Аймақтар • 17 Қараша, 2019

Жаңа жүйе жасыл желекті жайқалта ала ма?

311 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Ақтөбе секілді өндірісті қаланың «өкпесі» қысылып, тарылып тұрғаны ешкім де құпия емес. оның басты себебі кәсіпорындардан шығатын зиянды өндірістік қалдықтардың көбеюі. Әрі оны бойына жұтып, сіңіріп алатын ағаштардың аздығы болып отыр. Қазіргі кезде бұл мәселеге қанатын кеңге жайып келе жатқан мегополистіктен үміткер қаланың «бір кем дүниесі» дегеніміз жөн.

Тағы бір кереғар жәйт әр жыл сайын көктем мен күз айларында бәленбай мың түп тал-көшеттері отырғызылса да, оның көп кешікпей көктей солып қурап қалатындығы. Сонда осыншама түп ағаш егілді деп алаулатып-жалаулатудың қандай қажеті бар? Тал топыраққа шаншылған соң, оған тиісті күтім жасалып, уақытында суарылып тұрмаса –бұдан не үміт, не қайыр? Екіншіден Ақтөбе қаласында бұрыннан бар кәрі ағаштардың іріп-шіріп әр түрлі өсімдік дертіне шалдыққаны бөлек бір әңгіменің еншісі. Өңірде оны ретке келтіретін кәсіби мамандардың тапшылығы мен дендрологиялық зерттеулердің жоқтығы да алаңдатпай қоймайды.

         Болашақта еліміздің батыс өңіріндегі ірі шаһардың жасыл белдеуін орнықтыру ісі қандай жолдармен аспақ? Бұл салмақты сауалға орай ең алдымен айтарымыз қазіргі кезде мұнда жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендей және гендрологиялық құжаттандыру жөнінде арнайы стратегиялық жоба белгіленген. Жобаның аты – жоба. Бұл түпкілікті шешеім емес. Сондықтан да қазіргі кезде Ақтөбеде табиғат жанашырлары мен қоғам белсенділеріның тигізетін пайдасы мен тиімділігі немесе қажетсіздігі, басы артық шығын екендігі жөнінде әр түрлі ой-пікір өрістетуде. Бұған не деуге болады, мұндай екіжақты тұжырымдардың ара жігін ажыратын көргенде неге көзімізді жеткізе аламыз. Бұл ретте ең алдымен айтарымыз аталған ауқымды жоба Ресейлік, яғни Мәскеуден арнайы шақырылған мамандардың көмегіне сүйене отырып жасақталғаны.

         Айталық Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің доценті Екатерина Черняева Ақтөбе қаласында өткізіле бастаған қоғамдық тыңдаулар кезінде ағаштарды түгендеу мен құжаттандыру жүйесі Ресей астанасында жақсы нәтиже бергенін атап көрсетті. Оның айтынша мұнда бәрі де ескерілген. Мысалы әр ағашқа бір реттік суару кезінде әрі тұтастай жаз уақытында қанша су керектігі мен тыңайтқышты енгізудің өз мөлшері көрсетілген. Аталған жүйе күні бүгінгі дейін жетілдіріліп келеді. Мұның басты мәнісі қаладағы әр ағаш пен бұта арнайы картаға енгізіліп, тиісті нөмірге ие болатынында. Мұнда оның тегі мен түрі, жасы және диаметрі мен биіктігі барлық деректер тіркеледі дейді ол. Мәскеулік мамандардың мәлімдеуінше қаланың әр түкпірінде орналасқан қара ағаштарда кездесетін ауруларды  анықтауға да аталған жүйе көмегін тигізе алады екен. Қысқасы, ағаштарды күту мен баптауға қатысты жұмыстарды сапалы әрі көзқарас негізінде жоспарлауға толық негіз бар. Аталған жүйе жағдайында оны шабуға немесе кесу мен қырқуға мүлдем болмайды. Бұл іс қажеттілікке қарай тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы өкілдерінің рұқсаты бойынша атқарылмақ.

         Сөйтіп Ақтөбеде алдағы уақытта ағаштарды есепке алудың электрондық базасы құрылып, қала аумағындағы жасыл желек қатаң бақылауға алынбақ. Бұл іс өз кезегінде техникалық мүмкіндіктерді одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Түгендеу мен есепке алу дегеннен шығады. Соңғы кезде Ақтөбе қаласында ағаштар мен тал-теректердің жай-күйі және сан мен сапасы жөніндегі деректерді жинақтау ісі мүлдем назардан тыс қалыпты. Мұндай жәйт жасыл желекті суару мен баптауға бөлінетін қаражатты тиімді түрде жұмсауға кедергі келтірмек.

