Руханият • 15 Қараша, 2019

Оқырманмен ой бөлісті

489 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандарымен кездесті.

Оқырманмен ой бөлісті

Тыныштықбек ақынның сонау Семей шаһарында жатып-ақ өлең­сүйер қауымды елеңдететін қасиеті бар. Оның себебі, көп жазып, көп ізденетін ақынның ойлау жүйесінің өзгешелігінде болса керек. Екінші мыңжылдықтың бастала қалған шағында тұңғыш шыққан «Ақшам хаттары» кітабының қолдан-қолға тимей оқылғанына куәгерміз. Қазіргі интернет жүйесі дамыған шақта ақынның шығармашылығы да, өзі де көз алдымызда деуге болады. Ақынның ара-тұра оқырмандарымен сырласып, хат жазатыны да бар. «Интернқазаққа хат» жазбасы со­ның дәлелі. «Қас сақ аңқымасы» кітабының мазмұны негізінде жазыл­ған хатта ақын «аңқыма», «мүң­кі­ме» ұғымдары арқылы көшпе­лілік пен отырықшылықтың айыр­ма­шы­лығын көрсетіп, қазақ дүние­та­ны­мының артықшылығын әңгіме өзегіне айналдырған. Кешегі ака­демиялық кітапханада өткен кездесу кешінде де Тыныштықбек Әбді­кәкімұлы оқырмандарымен өзі ширек ғасырдан бері ізденген ежелгі ұғымдарымыз төңірегінде пікір бө­лісті. Оқырмандарының сұрақ­тарына барынша нақты жауап берді. Ширек ғасырға жуық ізденіп, жазған дүниесінің он том кітап болатынын, әзірге қолжазба күйінде тұрғанын, сәтін салса алдағы жылы үш томы жарыққа шығатынын мәлімдеді.

Кеш барысында елордалық студент жастар ақынның өлеңдерін оқыды. Белгілі дәстүрлі әнші Клара Төленбаева, күйші Қайрат Айтбаев сынды өнерлі жастар ақын ағаларына құрмет көрсетіп, кештің қонағы болды, ән-күймен кештің әрін кіргізді. Кешті ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиа­лының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.