Экология • 18 Қараша, 2019

Сортаң жер шаруашылық соры

1407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде әлемнің кейбір елдерінде топырақтың құнарсыздануы мен тұздануы 50 пайызға жеткен. Қазақстанда топырақтың тозуына байланысты сала мамандары үнемі дабыл қағып, жер қабатын сауықтыру мәселесін жиі көтеріп келеді.

Сортаң жер шаруашылық соры

Соңғы деректер бойынша, еліміз­дің кейбір облыстарының терри­ториясының 30-40 пайы­зы құнарсыз. Жер ананы сауық­тыруға байланысты арнайы заң қабылдау керек деген мамандар алдағы он шақты жылда бұл көрсеткіштердің ұлғайып кету қаупі бар екен­дігін айтады.

Ө.Оспанов атындағы Қазақ топы­рақ­тану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында осы тақырыпта өткен кон­ференцияға оннан астам ғы­лыми-зерттеу институтының ғалым­­дары қатысып, сор­таң жерлерді сауық­тыру мәсе­ле­сін талқылады. Ауыл шаруа­шылығы ғылымының докторы Абдолла Сапарұлы эконо­ми­­калық көр­сеткіштерді не­гізге ала отырып, жердің тұз­дану салдарына тоқталды.  Маман­дар сортаң қабаттарды жою үшін топырақтың құнарын сақ­тау тура­лы заң қажет дейді. Осын­д­ай заң Еуропа елдерінің б­ә­рінде бар. Кедендік одаққа кіре­тін Ресей мен Беларусьте де жер­ді қорғайтын заңдар қабыл­данған. Аталған елдер ауыл ша­руашылығы өнімдерін өндіруде бізден оқ бойы озып келеді. 

Конференцияда сөз алған ауыл шаруашылығы ғылымы­ның докторы С.Асылсейітұлы шаруалардың қолындағы тех­никалардың жылдан-жы­лға тозып бара жатқаны шаруа­шы­лықтың дамуына кедергі келтіре­ті­нін атап өтті. Бүгінде заманауи тех­но­логияларды енгізу, саланы цифрлан­дыру уақыт талабы. Ал тозған тех­­ни­касының бетіне қарап отыр­ған шаруа­ның жағдайы тұрақ­ты емес, көлі­гі істен шық­са табысы да азаяды. Бұл ба­ғыт­та аймақтағы әкімдіктер ар­найы мониторинг жүргізіп, шаруа­лардың ұжым болып еңбек етуіне қолдау көрсеткені абзал. Шаруаларға техникаларды лизингпен алу барысында да па­йыз жеңілдіктерін жасау біраз жыл­дан бері күн тәртібінен түспей келеді.

Осы орайда дақылдармен қатар жеміс-жидек, көкөніс алаң­­дарындағы топырақ құ­нарын сақтауда білікті мамандар тәжірибесі қажеттігін қоз­ғаған ғалымдар өнімділікті арт­тыруды мақсат ететін шаруа­шылықтар алдағы жылдарда топырақты сауықтыру мәселе­сіне сергек қарау тиістігін айтады. Құнары мол топырақ – са­ламатты денсаулықтың ке­пілі. Сонымен қатар топы­рақ­­тың құнарын арттыруда ауыс­палы егістердің маңызы бар. Өңделген егістік жерлерге көп­жылдық шөп өсіру мен аралық дақылдарды жасыл тыңайтқыш ретінде пайдалану, тағы бас­қа кешенді баптау жұмыстары органикалық құрамды қалпы­на келтіруге мүмкіндік бере­ді. Жер жамылғысын сортаң­­нан арыл­ту мәселесін қозғаған Б.Жек­сен­бин, Б.Әміров, басқа да мамандар топырақты заң­мен қор­ғау көптеген түйткілді мәсе­ленің шешілуіне ықпал етеді деп атап өтті.

 

 АЛМАТЫ