Руханият • 15 Қараша, 2019

Қостанайда жастар Би-аға шығармашылығы жөнінде ой бөлісті

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жазушының туғанына 125 жыл толуына орай «Қаламы жүйрік Би-аға» деп аталған бұл шараны Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапхана ұйымдастырды. Жастар негізінен белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақылбек Шаяхметтің, Бейімбет Майлиннің шығармашылығына орай айтқан тағылымды әңгімесін тыңдады. Әсіресе әдебиетке құштар студент жастар үшін бұл берері мол кездесу болды.

Қостанайда жастар Би-аға шығармашылығы жөнінде ой бөлісті

«Бейімбет сырт көзге Кеңес идеологиясын жырлаған секілді болғанымен, ал шындығында Би-ағаның көптеген шығармаларында астыртын, емеурінмен берілген тосын жайлар көп. Ойлы оқырман шығармаларын оқу үстінде оны бірден аңғара алады. Мысалы «Күлпәш», «Айт күндері» әңгімелерін қараңыз. «Күлпәшта» бүкіл отбасы қырылатын болған соң, әйел бар ұятты жиып қойып, аштықтан қорғану үшін дәулетті байға тоқалдыққа шығады. Бірақ ол арманы орындалмайды. Осы шығармасымен қазақ даласына келген алапат нәубеттің қайғы-қасіретін айтады» деді Ақылбек Қожаұлы.

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері Бейімбет Майлиннің тағдыры туралы ақиқаттарды ашық көрсететін «Қаламгер» спектаклінен үзінділер көрсетті. Студент жастар жазушы шығармашылығы туралы көптеген сұрақтар қойды.

Бейімбет шығармашылығы туралы, жалпы жазушының мерейжасына орай облыста көптеген мәдениет және білім ошақтарында кештер, кездесулер, жастар пікір алмасулары әлі осылай жалғасуда.