Қоғам • 15 Қараша, 2019

Жемқорлық жерге қаратады

344 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адалдық – адамдықпен астасқан, тазалықпен тамырлас ұғым. Оның мәні мен маңызы тереңде. Аталған қасиетті ұғым мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған мекеме қызметкерлерінің бойында болса, онда қарапайым халықтың билікке деген сенімі арта түсетіні айқын. Бұл ретте «Адалдық алаңы» жобасының алар орны айрықша екені белгілі. Жоба іске қосылғаннан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шара атқарылуда.

Жемқорлық жерге қаратады

 

Сөзіміздің дәлелі ретінде жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігімен бірлескен «Астана – адал­дық алаңы» жобасы аясында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен елорда әкімі Алтай Көлгіновтің түрлі ұйым өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу «Жа­нұя» отбасы институтын қорғау орта­лығының алаңында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар және қоғам өкілдерінің қатысуымен ұйым­дастырылды. Жиын барысында Алтай Көлгінов жобаның сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерін төмендетудегі ерекше рөлін атап өтті. Сонымен қатар қаты­су­шыларға «Астана – адалдық алаңы» жоба­сының аясында ашылған iQala орталығы жұмысының кәсіпкерлер үшін қолай­лы екендігін жеткізді.

«IQala көмегімен сіз кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға техникалық сипаттамаларды бір өтініш арқылы ала аласыз. Бұрын жарық, су, жылу қосу үшін әр монополисті жеке-жеке айналып, уақытты және ақшаны жұмсау қажет болатын. Қазір iQala орталығында және сайттың көмегімен бір өтініш арқылы жұмыстарды бітіруге мүмкіндік бар. Егер біз қоғамның алға басуын, мем­ле­кеттің дамуын, тәуелсіздігіміздің ны­­ғаю­ын терең түсінетін болсақ, онда осы жоба­ның маңыздылығына мән беруіміз керек. Себебі шынайы ұғынған адам үшін жемқорлық деген ұлттың тамырына балта шабатын дүние. Сондықтан біздің алдымызда, әсіресе мемлекеттік қызметшілердің алдында тұрған талап – ашықтық. Ашықтық бар жерде сапалы қызмет атқарылатыны айқын. Осы мәселені көп болып шешуіміз керек. Себебі қоғам болмай мемлекет болмайды. Біз де, мемлекет қызметкерлері де қоғамның бір мүшесіміз. Сол себепті бізге міндет жүктелгеннен кейін оны жауапкершілікпен атқарғанымыз абзал. Осы ретте «Адалдық алаңы» жобасын қолға алып, іске асырып жатқан агенттік қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді», деді Алтай Көлгінов.

Айта кететін бір жайт, бүгінгі таңда iQala орталығы 92 қызмет түрін ұсынған. Қараша айының соңына дейін қосымша 47 қызмет қосылады деп күтілуде. Жыл соңына дейін барлығы 139 қызмет іске қосылатын болады. Алик Шпекбаев өз сөзінде елімізде «Адалдық алаңы» жоба кеңселері жүзеге асырып жатқан бастамалар жөнінде атап өтті.

«Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қар­сы мәдениетті қалыптастыру мақса­тын­да агенттік халық арасында пара­сат­тылық қағидатын насихаттауда. Іске асы­рылып жатқан бастамалар азаматтар ара­сында жасаған іс-әрекеті үшін жеке жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған. Сатушысы жоқ дүкендер, метрода бақылаушысы жоқ турникеттер, адалдық мектептері – қоғамдағы адамгершілікті тәрбиелеуге бағытталған. Республика бойынша «Адалдық алаңы» кеңселері жаңа идея­лар мен бастамалар құру мақсатында белсенді қоғамның мемлекеттік аппаратпен өзара қарым-қатынасы үшін көпір болып табылады. Құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша шамамен 3,5 мың азаматқа көмек көрсетілді», деді Алик Шпекбаев. Агенттік төрағасы мәлім­дегендей, барлық өңірлерде және бірқа­тар министрлікте жұмыс істеп жатқан «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері арқылы кез келген адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды әзірлеуге қатыса алады.

Иә, қоғамда кез келген құқық бұзу­шы­лыққа жол бермеу үшін жоғары адам­гершілік пен мәдениетті дамыту қажет екені, айтпаса да түсінікті. Адамгершілік, парасат, адалдық ұғымдары араласқан кез келген сала жемісті жұмыс пен жоғары нәтиже беретіні анық. Сондықтан да Қазақс­тан­ның әрбір азаматы мемлекеттің мүлкі мен қаржысына жауапкершілікпен қарап, өзіне берілген тапсырманы арына жүктелген міндет деп қабылдап, оны адалдықпен атқарып, жемқорлықтың жерге қарататын қасиет екенін жете түсін­гендері абзал. Осы орайда елорда әкімі­нің орынбасары Бақтияр Мәкен атқа­рылып жатқан жұмыстар туралы баян­дады.

«Елордада жоба аясында «ашық әкімдік» тұжырымдамасы белсенді жүзеге асырылуда. Қаламыздың Есіл және Сарыарқа аудандық әкімдігінде азамат­тарға қызмет көрсететін заманауи фронт-офистер ашылды. Кәсіп­кер­лерге қызмет көрсететін жаңа iQala орта­лығы қызметін жалғастыруда. «Интерактивті қоғамдық бақылау картасы» мен «Қатысу бюджеті» аясында бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жаңа құралдар енгізілуде. Елорданың әр тұрғыны өз ортасы үшін жауапкершілікті мойнына алып, әрқайсымыз қаламызға өз үйіміздей қарауымыз керек. Бұл ретте «Адалдық алаңы» жобасын айрықша атап өткен жөн деп есептеймін. Жоба осыдан екі жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асқан болатын. Елордадан қанатқақты жоба ретінде бастау алған «Адалдық алаңы» бүгінгі таңда республиканың барлық аймағында сан түрлі шара атқарып үлгерді. Оның негізгі міндеті – қызметке деген адалдықты алға тарта отырып, жемқорлықпен күресу, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру. Мысалы, «Интерактивті қоғамдық бақылау картасы» арқылы қаладағы атқарылған жұмыстар, мемлекеттен бөлінген қаражаттың жұмсалуы және тағы да басқа туындаған мәселелердің нәтижелері туралы көруге болады», деді ол.

Қатысушылар әкімшілік кедергі­лер­дің болуы, еңбекақының жет­кі­лік­­сіздігі, басшылардың жеке жауап­кершіліктерінің болмауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет­тің жет­кі­лік­сіз болуы, мемлекеттік орган­дар­дың жеткіліксіз ашықтығы, қоғамдық бақылаудың болмауы, мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сот және құқық қорғау органдары қызметінің жабық­ты­ғы сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін негізгі факторлар екенін алға тарт­ты. Сондай-ақ жиында экология, білім беру салаларындағы жаңа жобалар және үкіметтік емес ұйымдармен қарым- қатынас орнату бойынша қоғамдық ұйым­дардың өкілдері тыңдалды.

Шара соңында елорда әкімі агенттік төрағасымен «Астана – адалдық алаңы» жобасын дамыту мен кеңейту бойынша алдағы міндеттер мен басымдықтарды атады.