«Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым патшалығының ханы», деп жазылған құлпытаста. Мемориалды тақтаны ашылуында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов тебірене сөз сөйледі.
«Қадірменді халайық, осынау қасиетті Қасымов жерінде қасиетті бабамыз Ораз-Мұхаммед Онданұлына қойылған тақтаны ашып тұрмыз. Аруағы қабыл етсін. Сөз жоқ бір тұлғаға ғана емес тұтас бір дәуірге, сонау аласапыран дәуірдегі қазақ сұлтандығының Ресейдегі тарихи ізіне ғана емес, екі халықтың арасындағы достық пен ынтымақтың, бірлік пен тірліктің өзіне қойылған ескерткіш деп білемін. Сол себепті Ораз-Мұхаммедтің есімі бүгінгі ұрпақ санасында орыс қазақ достығының символы әрі екі ел арасындағы дипломатиялық алыс-берістің қарлығашы ретінде мәңгі сақталады», деген елші бастамаға қолдау көрсеткен Рязань облысы әкімдігі мен дипломатиялық өкілдігіне алғыс білдірді.
Қасымов қаласының оңтүстігіндегі Уланова Гора ауылының жанында Яблоневый сад деп аталатын алаңқайдағы ескі Татар зиратына қойылған мемориалды тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылған. Ескерткіштің биіктігі үш метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған.
Әйгілі «Шежірелер жинағы» еңбегін қалдырған, Ораз-Мұхаммедтің тәлімгері һәм қайынатасы Қарашы бек Қадырғали Жалайыр би де осы топырақта жан тәсілім еткен. Қасымов қаласының іргесіндегі ескі Татар зиратында, Ораз-Мұхаммедке арналған құлпытастан әрі 100 метр арасында Аталығы Қадырғали Жалайырға ұрпақтары 2005 жылы ескерткіш тас қойыпты.
Ораз-Мұхаммедті қазақпен қайта қауыштырған Мағауиннің «Аласапыраны»
Құлпытас қоюға Қасымовқа келместен бұрын, 14 қарашада Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің тарихшыларын жинап өткізген халықаралық ғылыми конференцияда И.Тасмағамбетов қазақ халқымен Ораз-Мұхаммед сұлтанды араға үш жарым ғасыр салып қайта қауыштырған жазушы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романы екенін еске салды.
«Барша Алаш жұрты үшін байрақты бабамыздың жат елде жарты патшалық құруы аңызға бергісіз ақиқат! Ал оның ел мен елді табыстырған қызметі – мәртебелі абырой. Өйткені Ораз-Мұхаммед орыс жеріне жеке дара келген жоқ. Ол бүкіл ел аманатын, ұлы даланың дос пейілі мен бейбіт ықыласын ала келді. Содан болар табиғи тәкаппарлығы мен батылдығының, зеректігі мен әділдігінің арқасында үлкен беделге ие болды. Осы елдің тағдыршешті сын сағатына араласты. Атқа қонып, еңселі ертеңі үшін күресті. Әрбір тарихи дәуір әлемге ұлы адамдар мен әділ билеушілерге, ел мақтан тұтатын тұлғаларға ие болары сөзсіз. Сонымен қатар, адамдар тарихи процестерді ұғып, логикасын түсінуге тырысып қана қоймайды, батыр бабалары жөнінде шындықты білгісі келеді. Ораз-Мұхаммед сұлтандай ерекше тұлғаны терең зерттеп, оған қоса өмірбаяндық материалдар мен оқиғаларын алғашқылардың қатарында өзінің «Аласапыран» атты романына енгізген қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин болды. Ораз-Мұхаммедтің Ресей кеңістігіндегі даңқты істері қазақ жерінде ғана емес, сонымен қатар оның шегінен тыс аймақтарда да танымал болды. Бүгін де оның халық жадында даңқты патшалар мен ұлы хандардың есімдерімен қатар аталуы кездейсоқ емес. Мұның бәрі біздің халықтарымыздың біртұтас рухани жады мен мәдениетін құрайды», деді елші конференцияның ашылуында.
Ораз-Мұхаммед қазақ ханы болуы да, Мәскеу патшалығын билеуі де мүмкін еді
Ораз-Мұхаммед – қазақты билеген Шыңғыс ұрпағынан шыққан, Ондан сұлтанның үлкен ұлы және генеология бойынша барлық қазақ хандарының атасы ретінде есептелетін Шығай ханның немересі. Ол 1587(88) жылы Сібір ханы Көшімге қарсы соғысып жүрген Чулков жасағына тұтқынға түсіп, орыс патшасы Феодор Иоанновичтың сарайына жіберілді. Қазақ сұлтандары боз қасқаның қанына бармақ батырып ант бере қабылдаған Тәуеккелдің тақ мұрагері болатын. Бұл деректі еске салып, тіпті «Ораз-Мұхаммед Мәскеу патшалығы тағына да отырар ма еді» деген болжамын Халықаралық бизнес университетінің әлеуметтік ғылымдар және гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры Мұрат Әбдіров айтты.
