарының суы құриды. Ал Мұхаң көбінесе өзіне қам­қор болған жандарды, сонымен бірге білім­дері терең ұстаздарын еске алады. Соның ішінде сталиндік қуғын-сүргінмен келіп, Алматыда қалып қойған факультет деканы София Шрубконың есімін үнемі жүректің бар жылылығымен еске алады. Өздері «шапағатты шешей» деп атаған осы бір еврей әйел талай қазақ жас­тарына қамқор болып, стипендия бер­гізіп, жатақхана бөлгізіп, қайбір қылықтары үшін оқудан да шығартпай, шырылдап жүреді екен. «Өзіңнің біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт, ал біреудің өзіңе жасаған жақсылығын ұмытпа» деген адамгершілік қағидасын Мұхамбет Жұ­маназарұлы жүрегіне мәңгілік түйген жан екені осындайдан көрінеді.

Мектепте алған біліміне қоса жігері мен қайраты қапысыз болған жас өмі­рінің студенттік кезеңін жарқылдатып өткі­зіп, білікті маман болып 1972 жылы туған жерге оралып, Жезқазғандағы «Шахтапроходкалау тресі» №1 басқар­масының №65 шахтасына кен шебері болып жұмысқа тұрады. Осы қызметте Мұхаң алғаш рет қайсар мінезді болып шыңдалу мектебінен өтеді.

Өндірісте қазақ мамандары жоқ­тың қасы, ал басқарушы қызмет атқарушы­лардың көбі арнайы білімі жоқ, тек тәжірибемен игеріп кеткен өзге ұлт өкіл­дері. Олар жұмысты ескі әдіспен ұйым­дастырып, тек жоспарды орындау­ды ғана біліп, теорияны керек те қыл­­майды. Осы жерде алғашқы тартыс басталады. Бұрынғыша істеп қалған­дар жас қазақтың талабын мойындамай, үйреншікті әдістеріне баса береді. Бұған жас инженер шыдай алмай, ашық айқасқа түседі. Сондай тартыстың бірі трест басқарушысы Ғазиз Омаровтың алдына дейін жетіп, білікті маман жас инженердің орынды талабын қолдап, мойындарын теріске салатындарды бір омақастырып, оның алдына жығып береді. Ешкімге жалтақтамай, жас жігіт­ті қолдаған Ғазекеңнің өзі кейін Социа­листік Еңбек Ері атағын алып, кен істе­рінің білікті басқарушысы ретінде бүкіл Қазақстанға танылған жандардың бірі.  

Жергілікті билік басшыларының бірі қазақ болса, екіншісі орыс ұлтының өкілі болуы керек деген қағида тіпті кеніштерде де сақталған екен. Бірде Солтүстік Жез­қаз­ған кенішінің директоры да, бас ин­женері де қазақ болғанда қала басшысы Н.Шустов деген біреу мұны «адам төз­гісіз жағдай» деп мәселе көтереді. Пәтер бөлінгенде де қазақты шетқақпай қылушылық көзге ұрып тұрады. Ұлттық мүдделер де ескерілмейді, тілдің дамуына жағдай жасалмайды.

Осындай әділетсіздіктер буырқанған жас жігерді жанып, ұлттық сезімнің тереңдей түсуіне құрық береді... «Тәуелсіз елде туған қазіргі ұрпақ біздің «сыртымыз бүтін, ішіміз түтін» дегендей әрбір күніміздің азаттық үшін арпалысқа толы болғанын бастарынан кешпеген соң біле бермейді. Бірақ, бастарынан кешпесе де, Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін олар жан жүректерімен түсінуге тиісті», дейді Мұхаң өзінің кітабында.

Ескі билік жүйесінің бір жақсы же­рі – қолынан іс келетін, «бойында қай­рат, ойын­да көз» бар жастарды би­лік сатыларына көтеруге тырысатын. М.Көпеевті де ол кеніш инженері етіп қалдырмай, жас­тарды ұйымдастыру жұмысына тартады. Сөйтіп Мұхаңның өмірінің «комсомолдық кезеңі» басталады. Алдымен оны трестің комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлайды, сосын  қалалық комитеттің бірінші хат­шылығына ауыстырады. Комсомол – адамның билік баспалдақтарымен жоғары өрлеуінде сынақ болатын жол. Барлық бастамаға батыл кірісіп, дәмелі жастың өзін өзі көрсету жылдары да осы шақ. Мұхаң осы сынақтардан абыроймен өтіп, қаншама бастамаларды іске асырып, әб­ден шыңдалады.  Осы қызметте жүріп қазақтың талай биік тұлғаларымен араласып, олардың үлгілерін бойына сіңіреді. Солардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов та болған.    

