Теннис • 16 Қараша, 2019

Теннис: Келесі топта Стефанос Циципас топ жарды

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері теннистен Лондонда өтіп жатқан АТР-дің қорытынды турнирінің топтық бәсекелері аяқталды.  

Андре Агассидің тобында грекиялық Стефанос Циципас бірінші орынды иеленді. Алғашқы қос кездесуде жеңіске жеткен ол үшінші бәсекесін германиялық Александр Зверевке қарсы өткізді. Бұл ойында ежелгі Эллада елінің өкілі неміс теннисшісіне есе жіберді ­– 7:6. 4:6, 5:7. Соған қарамастан Циципас топ жарса, Зверев екінші сатыға жайғасты. Ал испаниялық Рафаэль Надаль мен ресейлік Даниил Медведев арасындағы айқаста алғашқысының асығы алшысынан түсті ­– 6:7, 6:3, 7:6. Нәтижесінде Надаль үшінші және Медведев төртінші орынға тұрақтады.    

Бьорн Борг тобындағы бәсекелер австриялық Доминик Тимнің жеңісімен аяқталғаны жайында біз бұған дейін хабарлағанбыз. Швейцариялық Роджер Федерер екінші орын алса, сербиялық Новак Джокович пен италиялық Маттео Берреттини үшінші және төртінші орындарды еншіледі.