Аймақтар • 15 Қараша, 2019

Ерлі-зайыптылардың ерлігі

656 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылдастары Воробьевтар отбасын құттықтау үшін Воскресенов орта мектебіне тайлы-тұяғы қалмай жиналды.

Ерлі-зайыптылардың ерлігі

Осы күні мал өсіріп, жұрт қатарлы қарапайым ғана тіршілік етіп жатқан бұл әулетке ерекше құрмет көрсе­тілді. Бұл ұлықтаудың жөні бөлек. Салтанатты ша­ра­ға педагогикалық құрам, мектеп оқушылары, әкімдік, полиция, төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, Владимир мен Татьянаны ортаға шақырды. Олардың ерлігінен әп-сәтте құлақтанып қалған жер­лес­тері орындарынан тұ­рып, дуылдата қол соқ­ты. Бұл екеуі дәл осылай қо­шемет боларын күт­пе­­ген білем, қызарақтап, өз­де­рін жайсыз сезінді. Ауыл­дық округтің әкімі Виктор Мищенко алғашқы сөзді аудандық төтенше жағдай­лар бөлімінің басшысы Амир Бекчентаевқа берді. Азаматтық қорғау пол­ков­ни­гі оқыс оқиға кезінде ба­тыл­дық пен қай­сар­­лықтың үлгі­сін көрсет­кені үшін Во­робь­ев­тар отбасына зор ал­ғысын айтып, Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті. Айдың-күннің аманында бір әулетті қара жамылдыра жаздаған жайсыз жағдайдың қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндап берді.

Сөйтсе, елді мекен ше­тінде тұратын Владимир мал жайлап жүргенде кешкі ты­ныштықты қақ жар­ған ащы айғайды естиді. Жү­ре­гі әлдебір сұмдықты сезгендей дауыс шыққан жаққа қарай бар екпінімен жүгіре жөнеледі. Дөңнен көтеріліп, еңіске қарай ылдилағанда әрлі-берлі қол сермеп, жаны ышқынған көршінің қызын көреді. Өзі жұп-жұқа мұздың үстінде тұр, тұлымшағы желбіреген оның зар еңірегеннен басқа қолынан келер дәр­ме­ні жоқ. Адамдарды кө­мек­ке шақырайын десе, жас сәбидің еңбегіндей был­қыл­дап тұрған мұз ойылып кетіп, өлім мен өмір арасында арпалысқан екі бауы­рын қимайды. Балдырғандар құтқаршы деген­дей бұған жалына, жалбарына қарайды. Ойнап жүріп көл жағасынан әудем жер ұзап кеткенде әлі қата қоймаған жұқа мұз шытынап кеткен тәрізді. Владимир бірден мұздай суға қойып кетті. Есіл-дерті – періште қанат балақандарды құт­қа­ру. Қас-қағым сәт! Енді сәл кешіккенде Леня мен Женяны қара су жұтып қоюы кәдік еді. Үй шаруа­сы­мен айналысып жүрген Таня да қос өкпесін қолына алған күйі осы жаққа құс­тай ұшқан. Олар су іш­ін­де әбден тоңып, қо­рық­­қан­нан қалтырап, көп­ке дейін өз-өздеріне келе алма­ған балаларға біл­ген­­дерінше медициналық кө­мек көрсетіп, халықтық ем қол­данған. Осы кезде ал­ғаш­­қы дәрігерлік көмек те келіп жеткен.

Журналистердің қиын-қыстау сәтте қандай сезімде болдыңыз деген жаттанды сұрағына бейбіт күннің батыры «Менің желкілдеп өсіп келе жатқан үш балам бар. Солар көз алдыма елестеді. Олар әлдебір қатерге кезіксе не болар еді деген суық ой сұр жыландай сумаңдап өтті. Оның үстіне қос балақайды да, олардың ата-аналарын да жақсы танимын. Осы себепті қайтсем де құтқаруға тиіспін деп шештім. Менің орнымда кез келген ауылдасым болса, көзсіз тәуекелге бел буары кәдік», деп жауап берді.

Мектеп директорының мін­­детін атқарушы Лариса Андрюхина шә­кір­ті Во­ло­дяның жақсы қыр­ла­рын, көпшіл, қоғамшыл мі­­нез­дерін атап өтті. Же­ке кәсіпкер Александр Бог­да­нов отбасына микро­тол­қынды пеш тарту етті. Учаскелік полиция инспекторы Александр Рогачев қысылтаяң уақыттағы олардың батыл іс-әрекеттерін жас буынға үлгі етіп, қауіп-қатерлерден сақтанып жү­ру­ге шақырды.

Көпшіліктің бірауызды қолдау­ым­ен ерлі-зайыпты Воробьевтар Ішкі істер ми­нис­­трлігінің марапатына ұсы­нылып отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Мамлют ауданы