Тарихшылар Ораз-Мұхаммед ханзаданың 1590-1595 жылдардағы орыс-швед соғысына белсене қатысқанын, 1598 жылғы Қырым татарларына қарсы жорыққа шыққанын ескере отырып, патша алдындағы беделі туралы әлі күнге дейін дауласады (жоғары лауазымды әскери тұтқын, аманат, патшаға жақын тұлға). 1600 жылы Феодор Иоанновичтің орнын басқан патша Борис Годунов өзінің жаңа егемендігі үшін шайқаста көрсеткен жауынгерлік еңбегін ескере отырып, Ораз-Мұхаммедті Мәскеуге тәуелді, бірақ 200 жылға жуық ресми дербестігін сақтаған Қасым хандығының тағына отырғызды. Хандық Алтын Орда қалдықтары мен Ресейдің саяси ықпалдасу механизмі, Батыс пен Шығыстың мәдени, экономикалық, өркениеттік жолдарын жақындастыруға бағытталған парасатты мемлекеттік саясаттың үлгісі болды.
«Тегі түркі үш билеушінің: Сібір ханы Көшім, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед және Петр Урусов атымен тарихта қалған ноғай ханзадасы Орақтың – кейіннен үлкен еуразиялық державаға айналған сол тұстағы Мәскеу патшалығы кезеңінде тағдырлары тәлкекке түсті. Ораз-Мұхаммед сұлтан қазақтың ханы болуы мүмкін еді. Ол Шығай ханның өмірден ерте озған үлкен ұлы Онданның баласы ретінде мүмкін қазақ хандығының тағына отырар ма еді? Тіпті, Борис Годунов патшаның ең сенімді серіктерінің бірі болған Шыңғыс тұқымы Ораз-Мұхаммед өмірінің соңғы беттері құпияға толы. Ол мезгілсіз ажал құшпағанда орыс боярлары Мәскеу патшалығы тағына алып баруы да ғажап емес еді», деді профессор елшілікте өткен конференцияда.
Ораз-Мұхаммед ханның тарихи рөлі толық бағаланбады
Ерекше, айқын тарихи тұлғалардың, өз заманының батырларының, өз Отанының даңқты ұлдарының тағдыры – тарихтың ажырамас бөлігі. Біз ата-бабалар өмірінің құдіретті кезеңдерін, өз елдерінің дамуына үлесін және басқа елдер мен халықтардың өміріне қатысын ұмытпауымыз керек. XV ғасырдың ортасында Мәскеудің көреген княздері құрған Қасым хандығы өзінің екі жүз жылдық тарихында тек Ресей мемлекетінің нығаюында ғана емес, сонымен бірге Мәскеу дипломатиясы мен өз заманының дипломатиялық кадрларының ұясы болудағы маңызды рөлін мойындайды. Тарихи орыс-қазақ мемлекеттерінің бір-біріне деген белсенді қызығушылығының ояну кезеңіндегі келіссөздерінде Ораз-Мұхаммед ханның бітімгер рөлі басым болды. XVIII ғасырда қазақ хандарының Ресей бодандығын мойындаумен аяқталған Ресей мен қазақ даласы арасындағы қатынастардың катализаторы рөлін әсіресе Ораз-Мұхаммед басқарған кезеңдегі Қасым хандығы атқарды деп айтуға болады.
Мәскеудегі ғылыми конференцияда Ресей ғылым академиясының Орыс тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Андрей Беляков «Мүмкін, Ораз-Мұхаммед Қазақстанның Ресейдегі тұңғыш елшісі, ізгі ниетті дипломаты болған шығар. Ораз-Мұхаммед екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарды жай ғана бастаушысы емес, екі елдің ықпалдасуына әсер еткен тұлға», деп атап өтуі тегін емес. Ал Ресей ғылым академиясының Әлеуметтік ғылымдар туралы ғылыми ақпарат институтының Өркениеттерді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі Илья Зайцев белсенді мемлекет қайраткерлерінің бірі болған қазақ сұлтанының ғылымдағы тарихи орны ғана емес, саяси қызметі турасында да жалғасты зерттеудің қажеттілігін айтты.
Осылайша, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, жаңа буынның өткен замандардағы мемлекет қайраткерлерінің сіңірген еңбегін мойындауы Қазақстан-Ресей қатынастарының қазіргі кезеңінің жарқын бейнесі бола алады. Олардың терең және ажырамас байланысының көрсеткіші ретінде өткен күндердің бір тамырлылығы, сонымен бірге, бір-бірінің мемлекеттілігін иелену мен сақтауда шешуші рөл атқарған халықтардың генетикалық жады, әлі де біртұтас еуразиялық кеңістіктегі басқа ел және халықтардың істерінде шешуші әсерге ие. Ресей тарихында алар орны орасан зор, бірақ әлі де өз бағасын таппаған қазақ халқының ұлы перзентінің қабірін қалпына келтіру – тарихи сабақтастықты қалпына келтірудің және ата-бабаларымыздың қабірлеріне тағзымның үлгісі, өткен кезең батырларының іс-әрекеттері мен жетістіктеріне ерекше көңіл қоюдың белгісі.
Ораз-Мұхаммед ханның бүгінгі тарих беттерінен көрініс берген батылдық, адалдық және даналық сабақтары азаматтардың жаңа буынын қалыптастырудың, жастарға құнды бағдар көрсетудің, адал қызмет пен мемлекеттік идеяға шынайылықтың, жер мен халықты біріктіре білу мен сол тарихи қауымдастықтың аса маңызды үлгісі.
Нұрғали Нұртай
Мәскеу