Қоғам • 18 Қараша, 2019

Қаратау неге қаһарлы?

740 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қабырғалы қарт Қаратаудың қабағы ашылмағаны қашан? Қалай ашылсын, қойнауындағы сылдырап аққан бұлақтар тартылып, аң-құс біткен жоғалып бара жатса. Бір кездері Қаратаудың ұшар басында арқар, тауешкі, елік ойнақ салып жүретін. Дуадақ, қырғауыл, шіл, бөдене, бұлдырық сынды құстар сан түрлі әуенмен маңайды шаттыққа бөлеп тұрушы еді. Бүгінде тау қойнауынан ұшқан құс, жүгірген аң көру қиын...

Қаратау неге қаһарлы?

Кім кінәлі? Тау-тасты тіміскілеп, кен іздегендер ме? Әлде қолдарына қа­ру алып, аң-құс көрсе жаппай жайратып тастайтын аңшылар ма? Иә, бір кезде ерінбегендердің бар­лығы аңшы атанды. Біреулер аңды қызық үшін қырды, екіншісі күнкөріс үшін атты. Ақбөкеннің мүйізі құнды, көздері мұң­лы болатыны осы кез. Сиреп қал­ған аң-құсты кен іздеушілер мен жер қа­зушылар да үркітті. Қалғаны қасқыр­дың азы­ғына айналды.

Жануарлар дүниесін қорғау жө­ніндегі Үкімет қаулысынан соң жағ­дай біршама түзеліп келеді. Қаратау сілемдерінен соңғы кезде арқар, қа­бан, қарақұйрық ұшырасып қалып жүр. «ОхотЗооПромӨБ» МҚК мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері облыс аумағындағы ерекше қорғалатын жерлерде, сондай-ақ алыс жайылымдарда Қазақстанның «Қызыл кітабына» кірген жабайы аңдар көбейіп келеді деп қуанып отыр.

Иә, жабайы аң-құс – дала сәні, мемлекет байлығы. Оны «иесі жоқ екен» деп оңды-солды қыра беруге болмайды. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» демекші, жабайы аң-құстардың да сұраушысы, іздеушісі бар. Дегенмен, соны біле тұра қызық қуған немесе «қызылсырағандар» бес қаруын асынып дала кезіп кеткендерін қоя алмай жүр.

Сөзімізге тиек іздеп көрелік. Об­­лыс­тық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­­пек­циясы «ОхотЗооПромӨБ» рес­публикалық МҚК қызметкерлерімен бір­лесіп табиғат заңдылықтарын сақ­тау және қадағалау мақсатында былтыр рейд ұйымдастырған. Созақ ауданы Қыземшек-Тайқоңыр тас жолында олар «ВАЗ-21214» маркалы автокөлікті тоқ­татады. Ал көлік ішінде ақбөкен еті жатыр еді.

Созақ аудандық соты Ербол Әбі­шевті Қылмыстық Кодекс­тің 337-бабы 4-бөлімінің 2 тармағымен кінәлі деп та­уып, оны бір жарым жыл мерзімге аң
ау­лау құқығынан шектеді. Онымен бірге болған Нұрлан Тілеубаев пен Бағдат Шоқанов та тиісті жазаларын алды.

Түркістан қалалық ішкі істер бас­­қармасы, табиғат қорғау поли­ция инспекторы, облыстық орман­ шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Оты­рар орман шаруашылығы қыз­мет­керлері Қаратау бөктеріндегі Ырбақты өзенінің басында Үшкекіл аталатын жер­ге келгенде өз көздеріне өздері сенбеді. Табиғат аясында шатыр құрып демалып жатқандардың мұнда «жан-жақты жоспарлармен» кел­гендері көрініп тұрды. Оларда мыл­тықтың неше атасы бар екен. Бұл аздай 5 рация, 3 дүрбі, 2 аңшы пышағы, көп­теген оқ әкеліпті. Мылтықтарына қиян­дағыны табан жолына дейін жақын­датып әкелетін оптикалық көздегіш орнатылыпты.

Инспекторлар жаз қызығын тау бөк­терінде тамашалап, сауық-сай­ран салып жатқандардан кә­дім­гідей күдіктенді. Бекер күдік­тенбепті. Олардан 1 қабан, 4 Қа­ратау арқарының еті тәркіленді. Тексеріп көрсе «саяхатшылардың» бірі Алматы қаласынан келіпті. Респуб­ликалық спорт колледжінің мұғалімі көрі­неді. Ал сенімді серігі шымкенттік болып шықты.

Алматыдан келген Қ.Әбішевке 1 мил­лион 982 мың теңге айыппұл салынды. Тәркіленген мылтықтар мен оқтар облыстық ішкі істер депар­таменті тылмен қамтамасыз ету басқар­ма­сының қару-жарақ қоймасына өткі­зілген.

Жоғарыдағы қадағалаушы құрам тағы бір рейдтік іс-шара барысында Арыс қаласы аумағынан түнде аң аулап жүр­ген күдіктіні құрықтаған. Тексеру барысында оның бүгінде жойылып кету алдында тұрған қарақұйрықты атып алғаны белгілі болды. Арыс қала­лық сотының үкімімен Рыскелді Өмір­зақовтан мемлекет пайдасына 389 800 теңге өндірілді.

«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркінің қызметкерлері Ұлыжұрт шатқалында «Қызыл кітап­қа» енген «Мензбир» суырын заңсыз аулаған Құдияр Шоқановты ұстаған. Қазы­ғұрт аудандық соты оған екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындаған.

