Қоғам • 18 Қараша, 2019

«Ozgeris ustasy» сыйлығы ізгі әрі іскер жандарға табысталды

350 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жылдар бойы жинаған машығын өз кәсібін көркейтуге ғана жұмсамай, өзгенің нәсібін молайтуға бағыштаған ізгі де іскер жандар мен қоғамдық ұйымдар қашанда биік құрметке лайық. Биыл тұңғыш рет томағасын сыпырған «Ózgerіs ustasy» республикалық сыйлығы осы мақсатты мұрат тұтқан еңбеккерлерді қанаттандыра түскен айрықша жоба деп айта аламыз.

«Ozgeris ustasy» сыйлығы ізгі әрі іскер жандарға табысталды

Кәсіпкерлікті дамытуға қосқан қомақ­ты үлесі үшін Алматы төрінде марапат­талған бір топ кәсіп иелері – қоғамдағы түрлі түйткілдің түйінін тарқатып, әлеу­мет­тік кәсіпкерліктің сан саласында айна­ласына шуағын шашқан жігерлі жандар. Білім беру, экология және осал топтармен жұмыс істеу салаларында үздік үлгі танытқандар 500 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Бірінші кезеңде финалистерді үкіметтік емес ұйымдардан түскен өтінімдер негізінде отандық және шетелдік эксперттік ұйымдар өкілдерінен құралған арнаулы комиссия таңдаған еді. Ал олардың арасынан жүзден жүйрік шыққандарды онлайн дауыс беру арқылы ел тұрғындары анықтаған болатын.

Сонымен «Ózgerіs ustasy» рес­пуб­ли­калық сыйлығында Salem Social Village ұжымы, «КОМУНИТИПЛЮС» мәдениет, әлеумет және білім беру­ді дамыту қоры», «Аялаған ала­қан» қоғамдық қайырымдылық қоры әлеу­мет­тік кәсіпкерліктің білім сала­сын­дағы үздік үлгісі номинациясында жеңімпаз деп танылды. Ал әлеуметтік осал топтарды қолдау саласындағы әлеу­меттік кәсіпкерліктің үздік үлгісі аталымында «Ерекше өмір» мүгедек балаларды ақпараттық-үйлестіру ре­сурс­­тық қолдау орталығы», «Жамбыл об­лысының коммерциялық емес ұйым­да­ры­ның қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Ski Park Pioneer» ЖШС, Ағабек Қарабеков атындағы қоғамдық қор, «JARQYN BOLASHAQ» жас­тар қоғамдық қоры, «Страна мастеров» мүгедектердің қоғамдық қоры, «Мөлдіркөз» қоғамдық бірлестігі, «Пси­хо­аналитическая ассоциация» қоғам­дық бірлестігі, «Федерация пауэрлифтинга и жима лежа Мангистауской области» қоғамдық бірлестігі жүзден жүйрік атан­ды.

«Арнау» даму орталығы» қоғамдық бір­­лестігі, «Жайық-Каспий Орхусс ор­­талығы» корпоративтік қоры, EcoWasteAktau ұжымы тұңғыш рет та­быс­­­талып отырған «Ózgerіs ustasy» сый­­лы­­ғының экология саласында көш бас­тады.

Сонымен бірге әлеуметтік кә­сіп­кер­лікті қолдау бойынша корпоративті сектордың үздік бастамасы номинация­сында Chevron компаниясы, «Үздік мем­ле­кет­тік шара» аталымында Самұрық-Қазына Траст, Халықаралық ин­сти­тут­тың үздік бастамашысы ретінде Ха­лықаралық даму жөніндегі АҚШ агент­ті­гі дара шықты.

 Жеңімпаз деп танылғандар бизнес пен қоғам арасында диалог орнатып қана қоймай, ел азаматтарының өмір сапасын жақсартуға үлес қосқан ұжымдар.

 «Бүгін біз Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің алғашқы қарлығаштарын құрметтедік. Олардың бірегейлігі – әлеу­мет­тік мәселелердің шешімін табуын­да ғана емес, шешімді тұрақты бизнес модельдерге негіздей отырып шешуінде. Қарапайым тілмен айтқанда, олар біздің қоғамға көмектеседі әрі осы қызметі арқылы табыс табады және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына ақша табуға мүмкіндік береді. Аты айтып тұрғандай «ÓZGERIS USTASY» – қоғамға өзгеріс әкелетін еліміздің нағыз каһармандарын, өзгеріс ұсталарын анықтайтын байқау. Осы кісілер біздің жас ұрпағымызға үлгі болуы керек», дейді ImpactHub Алматы басшысы Индира Шах.

 Бүгінгі таңда елімізде 150-ге жуық әлеуметтік кәсіпкер белсенді қызмет етіп келеді. Кеш барысында олардың алғашқы республикалық реестрінің таныстырылымы өтіп, бұл саладағы еліміздің ең бел­сенді аймақтары анықталды. Үз­дік­терді марапаттау рәсімі өнер жұл­дыз­дарының концертіне ұласып, кәсіп­кер­лер қолынан шыққан ерекше өнім­дер жәрмеңкесі көпшілік назарына ұсы­ныл­ды.

 Сөз орайы келгенде осынау айрықша жобаны «Act for Impact» (Impact Hub Almaty) корпоративтік қоры Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» (ҮЕАҚ) гранты аясында ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.

 

АЛМАТЫ