Күрес • 18 Қараша, 2019

Әлем кубогы кімге бұйырады?

210 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қараша айының соңында Иранның бас шаһары – Тегеранда грек-рим күресінен Әлем кубогы сарапқа салынатыны жайында біз бұған дейін де өз оқырмандарымызды құлағдар еткенбіз. Төрткүл дүниенің ең үздік сегіз командасының қатысуымен өтетін айтулы додада Қазақстан құрамасы да бақ сынайды. Сол жарыстың алдыңғы легінен көрінуге біздің балуандардың мүмкіндігі бар ма? Осы сауалға тұшымды жауап алу үшін жерлестерімізге қарсылас атанған командалардың соңғы кездері қол жеткізген табыстарына көз жүгірткен жөн.

Әлем кубогы кімге бұйырады?

Парсы елінде қазақ балуан­дары Иран, Ресей және Куба құ­ра­маларымен бір топта өнер көрсетеді. Аталған коман­да­лар­дың барлығы да азулы екені еш күмән туғызбаса керек. Осы сөзіміз дәлелді болу үшін алысқа бармай-ақ, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатының нәтижесіне көз жүгіртсек те жеткілікті. Мәселен, бүгінде күрес әлемінің көшбасшы командасы саналатын Ресей құрамасы Қазақстанның астанасында да алдына жан салған жоқ. Олар екі алтын мен үш күміс медальды олжалады. Аталған мемлекеттің өкілдері арасынан Әбуязид Манцигов (72 кило) пен Мұса Евлоев (97 кило) теңдессіз деп танылса, Сергей Емелин (60 кило), Степан Маранян (63 кило) және Артем Сурков (67 кило) екінші орынды иеленді. Алайда осы көрсеткішке ресейліктердің көңілі толды деп айта алмаймыз. Себебі былтыр Будапеште өткен дүниежүзілік додада көрші елдің алты бірдей балуаны алтын тұғырға көтерілгені есімізде. Осы секілді толағай табыстарға Ресейдің грек-рим күресі шеберлері талай мәрте қол жеткізгеніне сан миллион жанкүйер куә. 

Иран балуандарының да табысы тамсандырады. Нұр-Сұлтанда олар үш қоланы қоржынға салды. Бұл жүлделердің иегерлері – Әли Реза Нежати (60 кило), Мұхамедәли Гераеи (77 кило) және Саид Әбдвали (82 кило). Иә, әлем чемпионаттарында Парсы елінің әнұраны тым сирек шырқалып жүргені рас. Есесіне олар жүлдегерлер санатынан жиі көрінуде. Егер статистикалық мәліметтерге жүгінсек, соңғы 10 жылда айтулы жарыста жеңіп алған жүлделер саны жағынан ирандықтар тек Ресей мен Венгрия құрамаларынан қалып келеді. Ал өзге командалардың барлығынан олар оқ бойы озық. Оның үстіне, Әлем кубогы Тегеранда өтетінін де естен шығармайық. Сол себепті де өз елінде, өз жерінде жалауы желбірейтін жарыс­ жанкүйерлерін қуанту үшін иран­дық апайтөстердің әрқай­сысы жандарын салып айқасатыны анық.

Куба жайында айтар болсақ, олардың да бағындырған белестері өте зор. Ұлттық құрама сапында Михаин Лопес пен Исмаэль Борреродай жұлдыздары бар Бостандық аралы елі балуандары да бас жүлде алуды көздеп отыр. Аса ауыр салмақтағы алыптардың барлығын жығып жүрген Лопестің атағынан ат үркеді. Ол – Олимпия ойындарының үш және әлем чемпионатының бес дүркін чемпионы. Панамерика ойындарын бес мәрте ұтып, құрлық біріншілігінде тоғыз рет дара шықты. Егер ол 2020 жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпиадада топ жарса, онда айтулы спортшының есімі жекпе-жек өнеріндегі теңдессіз тұлға ретінде тарихта қалатыны даусыз. Олай деуге негіз, жер жаһанда Олимпия ойындарының ең биік сатысына төрт мәрте көтерілген бірде-бір балуан жоқ. Ал қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып жүрген 40 жастағы Михаин Лопестің сол белесті бағындыруға мүмкіндігі зор.

Биылғы әлем чемпионатында Куба бір алтын және бір күміс медальды еншіледі. 67 кило салмақта әйгілі Исмаэль Бор­ре­роға тең келер ешкім табылмады. Аса ауыр салмақта күш сынасуға тиіс Михаин Лопес боз­кілемге шықпады. Ол өз орнын өзінің ізбасары Оскар Пиноға босатты. 25 жастағы жалындап тұрған жас жолбарыс бапкерлердің де, басқалардың да сенімін ақтады. Нұр-Сұлтанда Пино күміс медальды мойнына ілді. 

Міне, Тегерандағы әлем кубо­гының топтық сайысында Қазақ­стан құрамасы осындай азулы ко­мандалармен күш сынасады. Байрақты бәсекеде біз өз өрен­дерімізге зор сенім артамыз. Бұ­ған дейін де біздің балуандар айтулы додада бірнеше рет бақ сынаған. Бірақ ешуақытта жүлде алған емеспіз. Бәлкім, осы жолы сол олқылықтың орны толар.

Негізі биылғы әлем чемпио­натында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері жаман күрес­кен жоқ. Иә, өз елімізде жа­лауы желбіреген жарыста бас жүлденің бұйырмағаны рас. Өзек­ті өртеген өкініш сол. Десек те қуа­нып, шаттанған кездеріміз де болды. Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан дүбірлі додада қазақтың үш бірдей өрені жеңіс тұғырына көтерілгенде ерекше күй кештік. Жан алысып, жан беріскен бәсекелер барысында талай мықтыны жолынан ығыстырған Қорлан Жақанша (55 кило) күміспен күптелсе, Мейрамбек Айнағұлов (60 кило) пен Алмас Кебісбаев (63 кило) қолаға қол созды. Қазақтың өр мінезді ұлдары Олимпия ойын­дары мен әлем чемпионаттарында сан мәрте дараланған дүл­дүлдерді тізе бүктіргенін көр­генде, көңіліміз кәдімгідей марқайды. Сондай кереметтердің куәсі болған сәттерде барша Алаш жұрты бөріктерін аспанға атып қуанғаны да күні кешегідей көз алдымызда.

Келесі топта Өзбекстан, Грузия, Жапония және Венгрия құрамалары шеберлік байқасады. Бұл мемлекеттердің де балуандық өнерде  жеңіспен өрілген бай дәстүрлері бар. Оған ешкім шүбә келтіре алмайды. Нұр-Сұлтандағы додада жеңіп алған жүлделер саны жағынан грузиндер мен жапондар жалпы командалық есепте тек Ресейді ғана алға жіберіп, екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. Олар қос алтын мен жалқы күмісті қанжығаларына байлады. Мажарстанның балуандары жүлделердің толық жиынтығына иелік етті. Яғни, бір алтын, бір күміс және бір қола медаль алды. Өзбектер де үш жүлдені қоржынға салды. «Ала тақиялы» ағайындарымыз бір күміс пен қос қоланы еншіледі.

Тегерандағы жарыстың топтық бәсекелері 28 қарашада өтеді. Біздің жігіттер алғашында Куба құрамасымен күш сынасса, одан кейін Ресей және Иран балуандарымен бәсекеге түседі. 29 қарашада Әлем кубогының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталады.