Қоғам • 15 Қараша, 2019

Қазақ баспасөзінің пірі атандың

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақ баспасөзінің пірі атандың

Тәуелсіз ту көтерген «Егеменім...»,
Жарқ еткізіп жырымды бөлеп едің.
Жүз жасқа толған шақта ғасыр асып,
Жүрегім толқымасын неге менің?!

Күн күркіреп жауардай жаңбыр жақын,
Ақынның биіктеткен тағдырлы атын!
Ертерек «Егеменде...» жарқ еткенді,
Қазақтың ұлы ақыны – Әбділда ақын!

«Егемен...» – поэзиямен бір болатын,
Шықса өлең халқыма пір қонатын.
Қалижан, Хамит, Жұбан жарқ ете қап,
Әңгіме екі ай бойы жыр болатын.

«Егемен..!» танылғанмын мен сенімен,
Поэзия жүгін де еңсеріп ем,
«Егемен...» ең әуелі «Ұшқын» атты,
Өлеңнің найза-қылыш семсерімен!

Қуанышқа қуанып аһ ұратын,
Асау өзен ағыстай атылатын.
«Социалистік Қазақстан», «Егеменде...»,
Құлашты кеңге сермеп Ғафу ақын!

Жыр жазып күн аманда, түн аманда,
Жыр жаз деп аға газет сұрағанда,
Қыздардан Фариза бар, Марфуға бар,
«Егемен...» төл перзенті – Тұм-ағаң да!

Өлеңнің майданына бәрі аттанды,
Дүние жалт бұрылып қарап қалды!
«Социалистік Қазақстан», «Егеменнен...»,
Қаншама жас ақындар қанаттанды!

Халқы үшін күрестерге сайланды,
Нәзік, кейде өлеңімен айбарлы,
Қазағымның ақындары, бәрі де,
«Егеменмен...» ұлы ақынға айналды!

Өлең оқып өсті ғой бар баласы,
Өскен ғой фольклордан ал, бабасы.
Поэзия інжуі, жауһар жырлар,
Қазақтың ана тілі – арғы анасы!

Қазақтың газетінің пірі атандың,
Халқыма сәулесін төк құба таңның!
Елім-халқым, ұлтым деп жүзге келген,
Жасай бер!
«Егемені...» Ұлы Отанның!!!

 

Шөмішбай Сариев