Одан әрі М.Көпеев партия қызметіне ауыстырылып, биліктің келесі кезеңіне өтеді. Бұл жерде де өзін көрсете біл­ген жасты билік Алматыдағы екі жыл­дық партия мектебіне жібереді. Ал бұл мектепті бітіргендер партияның се­ні­міне әбден кіргендер, сондықтан олар­ды қабілетіне қарай жоғары жылжытуда ешқандай кедергі болмайтын. Сондықтан да М.Кө­пеев партия мек­тебін бітіретін тұста Жез­ді аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне ұсынылады. Бұл – аудан көле­міндегі ең үлкен қызметтердің бірі. Жас басшының партиялық қызмет қа­на емес, шаруашылық басқаруға да қа­білеті мығым екені ескеріліп, ай­нала­сы бір жылда ол Қаражал қаласы атқа­ру комитетінің төрағалығына жоғары­ла­тылады. Осы қызметке барарда Мұхаң өзінің Дінмұхамед Қонаевпен кездесіп, оның ақылын тыңдап, батасын алғанын өз өміріндегі естен кетпес елеулі бір оқиға деп ұмытпай, айтып жүреді.

Қаланың шаруашылық мәселелеріне жастық жігермен, қажымас қайратпен кіріскен басшы көп нәрсені тындырып, қордаланған талай мәселені ше­шіп, тұр­ғындардың алғысына ие болады. Ал өзі «Мен Қаражал қаласы тұр­ғын­дарына өте ризамын. Олар менің әрбір қадамымды бірауыздан қолдап, абы­ройымның жоғары болуына септігін тигіз­ді. Үлкендердің де, жастардың да көңі­лінен шыққан секіл­дімін. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де Қаражалдағы күндерімді риза­лық сезім­мен еске аламын» деп жазды есте­лігінде.

Ерен еңбегімен танылып, ұйымдас­тырушылық зор қабілетімен көрінген басшыны облыс билігі Қаражалда бір-ақ жыл ұстап, облыс орталығы Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне көтереді. Қазір кейбір жастар біле бермеуі мүмкін, бұл қызмет қала билігіндегі ең жоғарғы саты болатын. Өзінің туған қаласының көркеюіне М.Көпеев барлық күш-жігерін салып еңбек етеді. Мұндайда кедергілер де аз болмайды, бұрынғы әдетке шөгіп қал­ғандар жаңа дүниеге үрке қарайды. Алай­да облыстың сол кездегі бірінші басшысы Е.Ежиков-Бабаханов та жас басшының бас­тамаларын қолдап, оның еңбегінің жана түсуіне ықпал жасап отырады.

Еліміздің тәуелсіздік алар қарсаңында Мұхамбет Көпеевтің де өміріне елеулі өз­геріс келеді. Бұған дейін тек жергілікті билік баспалдақтарында істеп келген оны 1991 жылдың қараша айында Жо­ғарғы Кеңес республикалық «Жәйрем-Атасу ер­кін экономикалық аймағы» (ЕЭА) әкім­шілігінің төрағалығына тағайын­дайды. Мұндай құрылымдар на­рық­тық қатынасқа өтудің алғашқы қарлығаштары ретінде еліміздің біраз түкпірінде құрылып жат­қан. Сөйтіп Мұхаң оның алғашқы қада­мына кірісіп кетеді. Алайда, өтпелі ке­зең­де жергілікті басшылыққа келген қау­қарсыз, кездейсоқ басшылар өздерінің жеке мүддесін ғана ойлап, ЕЭА-ның адымын аштырмай, жігерді құм қылады.

1995 жылы қабылданған жаңа Конс­титуцияға сәйкес Қазақстан Парламенті екі палатадан тұратын болды. Жергілікті билік Мәжіліске депутат ретінде сөзге алғыр әрі іскер Мұхамбет Көпеевтің бар­ғанын қалап, оның кандидатурасын депутаттыққа ұсынады. Соның нәти­жесінде М.Көпеевтің өмірінде пар­ламен­тарийлік кезең басталады.

Депутат болудың жауапкершілігі өте зор, оны адал атқара білсең, ұшы-қиырсыз қордаланған мәселелердің ортасында жүресің. Бірақ сайланған адамдардың бәрі көп нәрсеге кіріспей, «сен тимесең мен тимен» деп үлкен ең­бекақыны қалтаға басып, жайбарақат отырғанды қалайды.

