Спорт • 15 Қараша, 2019

Бокс: Азия біріншілігінде жас өрендеріміз сәтті өнер көрсетуде

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Моңғолияның астанасы – Ұланбатырда өтіп жатқан Азия біріншілігінде Қазақстанның жастар құрамасының тоғыз боксшысы жартылай финалға шықты.

Бокс: Азия біріншілігінде жас өрендеріміз сәтті өнер көрсетуде

Осы көрсеткіш жағынан жерлестеріміз әзірге алдарына жан салмай келеді. Екінші орындағы Өзбекстанның сегіз өкілі дәл осы межеге сүрінбей жетті. Иран мен Таиландтан ­– төрт, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Жапониядан – үш, Қытай мен Моңғолиядан – екі және Тайпей мен Ирактан бір-бір боксшыдан жартылай финалға жолдама алып отыр.

Қыздар арасында Үндістанның қарқыны күшті. Үнді елінің сегіз сұлуы жартылай финалға шықты. Олардан Моңғолияның бір спортшысы кем. Қазақстан мен Өзбекстаннан – алты, Таиланд пен Қытайдан – бес және Жапония, Оңтүстік Корея және Тайпейден – бір-бір боксшы жоғарыда айтылған көрсеткішке қол жеткізіп отыр.   

Алдағы күндері жанкүйерлер жартылай финалдық және финалдық сайыстарды тамашалайды. Осы бәсекелерде біз өз өрендерімізге сәттілік тілейміз.