         Қоғамдық тыңдау кезінде Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров тал-теректерді сандық жүйе арқылы түгендеудің бірнеше пайдалы жақтары бар. Біріншіден бұл соңғы уақытта ұмыт қалған статистикалық есеп үшін қажет болса, екіншіден оның қаланың жасыл белдеуін жетілдіру мен қалыптастыруға да тигізетін жәрдемі мол. Үшіншіден мұндай кезде қалада тұрғызылатын жаңа нысандар мен тұрғын-үйлердің құрылысын дәл әрі айқын түрде жобалауға да жол ашылады деген ой-пікірін білдірді. Е.Черняеваның сөзіне сайсақ ұсынылған жоба ғылыми –гендралогиялық негіздерге арқа сүйейді. Осы арқылы су және энергия мен еңбек ресурстарын үнемдеуге де мүмкіндіктер туғызылмақ.

         Осы айтылған  ой-тұжырымдарға сүйенсек, Ақтөбеде жасыл желекті түгендеу мен құжатандыру консепциясы еш міні мен кемшілігі жоқ жобадай көрінеді. Расында да солай ма? Қоғамдық тыңдаулар барысында бұл мәселеге қатысты өзге мазмұнда ұсыныс-тілек білдірген ақтөбеліктер де бар. Солардың бірі орман шаруашылығы ісінің кәнігі шебері, Ақтөбе орман шаруашылығының бұрынғы директоры Карен Айжарық жаңа жобаға біржақты көзқарас тұрғысынан қарай алмайтынын айтып берді. Өйткені біз бір кезде бұған ұқсас тәжірибені қолға алып біраз іс-әрекет жасап көргенімізбен бұдан нақты нәтиже шықпады. Менің ойымша ағаштарды құр нөмірлеп қойғаннан гөрі, оны нақты бір оқу орындары мен кәсіпорын мекемелерге бекітіп бергеннің пайдасы көбірек бола ма деп ойлаймын. Мұндай жағдйда аталған іске бюджеттен бөлінетін қаражаттарды үнемді жұмсауға жол ашылады. Осы орайда қаражат тек тыңайтқыш әзірлеу мен көшеттерді сатып алуға жұмсалады деді ол бұдан әрі. Сондай-ақ өңірдегі жасыл желек өсіру мен гендралогиялық ахуалды жақсарту ісіне селсоқ, енжар қарай алмайтын жергілікті мамандар мен ғалымдар Ресейліктер ұсынған жобада оны кешенді түрде іске асыруға қажетті басты бір фактордың ескерілмей қалғанын мәлімдеп отыр. Бұл жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендеу мен құжаттандыру ісі аяқталған соң оны күту мен баптау ісін нақты түрде кімдер атқаратындығы, ең бастысы бұған жұмсалатын су мөлшері қандай көздерден келетіндігі жөніндегі мәселеден туындайды.

         Бүгінгі күндері өздері жеткілікті су көздеріне зәру Ақтөбе және Сазды су қоймалары бұл қажеттілікті өтей ала ма? Өңірдегі табиғат жанашырлары осыған алаңдайды. Мәскеуліктер ұсынған жоба бұл мәселенің түбегейлі шешімін қолға ұстата қоюы екіталай десек ше? Ешқандай талас жоқ Ақтөбе қаласындағы жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендеу өте қажетті жоба. Әйтсе де тал-теректерді суару мен күту жөніндегі оңтайлы стратегиялық және практикалық шешімдер осы бастан қолға алынбаса пайдасы мол деп есептелген бастама жартыкеш күйінде қалып қоюы әбден мүмкін. Тағы бір қынжыларлық жәйт облыста қазіргі су қоймаларында жинақталған азын-аулақ су мөлшерінің өзі зиянды химиялық элемент –бормен ластанғаны. Бұлай болатын себебі жоғарыда аталған су қоймаларында бор консентрациясы қала маңындағы Елек өзені арқылы түсетіндігі. Бұл теріс үдеріс көп жағдайларда  көктемгі су тасқыны кезінде еріксіз орын алатыны айтпаса да түсінікті. Шамамен бұл уақыт екі-үш аптаның аралығын қамтиды. Орын алатын жәййтердің күрделі сипат алатындығы соншалық төтенше кезде оны реттеу жүйесін ойластырудың өзі мүмкін болмай қалады екен. Сөйтіп бормен ластанған сумен қоректенген ағаштар бой жазып өсе алмай қалатыны, әрі әр түрлі өсімдік ертіне шалдығатыны белгілі болып отыр. Оның үстіне топырақ танушы мамандар Ақтөбе аймағы жері құнарының төмендігі ағаштардың көкке бой созып өсуіне кері әсерін тигізеді деп есептейді.