Келтірілген деректер облыстық ор­ман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспекция­сының құжаттарынан алынды. Бұл аңшылықпен заңсыз айналысу­шы­лардың қолға түскендері ғана. Ал аң мен құсты заңсыз атып, жасырынып үлгергендері қаншама?! Сайын дала мен тау қуысында қаншама аң­ның қуырдаққа айналғанын кім санай алған?! Сондықтан олардың жойы­лып немесе азайып кетуінен сақ­тануымыз керек. Бұған тек тиісті ме­­кеме қызметкерлері жауапты деген жаңсақ ұғым. Табиғатты, оның қой­науындағы балықты, флора мен фау­на тепе-теңдігін сақтау барша адам­­ның борышы десек, жоғарыдағы жауапкершіліктен ешкім де қашып құтыла алмайды.

Десек те, сұғанақтық сор болып жабысатынын сезгісі келмейтіндер әлі де бар. Айталық, Түркістан об­лыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясы қызметкерлері жүр­гізген рейд барысында Шар­дара су қоймасына үрмелі резина қа­йы­ғымен түсіп, аккумулятор ар­қылы электр тогын қосып балық аулап жатқан жерінен Келес ауда­­­нының тұрғындары Бекзат Ере­жепов пен Сер­жан Сапаров ұсталған. Олардан айғақ ретінде 35 кило сазан алынған. Шардара аудандық соты екеуін де бір жыл алты ай бас бостандығынан шек­теу туралы үкім шығарды. «Балық­шылар» табиғатқа 114887 теңге залал келтірген. Залалды өндіру ісі Шардара аудандық соты арқылы қаралу үстінде. Аталған инспекция мен «ОхотЗооПромӨБ» МҚК қызметкерлері бірлесіп жасаған рейд барысында сондай-ақ Шардара су қоймасында шалқып жүрген келестік Әлайдар Абдурахманов пен Нұрсұлтан Қадырбеков қолға түсті. Олардың шал­қардан олжалағаны 20 сазан, 60 мөңке, 1 сом, 1 көксерке, 1 жыланбас балығы екен. Бұлар да жазасыз қалған жоқ. Мем­лекет пайдасына 102 995 теңге өнді­рілмек. «Уылдырық» рейдтік іс-шарасы барысында келестік Мұқтар Рысбаев пен Анашбек Ахметов те ұс­талып қалды. Олардың айдыннан аула­ғаны 16 сазан, 4 мөңке балығы. Бұл екеуі енді үш жыл бойы қармақ ұстамайтын болды. Мемлекет пайдасына 50500 теңге төлеп құтылды.


Ж.Әлімбетов пен Н.Паташов та Шар­дара су қоймасынан пайда таппақ бол­ғандар. Екеуінің қоржынынан 60 кило балық тәркіленді. Сот оларға да тиісті жаза тағайындады. Мемлекет пай­дасына 180 587 теңге өндірілді. Арыс ауданы аумағындағы Көксарай су қоймасында қытай торымен балық аулап жүрген Еркебұлан Еріков бір өзі 243 кило балық аулаған. Сөй­тіп таби­ғатқа 327 240 теңге залал келтірген. Сот бұл қаржыны мемлекет пайдасына өнді­ріп берді.

Жуырда Шардара су қоймасында жан шошырлық бір оқиға болды. Су қорғау инспекторлары түн­гі рейд кезінде айдында бейса­уат жүрген­дерді байқап қалады. Бұза­қылар бой тасаламақ болып қашқанымен, қайық­тары қайырлап қалады. Осы кезде жа­қындап қал­ған инспекторларға қарата 16 ка­либр­лі мылтықпен оқ атылады. Оқ қорықшының аяғынан тиген. Бұзақы­лар инспектордың ұялы телефонын алып тайып тұрады. Алайда, олар көп кешікпей тәртіп сақшыларының қо­лына түсті. Оқ атқан броконьердің әкесі болып шықты. Осы іс бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүр­гізілуде.

Ал Қаратау мемлекеттік таби­ғи қорығының және Кентау қала­лық ішкі істер басқармасының қыз­меткерлері Құрсай шатқалында бір арқарды қозы­сымен сұлатқан Бауыр­жан Өмірбековті рейд барысында тоқтатты. Кентау қа­ла­лық соты оны екі жарым жылға бас бос­тандығынан шектеді. Одан мемлекет пайдасына 17 миллион 43 мың теңге өндірілмек.

Біз мінген машина Қаратауды бөк­тер­леп жүйткіп келеді. Шу жазы­ғына дейін созылған ұлан-ғайыр далада бір­де-бір аң ұшыраспады. Тіпті кезінде қадам басқан сайын алдыңнан орғып қаша жөнелетін қоян да көрінбейді. Аңы мен құсы жоқ дала сұлу көріне ме? Көңі­ліміз құлазып келе жатты.

Қайтар жолда Қаратаудың басына бұлт үйірілгенін көрдім. Тау қабағын түйіп тұрды. Қаратау кімге қаһарланды екен?

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

журналист

 

Түркістан облысы

 

 

Р.S. Осы материал жазылып жатқанда «Бетпақдалаға ақбөкендер орала бастапты» деген сүйінші хабар естідік. Сұ­лулыққа мылтық кезенетіндер дала еркелерін үркітпесе екен деп тіледік іштей. Жаралы жануар көрсек етімізден ет кесіп алса да емдеп жібергіміз келеді. Бәлкім, бұл талай қуғын-сүргінге ұрынып, тұқымы тұздай құрып бара жатып қайта көбейе бастаған ақбөкендер мен қарақұйрық, еліктерге  деген аяушылық се­зімнен де шығар-ау.

Күрсінбеші, киелі тау! Арқарың мен таутеке шыңдарыңда болат тұяқтарымен дүрсілдетіп жүреді әлі...