Мұхамбет Көпеев болса депутаттық мандатты пайдаланып, жан-тәнімен ха­лыққа, елге бір пайдасын тигізуге ты­рыс­ты. Тек 1995-1999 жылдардағы шақы­рылымдағы сессияларда ол заң жобаларын қараған талқылаулар барысында 189 рет сөй­леп, 21 рет еліміздің Үкіметіне, Бас про­куратураға, Ұлттық Банк және т.б. мем­­лекеттік органдарға депутаттық сауал­­дар жолдаған екен. Кейінгі шақы­рылымда палата Төрағасының орын­басарлығына, одан Сенат Төрағасының орынбасарлығына сайланды. Бұл жылдарда да оның сөйлеген сөздері мен жолдаған сауалдары еселене түсті. Бұлардың көбі шешімін тауып, жергілікті жерлердің мәселелері шешіліп жатты. Мәселен, Ұлы­тау ауданының аумағындағы Құм­көлден мұнай өндіретін компания барлық салықты бұрын тек тіркелген жері ретінде Қызылорда мен республикаға аударса, енді депутаттың талабымен мүлік салығы ауданда қалдырылатын болды. Мұндай шешімін тапқан мәселелерді санап шығудың өзі бір емес, бірнеше мақа­лаға жүк болар еді. Сауалмен ғана емес, дұрыс заң жобаларының қабыл­дануында да ол ешкімнің алдында бұқ­пан­тайлық жасамай, ел мүддесі үшін батыл кірісетін. Мәселен, тек шетелдік аудиторлық компаниялардың мүддесін қорғап әзірленген заң жобасын өткізбеуге ол барлық күш-жігерін жұмылдырды. Алдымен шетелдіктердің лоббиіне қарсы шығып, алғашқы жобаны өткізбей, сосын «Аудиторлық қызмет туралы» жаңа заң жобасына бастамашы болып, ол да Парламенттен өтпегенде Президентке дейін барып, еліміз үшін тиімді жобаның қабылдануына мұрындық болды. Сөйтіп, аудит қызметі үшін компаниялар төлейтін миллиардтаған теңгелік салық өзіміздің бюджетке түсетін болған. Осындай ерлік­терімен кез келген депутат мақтана алмайды. Егер әрбір депутат елге осылай қызмет еткен болса, біздің елдің экономикасы да, әлеуметтік жағдайы да дами түсері сөзсіз еді. 

Сондай-ақ Мұхаңның ұлт ұясы атан­ған Ұлытауға 48 млн теңге бөлдіріп, «Төрт босаға» ескерткішін, Жаңаарқа аудан­дық ауруханасына 90 млн теңгелік қосымша ғимарат, Сәтбаев қаласының жаңадан бой түзеген шағын ауданына  530 млн теңгелік орта мектеп салдыруға, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын қоса­тын асфальт жол­­ды 276 млн теңгеге жарықтандыруға, Сәт­баевтың қалалық ауруханасын 130 млн тең­геге жөндеуден өткізуге ықпал еткенін еске сала кеткіміз келді.

Парламент палаталарының арасында алдымен жай депутат, сосын екі палата Төрағасының орынбасары қызметтеріне сайлану аралығында Мұхаңның он ай бойы Төтенше жағдайлар министрі лауа­зымын атқарғаны да бар. Екі агент­тікті біріктіру арқылы жаңадан құ­рыл­­ған министрлікті аяғынан тік тұр­ғызып, түрлі апаттарға қарсы әлеуетті құ­­ры­лымға айналдыру оңай болған жоқ. Бірақ Мұхамбет Көпеевтің іскер­лігінің, мәселені кімнің алдында болсын батылдықпен көтере білгендігінің арқа­сында әлді құрылымға айналып еді. 

Тіпті астананың сол жағалауын су тасқынынан қорғайтын бөгетті де М.Кө­пеев тұрғызып кеткенін біле жүрген абзал. Сол жағалау оң жағалауға қарағанда алты метр төмен орналасқанын анықтап, егер бөгет салынбаса тасыған судың бәрі сол жағалауды басатынын Үкіметке дәлелдеп, ақыры бөгет тұрғызуға қол жеткізген де М.Көпеев еді. Соның арқа­сында соңғы алты-жеті жылда ғана Нұр-Сұл­танның сол жағалауы су басудан аман қалды.

Бүгінде жетпіске келіп отырған Мұ­­хам­бет Көпеев ағамыздың өміріне қысқа­ша шолу жасағанда оның өмірі осын­дай үлгілі істерге толы екенін кө­ре­міз. Мұхаң отбасылық өмірде де көп­ке үлгілі ғибратты ата, ақылман аға. Қа­ламқас жеңгей екеуі қазір екі қыз бен бір ұлдан көрген немере, шөберелерінің арасында бақытты өмір сүріп отыр. Бей­неттің зейнетін көріп отырған жандар осылардай-ақ болар. Біз ағамызға баянды бақ, бақытты ұзақ өмір тілейміз.