Мұндай ауқымды іс-шара өткізіп, ұлы ақын шығармашылығына көптің көңілін аудару идеясы ұжым тарапынан бірауыздан қолдау тапқан. Бүгінде Қазақстан астанасының филармониясы қаладағы жетекші концерттік ұйымдардың бірі болып табылады. Онда 11 шығармашылық топ жұмыс істейді. Атап айтқанда қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, үрмелі аспаптар оркестрі, ішекті квартет, камералық хор, «Сарыарқа» халық музыкалық ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, классикалық және эстрадалық вокал, дәстүрлі халық әні бөлімі, «Әлем» эстрадалық би ансамблі бар.
Елордалық филармонияның абыройын асқақтатып, мақтанышына айналған өнерпаздар аз емес. Олардың қатарында, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Айтқали Жайымов, Айгүл Қосанова, Ернар Мыңтаев, Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Алтынай Жорабаева, Гүлзира Бөкейхан, «Құрмет» орденінің иегері Абдурасул Есекеев, Нұрай Танабаев, Нұрлан Бекенов, Шолпан Қорғанбек, Арайлым Рахымқызы және басқаларын айтуға болады.
Филармонияның солистері мен музыкалық топтары Абайдың әйгілі «Желсіз түнде жарық ай» әнін акапеллада орындады. Бас директор Ерлан Дәкенов қазақтың ұлы ақыны, композитор һәм жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың мерейтойын атап өту маңыздылығына тоқталып, эстафетаны ұжым атынан Қазақстан және Ресей Федерациясының филармонияларына жолдады.