Аймақтар • 18 Қараша, 2019

Ойқала оғланы

208 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Иван Куликов бар-жоғы екінші сыныпта ғана оқиды. Бірақ шынашақтай болғанына қарамастан, лего ойындарға деген қызығушылығы ересен.

Ойқала оғланы

Оның қала мектептерінің арасында өткен ғылыми жобалар сайысында ең үздік атанғанына еш таңғалуға бол­­майды. Ұлының тех­ни­­каға деген ерекше икем­ді­лігін байқаған ата-ана­­сы үш жа­сынан бас­тап үйір­меге жаз­дыртқан. Со­дан лего ойынына деген әуестілігі хоббиға ұласып, кейін роботтехниканы таң­дап алған. Өзі тұратын ме­кенжай аумағында тарихи маңызға толы нысандардың бар екенін білген ол осы та­­қы­рыпты тереңірек та­нып, «ле­го тілінде сөй­летуді» ұйғар­ған.

«Қасымов мешіті елі­міз бойынша тастан қалан­ған әрі ең көне ғиба­дат­ха­налардың бірі екенін естіп, неге уақыт үрдісіне орай жаң­­ғыртпасқа деген ой келді. Есіл өзені арқылы өтетін көпір, Заречный кенті, қала және саяжайлармен байланыстыра отырып, кешенді түрде көрсетуге ұмтылдым. Ізденісім жаман шықпаған сияқты. Әрине, жетілдіретін тұстары бар. Оны ішім сезеді. Келешекте бұдан да күр­делендіре түс­пекпін», дейді № 14 мектептің оқушысы.

Оның «Ойқалалего ба­ғыты» атты ғылыми жоба­сы «Өлкетану» аталымы бойынша ең үздік деп та­нылған. Ендігі ойы – облыс орталығының шеткері аума­­ғында орналасқан Ой­қа­ла шағын ауданына қа­тыс­ты басқа да көрікті жер­лерді бейнелеу. Оған «Ой­қа­ланың жеті керметі» деген ат та тауып қойыпты. Дұрыс кү­тім жоқтығынан түп­нұсқасы сақт­алмаған болмаса қираудың аз-ақ алдында тұрған тарихи ғимараттарды бұрынғы қал­пына келтіру мақ­сатымен қа­жетті дерек­терді жинастырып, ауданның шағын картасын жасауға кі­рісіп кеткен.

Бұл тақырып Ваняның сы­ныптасы Евгения Разо­нае­ваны да ерекше ын­тықтырыпты. Осы се­беп­ті болар, ғылыми жо­басын қатпар-қатпар тарихын ішіне бүккен кентті зерт­теу­ге арнап, «Ойқала – менің кіші Отаным» жоба­сын ұсы­ныпты. Жобаны таң­дағанға дейін Ойқала жайлы ештеңе білмейтінмін. Бір ғана әу­лие Петр мен Павел апос­тол­да­рының шіркеуінің өзі неге тұ­рады?» дейді ол туған жер жайлы толғана сөйлеп.

Осы білім ордасында жас өрендердің талабына, талпынысына қозғау салатын, ойларын ұштайтын, іргелі ізденістерге жетелейтін үйір­мелер тұрақты жұ­мыс істейді. Солардың бірі «Оқу­шылардың денсаулығына ықпал ететін мектеп» деп аталады. Бірегей жоба экспериментке негізделгенімен, сала­матты өмір салтын орнық­ты­ру­дағы маңызы өлшеусіз болмақ. Мектеп директоры Антонина Сачкованың айтуына қарағанда, бағдарламаны жүзеге асыру барысында спорттқа деген белсенділік, физикалық жүктеме, дұрыс тамақтану, психологиялық ахуал ерекше ескеріледі. Пай­­далы бағыттардың бірі ретінде артық салмақтан арылу жайы да қарастырылған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы