– Нұрлан Мірқасымұлы, сіз тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайлардан соң бірден ел газетінің тізгінін ұстадыңыз. Бұл кезде есіміңіз елге танылған ақын, драматург болсаңыз да, журналистиканың жампозы бола қоймаған кезіңіз... Күрделі кезең. Салмағы да ауыр. Бас басылымға басшы болып келу туралы шешім қалай қабылданды? Жүрексінген жоқсыз ба?
– «Егемен Қазақстанға» келемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмегені рас. Ол кездегі «Егемен» оқырман санасында «ЦК»-ның сықиған органы» дейтін атынан әлі арыла қоймаған... Алғаш Президент тарапынан бас редакторлықты маған жүктегісі келетіні туралы сөз қозғалғанын Әбіш ағамыз бен Қуаныш Сұлтанұлының аузынан естігенімде, сенер-сенбесімді білмедім... Ертеректе балалар газетінде Сейдахмет Бердіқұлов пен Фариза Оңғарсынованың қарамағында екі-үш жыл жұмыс істегенім бар... Әрине іштей «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» секілді әдеби көпшілік басылымдарды «армандағанымыз» болмаса, ұлттық журналистиканың бағыт-бағдарын анықтар бас басылымда басшы боламын деп ойлаған жоқпын...
Қиын кезең. Идеологияның басы бекімеген, алдың жар, артың құз іспетті бағыт-бағдарың белгісіз қалың тұман басқан бұлыңғыр уақыт. Президент қабылдау кезінде тәуелсіздіктің басындағы тар уақыттың бар қиындығын қысқаша айта келіп: «Бірталай мектептен өттің, сені ұйғарып отырмыз» деген ұсыныс-шешімін көлденең тартты. Сөйтіп 1993 жылдың қаңтар айында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен бас басылымның басшысы болып тағайындалдым. Дүниенің асты-үстіне келіп төңкеріліп, ыдыраған империяның сары жұрты сергелдеңге түсіп жатқан кез. Тәуелсіздікті қамтамасыз ететін бүкіл заңның жаңадан қабылданып жатқан тұсы. Айтулы ғалым, көрнекті қаламгер, азулы журналист, не керек, жалпы көзге түсетін зиялы қауым өкілдерінің бәрі Жоғарғы Кеңес мінберінен көрініп, пікірлерін ашық айтатын... Мен де өз сөзімізді іркілмей айтып жүрдім... Ақпарат құралдары туралы Заңның жобасын әзірлеген топқа жетекшілік жасадым. Москвада, КСРО-ның ең соңғы Жоғарғы Кеңесінің құрамына кірдім. Конституцияны дайындаған Мемлекеттік комиссияда болдым. Бәлкім, сол кезде «Егеменге» Жоғарғы Кеңестің қазанында қайнап, жаңа заңдардың қабылдануы кезінде басы-қасында болған, ел білетін бір адам керек болған болуы керек деп ойлаймын?!. Ел мені қаншалықты білетінін қайдан білейін, өзім журналистикадан қол үзген жоқпын. Қаламымды суытқан емеспін... Бас редактор болып, редакция босағасын аттағанда, жасырмаймын, қатты толқығаным рас.
– Тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан шағында, яғни жаңа дәуірдегі ескі газетті шығарудың қиындығы неде болды? Ел өмірі үшін қандай елеулі бастамалар көтердіңіздер?
– Иә. Отарлау тізгінін бергісі келмегендер айланың алуан түрін жасап бақты. Әсіресе Қазақстанды уыстарынан шығарғысы келмеді. Беделді, ауыздарының дуасы бар деген әлемдік тұлғаларды жекті. Менің ойымша, атақты орыс жазушысы Солженицин жазған «Ресейді қалай қайтадан құрамыз?» деген мақаласының ар жағында сондай мақсат, сондай пиғыл тұрды... «Бөліп ал да билей берге» дағдыланған шовинистер оны қос қолдарын көтере қолдап, «солтүстіктегі бес облысты бөліп алғысы келетіндердің» дүркін-дүркін бас көтеріп, ала-құла әңгіменің іштен де, сырттан да бұрқылдап жатқан кезі... Орал өңіріндегі қылышын сүйретіп қоқаңдаған казактар, еліміздің шығысында көтерілген «оң жағалау, сол жағалау» мәселесі, солтүстіктегі «горькая линия»... Құдды минаның үстінде отырғандай Қазақстанның мазасы кетіп, ел әрі-сәрі күйге түскен мезгіл. Осының бәріне төтеп беретіндей тәуелсіздік туралы са-
уат қалыптастыратын, тәуелсіздікті сақтаудың жолын көрсететін, қысқасы, қазаққа ауадай қат сауалдың бәріне жауап іздейтін газетті Президенттің қамшылар жағында жүріп шығаруға тура келді.
Мен келісімен бірінші болып Балғабек Қыдырбекұлы, түстен кейін Шерағаң, Қалтай аға, Камал аға үшеуі құттықтап келді. Батасын берді. Ертеңінде Сапар Байжанов, Әбдуәли Қайдар ағаларымыз келіп құттықтағанда мен өзімнің иығыма қаншама ауыр салмақтың түскенін шындап сезіндім... Әрине, мен келген кезде газеттің Орталық Комитеті де жоқ, партиясы да жоқ еді...
– Жұмысыңызды неден бастадыңыз? Сол кезеңдегі басылымға қандай сипаттама берген болар едіңіз?
– Бірінші кезекте газеттің бағыт-бағдарын анықтап, ойнап тұрған қанын дәуірге сай азаттық рухында жетілдіріп, осы рухты елге жеткізіп, халықтың жанына жақын идеологияны ұстану керек болды. Басты мақсат – мемлекеттің күретамыр саясатын дәйектей отырып, ел оқитын, қоғамның күнгейі мен көлеңкесін тұтас көрсететін, елдің көкейіндегісін қозғайтын газет жасау. Тәуелсіздіктің тарихи қажеттілік екеніне, сол үшін қиындықты бастан өткеруге тура келетініне миллионсанды аудиторияның көзін жеткізу – парызымыз болды. Сол кезеңнің ең үлкен мәселесі – тіл мен жер еді, бұл екі мәселе туралы «Егеменнің» бетінде ғалымдардың, газет тілшілерінің, қарапайым оқырмандардың өте көкейкесті, өзекті ойы жарық көріп жатты. Тек осы мәселені көтеріп, қоғамда ой, пікір тудырып отыру үшін «Ел» деген қосымша шығардық. Бұл қосымшада бүкіл өңірдің тұралап қалған ауылдарының жанайқайын – сөніп қалған жарығын, тартылып қалған суын, кеміп бара жатқан малын, қысқарып қалған жұмысшының, аяқ киімінің жоқтығынан мектепке бара алмай отырған баласының жоғын түгендеп, проблема қозғап, Үкіметтің де, қоғамның да назарын аударуға тырыстық. Мұрат ақынның «Қауіп еткеннен айтамын» деген сөзін қаперге ала отырып, газет бетінде «Қазақстанда аштық болуы мүмкін бе?» деген өткір әңгімені көтердік. Қазақстанның мұнайы мен жезін алып қалғысы келетін күштердің арасында алапат айқас жүріп жатты... Бірақ ел-елдегі, жер-жердегі қарапайым халық жекешелендірудің жұмбағы мен сырын әлі түсіне алмай жатты. Энергия көздері бітелген. Темір жолдар кесілген. Біз түгілі, бізді шикізат көзі ретінде ұстап отырған Ресейдің өзі шатқаяқтап қалған. Міне, осындай жағдайда біз газетті шығардық.
1994 жылы қап-қара бояуға малынған «Егемен Қазақстан» деген гриф өзгертілді. Газет атауын бұзып-жарып, көгілдір теңізді кешіп келе жатқан кеме секілді етіп жаздырдық. Елге ұнаған осы фирмамен «Егемен Қазақстан» жиырма жылға жуық тұрақты шығып тұрды.
– Ел ішінде «Егемен Қазақстан» тек Шерхан Мұртазаның тұсында ғана азулы болып, қалған редакторлардың басшылығында ешқашан сын материал жарияламағандай, өткір сөз айтылмағандай, мінезсіз болып көрінетіні несі? Мұндай айқындама сіздің ашуыңызға тимей ме?
– Жоқ. Шер-ағаң қызметсіз жүрген 1996 жылдың көктемінде ол кісіні редакцияға кеңесшілікке шақырып, төрт-бес ай жарасты жұмыс жасағанымызды ел біледі. Дәл осы тұста атап өтуіміз керек, газетті жетпіс жыл бойғы жүйткіген шойын рельсінен шығарып, жаңа рельске қойған Шер-ағаң болатын. Оның бұл еңбегі мен ерлігін біз ұмытпауымыз керек. Ол кісі ең алдымен газеттің атын өзгертті... Сонан соң рухын өзгертті. Редактор ретінде Шерағаңнан үйренгенімді мақтаныш санаймын. Шерағаңның мінезі, таланты өз дәуірімен лайықты үндестік тапты. Сонысы қара орман қазаққа ұнады. Тұлға ретінде халық биігіне көтерілді.
– Өткір материалдар редакцияға келіп түсіп, жариялағыңыз келсе де, жариялай алмай қиналған кезіңіз болды ма?
– Жоқ, ондай кезіміз болған жоқ. Мен газетке басшылық жасаған 1993-1996 жылдар ел қиындық көргенімен, ойын, сөзін жасқанбай айтатын популистік демократия мен ел тағдыры үшін күрестің ашық жүргізілген кезі еді. Өз басым өмірде де, газет бетінде де ел тағдыры үшін күрес жүргізуді таңдадым. Ел тұтастығы, жер тұтастығы, дін тұтастығы, ұлт тұтастығы дейтін ұғымдар – басылымның алтын арқауы болды. Ағаларымыздың кезінде газет жариялылыққа арқа сүйеп, империямен алысып келсе, біз «енді не істеу керек?» деген сауалдың жауабын іздедік. Жауаптың денін «Тәуекел!» деп, Тәуелсіз жұрттың тізгінін қолына бекем ұстаған Ел Президентінің аузымен айттық. Елбасының «Егеменге» берген сұхбаттары соның айқын көрінісі.
– Сынды ұнатпайтын Орталық Комитет болмағанымен, оның орнын басқан Президент Әкімшілігі бастаған басқа да орындар бар емес пе? Кілең әлеуметтің әлсіз тұсы, жанайқай жазылып жатқанда, «осы газеттің бағыты қалай болып бара жатыр өзі?» деп қадағалайтындар болмады ма сонда?
– Неге болмасын? Болады! Болды. Газеттің бірінше бетінен бастап қазақ жерінің қай қазынасының – алтыны мен мысының, мырышы мен мұнайының қай елге кетіп жатқанын ашық түрде айтып отырдық... Кітапханалар жаппай жабыла бастады. Мәдениетті аштыққа байлау, қысу – қазақ руханиятына жасалған қастандық еді. Үкімет тарапынан рухани кеңістікті талқандауға бағытталған асығыс шешімдер туралы өткір ой, өткір сөздеріміз бен жекешелендірудің әділетсіз жүргізіліп жатқаны жөніндегі қайсыбір мақалаларымыз үкіметке ұнамағаны белгілі. Бұл аз болса... Ел саясатын жүргізіп отырған екі газетті «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правданы» біріктіріп, «Қазақстан» деген ортақ газет шығару жөнінде әңгіме көтерілді. Бұл тілді де, қазақтың мүддесін де жығып беру деген сөз еді. Ғасырдың елең-алаң басында – алмағайып кезде «Ұшқын» шығып еді, ел басына күн туып, зобалаң кешіп жүргенде «Еңбекші қазақ» жарық көруін тоқтатпап еді?!. Онсыз да екі тілге байланып отырған елде бір газетті екі тілде сөйлетудің орынсыз тірлік екеніне тиісті орындардың көзін жеткіздік. Бұл мәселе кейін тоқтады.
– Сол кезде «Егеменнің» меншігінде не бар еді? Біздің білуімізде, сырттағы әріптестері материалдық жағдайы көш ілгері «егемендіктерге» қызыға да, қызғана да қарайтын. Өйткені олар дүркін-дүркін үй алып, саяжайлы болып, қуанышын бөлісіп жатушы еді...
– Шынында да «Егеменнің» мұрнынан «есек құрты домалап түсіп жатыр» деген алып-қашпа сөз біздің де құлағымызға жететін. Алғаш келген кезде «Егемен Қазақстанның» ескірген екі көлігі бар болатын. Бірі жүрсе, бірі тоқтайды. Облыстағы тілшілеріміз де түгел жаяу-тұғын. Насихат жұмысын жүргізу қиын болды. «Егеменді» бір езуінен бал, бір езуінен май ағып, майлы жіліктің басын мүжіп, шылқыманың үстінде отырғандай көріп, әлде қызығып, әлде қызғанып айтатын күңкілдің болғаны рас... Жасыратыны жоқ, Елбасы қолдан келгенше басылымға қамқорлығын көрсетіп, көмектесіп отырды. Үкімет тұралаған ашқұрсақ елдің аузынан жырып, артық ешнәрсе бере алмады. Сол кездегі журналистердің орташа айлығы мөлшермен 5-6 мың теңге. Өте төмен айлық. Гиперинфляцияда отырған ел қызметкерлеріне жалақыны қалай тауып береді? Осындай қиындықта отырған елге ертелі-кеш тамсандырып, тәуелсіздіктің әңгімесін айта берсең, «қоя тұршы, айналайын» демей ме? Міне, осындай кезеңде редакцияда екінші коммерциялық шот ашып, жарнама аясын кеңейттік. Басылымды қадағалап отырғандарға тек осындай жолмен ғана газеттің әл-ауқатын көтеруге болатынын, ел мен билік ортасына дәнекер болудың ең тиімді жолы осы екенін дәлелдедік. Газетті ұстап отырудың басқа жолы жоқ еді. Коммерциялық бөлімнен түскен қаржының қомақты бөлігі тұтас редакция қызметкерлерінің айлығының елу пайыз мөлшердегі шығынын жабуға жұмсалды. Зейнетке шығып, өздерін далада қалып қойғандай сезініп жүрген ардагерлерімізге стипендия тағайындадық. Технологияның енді ене бастаған кезі. Алғашқылардың бірі болып компьютер орталығын аштық. Көлік санын көбейттік. Қызметкерлерге Алматыдан, Ақмоладан үй сатып алдық. Саяжай, жер алдық. Нарық газетімізге осылай келді. «Егемен» туралы аңыздың таралып жүргені де осы тұс...
– Газет басшысы ретінде қарамағаңыздағы қызметкерлерден не талап еттіңіз, олардың кәсіби қарымы туралы не айтар едіңіз?
– Газет классикалық үш сипатта: ақпарат, таным және талдау сипатында шығуы керек. Қазір басылымдарда ақпараттық сипат басым. Таным араласып, тарихпен тұздап отырмасаң, ақпаратыңыз су татып қалады. Талдауға мән беріліп отыруы тиіс. Міне, газет осы үш сипат қамтылғанда ғана құлпырып шыға келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Егемен» дайынның үстінде отырған жоқ. Газетті күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүріп шығардық. Уақытының көбі ұйымдастыру жұмысына кететін бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайылдың өзіне тапсырма беріп отырдым. Ол осы тұста тәуір дүниелерімен танылды. Нури Муфтах деген қайсар журналист «Егеменнің» ғана емес, ұлттық баспасөзіміздің ақмылтық айбары болды. Қали Сәрсенбайдың рухани кеңістіктің көгін шарлап, өнер тұлғаларын, өнерді, театрды талдаған әдемі мақалалары осы кезде көрініп жүрді. Қазақ журналистикасында көп көріне бермейтін тақырыптардың бірі экономиканы, әсіресе сол кезеңнің оқырманы үшін аса керек нарық тақырыбын түсіндіруде Нұртөре Жүсіп терең сараптамалар жасайтын еді. Ақпаратты басқарған Қайнар Олжай қол басындай ғана құрғақ жазбадан қылғытып жұта салатындай жұп-жұмыр дүние жасап шығаратын. Марқұм Мыңбай Ілес пен Мамадияр Жақып ақпарат дегенде алдына жан салмайтын. Жас болса да, Шымкенттен арнайы шақырылған Еркін Қыдыр еркін ойымен ел көзіне түсті. Жазу қолтаңбасы айқындалып қалған Гүлзейнеп Сәдірқызы мен Қарашаш Тоқсанбай, Бақыт Балғарина қоғам мен өнерді бүге-шігесіне дейін талдайтын төселген ізденімпаз журналист болып осы кезеңде қалыптасты. Көсемәлі Сәттібай, Сүлеймен Мәмет, Ғабит Мүсіреп, Маңдайлы Қосым, Темір Құсайын, Нұрперзент Домбайлар осы кезеңде жарқырап көрінді. Тізе берсек, аты-жөнін атап тұрып көрсететін сайдың тасындай мықты қыз-жігіттер «Егеменде» көп еді. Жұмабек Кенжалин басқарып келген «Халық кеңесі» газеті «Егеменмен» қосылған соң, ол жақтан да қаламының желі бар Талғат Сүйінбай, Мейрамбек Төлепберген, Самат Мұса сияқты жүйрік жігіттер келді. «Егеменнің» күнделікті әр нөмірінің өзі мықты «макетшик» Жанат Елшібек бастаған секретариаттағы жігіттердің арқасында апталық газет сияқты мазмұнды, маңызды болып, ажарланып шығатын.
– Сіз Президент Н.Назарбаевпен үш рет сұхбат құрған екенсіз. Үш сұхбатты да қайталап оқып шыққанда, елдік мұрат, тәуелсіздік тағдыры, тұтастық туралы әңгіменің өзегінен сол кезеңнің ауыр да ащы шындығы екі тараптан да ашық айтылғанын байқадық. Өткір әңгімеге Президентті өзіңіз тарттыңыз ба, әлде өзі жетелейтін бе еді?
– Бірінші сұхбатымыз 1993 жылы «Уақыт жүктеген аманат» деген тақырыппен газеттің үш бетіне басылып шықты. «Елдің жайы мені қатты мазалайды» деген сұхбатымыз 1994 жылы газеттің екі нөміріне жарияланды. Ол кісі «сұрақты ашық қойыңдар, ашық жауап беремін» деп ескертіп отыратын. Солай болды. Әсіресе алғашқы екі сұхбатта ел үшін маңызы зор, өте күрделі, атап айтқанда, ұлт тарихы мен бүгінгі ұрпақтың ой-санасына көпір салған ынтымақ, бірлік, ұлттық тұтасу туралы тамырын тереңнен тартар іргелі идеялар, Қазақстанның әлемдік саяси кеңістіктегі орны мен рөлін анықтайтын шарттар, ыдыраған империяның салқынынан тез арылып, әлеуметтік, экономикалық реформаларға «тәуекел» айтып кірісу, құқықтық, демократиялық сипаттағы ұлттық мемлекет құру туралы мәселелер кеңінен сөз болды.
Нұрсұлтан Әбішұлының сұхбаттары қолдан-қолға тез тарап, тығырықтан жол іздеген қара орман жұртымыздың көкірек көзін ашқандай еді. Жұртшылық көкейдегі сауалдарына жауап алып жатты. Сағаттап өткен сол сұхбаттар шұғыл орыс, ағылшын тілдеріне аударылып жатты.
Үш жыл алты ай табандатып қызмет еттім. Ең алдымен, «Егемен» мені үлкен мектептен өткізді. Жасы 100-ге келіп отырған абыз басылымның босағасын ең алғаш осыдан жарты ғасыр бұрын аттаппын. Бернияз Күлеев жөнінде дипломдық жұмыс жазып жүріп, Орынборда ақынның жанында бірге жүрген Ешмұхаметов деген ағамызға жолықтым. Сонда, 1969 жылы редакция «Социалистік Қазақстанның» 50 жылдығын атап өтіп жатқан болатын. 22 жастағы студент ол кезде араға жиырма бес жыл салып, осы газеттің 75 жылдығын бас редактор болып өткіземін деп ойлай қойған жоқ, әрине... Бұл мерейтойды өткізу менің маңдайыма жазылыпты.
– 1990-жылдардың басында газет бетінде ірі тұлғалардың көкейкесті мәселе қозғаған мақалалары жарыққа шығып жататын. Солар өзі тапсырыспен жазылатын ба еді, әлде ол кісілердің белсенділігі жоғары ма еді?
– Екеуі де болды. Редакция ұжымы министрлермен, халыққа белгілі тұлғалармен дөңгелек үстелдер өткізетін. Мысалы, Қазақ Елінің бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовпен болған кездесу ел есінде қалды. Марыда дивизия командирі болып тұрған Мұхтар Алтынбаевты Қазақстанға шақыртып, әскери доктринаның негізін жасатқан адам. Ол кісі министр бола сала, сыртта – қиыр-қиырда әртүрлі әскери құрылымдарда қызмет істеп жүрген шенді қазақ жігіттерін жинады. Мәселен, Мұхтар Алтынбаевты – Марыдан, Тоқтар Әубәкіровті Мәскеуден алдырды. Алыстағы азаматтарымыздың әрқайсысын жеке-жеке атап тұрып жинады. С.Нұрмағамбетов журналистерге министрлік туралы егжей-тегжейлі баяндап бергені есімде. Мұндай кездесулер ХХ ғасырдың заңғар жазушысы Ш.Айтматовпен, «Азаттықта» қызмет еткен Х.Оралтаймен болды. Хасен ағамыз: «Коммунистердің бас газеті шақырады дегенде, түсінбей қалып едім. Бас басылым коммунистердің басты жауын шақырса, елдің түзелгені екен. Мына кездесуден осыны көрдім. Мен ризамын, Еліме рахмет!» деп кездесу соңында көзіне жас алған болатын.
– Елбасының газетпен байланысы, газет туралы пікірі қалай еді? Газетпен жеке оқырман ретіндегі таныстығы басым ба еді, әлде, материалдарды көмекшілерінің айтуымен оқи ма?
– Бір білетінім, Елбасы материалдардың бәрін өзі оқитын. Маңызды санаған кей материалдың астын сызып тұрып оқитын. 1993 жылғы Тәуелсіз елдің қазақстандық оқырманға ғана емес, әлемге беріп отырған алғашқы сұхбатының (менің тұсымдағы) әр сөзіне үлкен жауапкершілікпен шұқшия қарағаны есімде. Материалды дайындауға қалай қатысқаны жадымда. Нұрекеңнің қаламымен сызып отырып оқыған бір қолжазбасы менің жеке архивімде сақтаулы...
– Ал «Егемен Қазақстаннан» неге кеттіңіз? Жазушылар одағына бару шарт па еді?
– Әрине, ешкім де маған «орныңды босат» деген жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Нұрлан, «Егемендегі» жұмысыңа өз басым ризашылығымды білдіремін. Бірақ... Жазушы ағайындарың сұрап жүр. Қалай? Барасың ба?» дегенде, тағы да бас тартпадым. «Егемендегі» істеген кезеңім Жазушылар одағындағы жиырма екі жылдық «қан майданға» келуіме дайындық секілді көрінеді. «Егеменнің» қазанында қайнап, отына кіріп шықпағанымда, Жазушылар одағында жанып кетер ме едім?!. Жүйкемнің көбірек қажалған, қуатымның көбірек жұмсалған, аруақтар алдындағы ұлы жауапкершілікті тереңірек сезінген жерім де осы Жазушылар одағы болды ғой...
Біз тәуелсіздік үшін күрестік! Енді Тәуелсіздікті, Мәңгілік Елді мәңгілікке сақтау үшін күресетін кезең келді. Күрделі дәуір келді. Дәл қазір сол дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздікті сақтау парызымыз! Ол үшін ұлттық рухты сақтауымыз керек! Тұлға қалыптастырудың үлкен мектептерін жойып алмауымыз керек! Бұл тұста ұлт ойы мен парасатын, ұлт мінезі мен күрескерлігіне қанат бітіріп, ұрпақты тәрбиелеуде орны бөлек ел басылымы – «Егеменнің» иығына түсер жүк айрықша. Өйткені... «Егемен Қазақстан» қасиетті газет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»