         Сонда ағаштарды суарудың өзге бір балама жолдарын ойластыру мен табу қажеттілігі алдан шығады. Оған өңірдегі ауыз судың басты көзі Көкжиде жерасты су көздерін пайдалануға болар ма еді. Әйтсе де дүниеде не нәрсенің де шексіз екенін ескерсек, бұл жолдан бас тартуға тура келмек. Бүгінгі көтерілген мәселенің бұдан да гөрі маңыздырақ мәнісіне үңілсек Ақтөбе аймағындағы бгінгі су қоймаларының мүмкіндігі тұтастай өңірдің техникалық суға және ағаштар мен бау-бақшаны суаруға деген қажеттілігін өтеә алмай жүргенін айуға тиіспіз. Осы орайда бұған дейін облыс аумағында 10 жаңа су қоймасын салу жөніндегі мәселелер жиі айтылатын. Кейіннен бұл әңгімелердің естілмей кеткеніне де куәміз. Оның бір себебі ҚР Ауылшаруашылығы министрлігне қарасты Су ресурстары комитеті аталған су қоймаларының нормативтік-сметалық құжаттырды әзірлеуді кешіктіргенінен болғанын журналистік зерттеулер кезінде анықтаған едік. Бұл аз дегендей енді өңірде 10 емес, 30 су қоймасы салынады деген әңгімелер шығуда. Әрине елге керекті істің салынғаны, тұрғызылғаны жақсы ғо. Тек мұның өзі тумаған ті сиырдың сары уызына ұқсап кетпесе болғаны да.

         Бүгінгі көтерілген мәселеге нүкте қояр тұстаАқтөбеде ағаштарды күтіп-баптау мен өсіруге байланысты орын алып жүрген келеңсіз көріністерді айта кеткеніміз орынды болмақ. Бұл ағаштарды бас-көзге қарамай аяусыз қырқып кескеннен кейін томар болып қалатыны. Ботаника мамандары кәрі теректердің екінші тынысын ашуы және онда жас өскіндердің пайда болуы үшін қажетті кезге мұндай өңдеу тәсілін қолдана алады. Әйтсе де Ақтөбе қаласында бұл істі жетік меңгерген кәсіби мамандар емес, көп жағдайда бағбандыққа қатысы жоқ, оған үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын көлденең көк аттылар атқарып жүргені де анық байқалады.

         Бұлай болатын себебі белгілі бір компания тендерлік конкурста ұтып шығады да, ағаштарды реттеуің жөні осы екен деп, жыртқыштық әрекетерге бой ұрады. Өйткені аталған кәсіпорында тал-теректі күтудің жай-күйін жетік білетін мамандар жоқ, -дейді қала әкімдігіне қарасты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық секторының меңгерушісі Хасен Юсупов.

         Бұл көрініс облыс орталығында қажетті мамандар мен дендрологтардың мүлдем жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан да қалада аталған мамандыққа бейімдеу мен қайта оқытып әзірлеу жұмыстары шұғыл қолға алыну қажеттігі кезек күттірмесе керек. Сондай-ақ бұл іс барша жұртшылық пен қала тұрғындарының  ұайы қадағалауы мен бақылауында болғаны жөн. Осы орайда бүгінгі әңгімеміздің басты желісіне айналған ағаштарды түгендеу мен құжаттандыру ісінің қажеттігі айқын көрінеді.

         Түйіп айтқанда Ақтөбені жасыл қалаға айналдыру жөніндегі жобаның өте өміршең екені хақ. Осы орайда ауқымы кең жауапкершілігі мол іс жан-жақты, кешенді сипат алған жағдайда ғана нәтижелі болатыны назардан тыс қалмаса екен демекпіз.             

АҚТӨБЕ